Перғауындық әспеттеуден – активтерден арылуға дейінгі Назарбаев

1012
Adyrna.kz Telegram

2019 жылдың 19 наурызы күні сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын мәлімдеді. Елді 30 жылға жуық ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған басшының биліктен кететінін көпшілік күткен жоқ. Экс-президент биліктен кеткеннен кейінгі соңғы 5 жылда елде не өзгерді?

АСТАНА – НҰР-СҰЛТАН – АСТАНА

2019 жылы наурыздың 20-сы күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі өтіп, ол мемлекет басшысы ретінде қызметіне кірісті. Аталған жиында су жаңа президенттің ең бірінші қабылдаған шешімі Астананы тұңғыш президенттің құрметіне орай «Нұр-Сұлтан» деп өзгертіп, облыс орталықтарындағы басты көшелердің атын Назарбаевқа тарту етті. Арада бірнеше күн өткенде яғни 23 наурызда президент Астана қаласының атын "Нұр-Сұлтан" деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.

Бұл бастамаға азаматтар наразы болып, өзінің қарсылығын білдірді. Бірақ билік оған құлақ аспай, өз дегенін жасады. Осыған наразылықтың белгісі болар көпшілік қауым елорданы ресми атын айтпай, бұрынғыдай Астана деп жүрді.

КОРОНАВИРУС АСҚЫНҒАНДА – НАЗАРБАЕВ ҮШІН ОТ ШАШУ

2020 жылдың 3 сәуір күні яғни экс-президенттің 80 жылдығына орай елордадағы Ұлттық қорғаныс университетіне Нұрсұлтан Назарбаевтың монументі ашылды. Коронавирус инфекциясы асқынып тұрған шақ болғандықтан бұл жиынға президент Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Қазақстанның Қарулы күштері тұңғыш президенттің жарлығымен құрылғандықтан, монументтің Ұлттық қорғаныс университетінде орнатылуының символдық мәні зор екенін айтты.

"Тұрақтылық пен татулық, береке мен бірлік – Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі. Кез келген мемлекеттің тарихында өшпес із қалдырған бірегей тұлғалар бар. Олардың сіңірген еңбегін бағалай білу және жан-жақты дәріптеу – өскелең ұрпақтың парызы", – деді Тоқаев.

Ал сол жылы коронавирус індетінен жүздеген адам қайтыс болып жатқанда Астана қаласы әкімдігі 6 шілде, Назарбаев 80 жасқа толған күні от шашу ұйымдастырды. Бұл әлеуметтік желіде қатты сыналды.

БІР ЖЫЛДАН КЕЙІН ТАҒЫ БІР ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

2021 жылдың 3 шілдесі күні экс-президентке арналған кезекті ескерткіш ашылды. Ескерткіш елорданың Әлихан Бөкейхан мен Керей, Жәнібек хандар көшелерінің қиылысындағы саябақта орналасқан.

Ескерткішті өзі барып ашқан Президент жыл сайын Елорда күні қарсаңында қаланың рухани келбетін көркейте түсетін жаңа кешендер ашылатынын атап өтті. Мысалы, Президент оған дейін Елбасы кітапханасы музейінің бой көтергенін және оның  алдынан ашылған саябақ қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орнына айналғанын айтты.

АССАМБЛЕЯДАН КЕТСЕ ДЕ, «НҰР ОТАНДЫ» ҚИМАДЫ

2021 жылдың 28 сәуірі күні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағалығынан кетіп, оның орнын Қасым-Жомарт Тоқаев басты.

«Ассамблеяның барлық мүшесіне мені осы уақытқа дейін қолдағаны үшін алғыс айтамын. Бұл мен үшін маңызды болды.  Маған ҚХА-ны өмір бойы басқару құқығы берілгені белгілі. Мен әрдайым сіздермен біргемін және одан бас тартпаймын. Бұл ретте еліміздің Президентіне бірқатар өкілеттік берілген.  Яғни, барлық мәселені бір адам шешуі тиіс.  Мен ҚХА-ны басқару құқығын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруге шешім қабылдадым», - деген Нұрсұлтан Назарбаев.

Экс-президент құзыреті аса ықпалды емес ҚХА басшылығынан кеткенімен Қауіпсіздік кеңесі мен «Нұр Отан» партиясының төрағасы қызметін сақтап қалды. Осы жылдың 23 қараша күні "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесі отырысында Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағалығын Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын айтты. Әйтсе де ол билік партиясын қай уақытта президенттің қолына ұстататынын нақты айтпады.

ГАЗ БАҒАСЫНАН ШЫҚҚАН НАРАЗЫЛЫҚ

2021 жылы Тәуелсіздік күніне байланысты өткен салтанатты жиында Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президентке құрмет көрсетіп, оның Тәуелсіздікке сіңірген еңбегін айрықша бағалады. Әйтсе де қос тұлғаның арасындағы салқындық бары жыл соңындағы Санкт-Петербург сапарында байқалып қалды.

Желтоқсанның 28 күні Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі бейресми кездесуіне қатысу үшін Санкт-Петербургке жұмыс сапарымен барады. Осы сапарда еліміздің бірінші президентінің қазіргі президентке салқын қарағаны туралы видео әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Сарапшылар қос тұлғаның арасындағы қайшылық Санкт-Петербургте шарықтау шегіне жеткенін айтады.

Осы сапардан кейін арада 4-5 күн өткенде Маңғыстау облысында газдың бағасы шарықтап, халық наразылыққа шықты. Батыстан басталған наразылықтың оты тұтас елді шарпып, Қаңтар оқиғасына ұласты. Бұл кезде Ресейден келген Назарбаев Алматы таңындағы резиденциясының бірінде тынығып жатқан. Ал жарты айда екі рет өскен газ бағасын арзандатуды сұраған халықтың наразылығы саяси талапқа айналып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Талдықорған қаласындағы ескерткішін құлатумен аяқталды. Өкінішке қарай Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тауып, жүздеген адам ауыр жарақат алды. Бұл Тәуелсіз Қазақ елі тарихында бұрын соңды болмаған трагедия болатын.

Қаңтар дүрбелеңі кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын бір демде қолға алып, кейін «Нұр Отан» партиясының басшылығына келді. Осылайша билік Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан Тоқаевқа толыққанды өтті.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ДЕПУТАТТАРЫ ОҒАН ҚАРСЫ ДАУЫС БЕРДІ

Қаңтар оқиғасынан кейін экс-президенттің есімі аз айтылып, оны жылдар бойы мақтап келген азаматтар сынай бастады. Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен оның әйелі сотталып, отбасына қатысты тұлғаларға тықыр таянды. Ең бастысы елде Назарбаевтың жеке басына табыну тоқтап, керісінше одан арылу жұмыстарын басталып кетті.

Мәселен 2022 жылдың 17 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласы қайтадан Астанаға ауысты. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының елордасы – Нұр-Сұлтан қаласының атауын Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы деп өзгерту туралы» Жарлыққа қол қойды.

Әу баста елорданың Нұр-Сұлтан атануын қолдап, дауыс берген Мәжіліс депутатары 3 жыл 6 айдан кейін Астана атуын жақтап шықты.  Міне, осы депутаттар 2023 жылдың 11 қаңтар күні «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заң күшін жойды.

ҒАЙЫП БОЛҒАН ЕСКЕРТКІШТЕР

Наразы халық Талдықорғандағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатқан соң елде экс-президенттің екі ескерткіші көзден таса болды. Биыл 12 қаңтар күні Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық қорғаныс университетіндегі монументі алынып тасталды. Экс-президенттің қоймада шаң басып жатқаны ескерткіші әлеуметтік желіде кең тарап кетті.

Бұл ескерткішті Қасым-Жомарт Тоқаев экс-президенттің 80 жылдығына орай ашып, өзі сөз сөйлеген болатын. Мемлекет басшысы «символдық мәні зор» деп бағалаған ескерткіштің арада 4 жыл өтпей тұғырдан таяуы қызық болды.

Осы ескерткіштен кейін арада 19 күн өткенде, яғни ақпанның 1 күні Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Ұлттық музейге қойылған ескерткіші көзден таса болды. Музейдің баспасөз хатшысы ескерткіш алынғанын және оның қазір қоймада тұрғанын мәлімдеді.

Осы аралықта Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті Алматы метросындағы "Алмалы" станциясының қабырғасынан алынып тасталды. Бір сөзбен айтқанда елімізде 30 жыл бойы дәріптелген тұлғаға қатысты тосын жаңалық жиі болып жатыр. Бастысы Назарбаев кезінде қолды болған активтерді қайтару қолға алынды.

Бірақ соған қарамастан экс-президентке қатысты дүниелер әлі де өте көп. Астандағы халықаралық әуежайдан бастап, университет пен мектеп және саябақ секілді әр түрлі нысандар Нұрсұлтан Назарбаевтың атында. Бұл аз десеңіз Астана, Алматы, Түркістан қаласында экс-президенттің еңселі ескеркіші мен облыс орталықтарында Нұрсұлтан Назарбаевтың атындағы қаншама даңғылдар бар?!

«ҚАМЫҚПАЙТЫН» НАЗАРБАЕВ ІЗІМ-ҒАЙЫМ КӨРІНБЕЙ КЕТТІ

Өткен жылдың желтоқсан айында Нұрсұлтан Наазарбаев өте белсенді болды. Мәселен, ол президент күні қарсаңында «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты мемуарын жазып, көпшілікке ұсынды. Аталған еңбекте экс-президент Әсел Исабаевадан Тауман және Байкен деген екі ұлы бар екенін ресми түрде мәлімдейді.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күні қарсаңында Мәскеуге аттанып, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 20 желтоқсан күні Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей басшысымен кездескенін мәлімдеді.

Бір қызығы экс-президент Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтамады.

Содан бір ай бұрын яғни 18 қараша күні Нұрсұлтан Назарбаев туған бауыры Болат Әбішұлының қазасына байланысты Астанада ас берді. Аталған аста ол «Мен ештеңеден қамықпаймын, ештеңеден жалықпаймын. Ешқандай сөз маған тимейді. Себебі бұл мәселе біздің ұрпақтың емес, тарихтың мәселесі. Тарих өзінің айтатынын айтады. Сондықтан оның бәріне байсалды түрде қараймын» дегеннен бері көп көзіне шалынбады.

Назерке Сандыбекқызы

 

 

 

Пікірлер
Басқа материалдар