Ақордадан кеткен 5 жылда экс-президенттің “құрметті төрағалығы” да ұмытылды

2144
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – Қазақстанды 30 жыл басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кеткеніне 5 жыл толды.

2019 жылы 19 наурызда Астана уақытымен сағат 19:00-де Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын мәлімдеген еді.

"Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілетімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл ­- оңай шешім емес" деген болатын.

Ал сайлауға дейін уақытша президент қызметін парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқарды. Сенат төрағасы Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева болды.

НАЗАРБАЕВ БИЛІКТЕН КЕТКЕНГЕ ДЕЙІН...

Тарихта Назарбаев посткеңестің кеңістіктегі биліктен өз еркімен кеткен алғашқы Орталық Азия көшбасшысының бірі болып қалды. Дегенмен, Назарбаевтың биліктен кетуіне не себеп болды?

2019 жылдың ақпанында елордадағы бес қыздың өлімі жұрттың қабырғасын қайыстырмай қоймады. Жантүршігерлік оқиға Көктал-1 тұрғын үй алабындағы Шыңғыстау көшесінде орналасқан "времянкада" болған. Мұнда 3 ақпаннан 4-іне қараған түні өрт шығып, үй ішінен бес қыздың өлі денесі табылды. Қыздардың ата-анасына Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты. Алайда, балалалардың өлімі қоғамда қызу талқыға түсті. Қайғылы оқиғадан соң республикада балалардың құқығын қорғау жөнінде кеңес құрылды. Қазақстанның бірнеше өңіріндегі қалаларда жүздеген көп балалы ана мемлекеттен әлеуметтік қолдауды күшейтуді, жәрдемақы көлемін өсіруді, тұрғын үй мәселесін шешуді талап етіп, наразылық білдірді. Нәтижесінде билік бірқатар жеңілдік жасап, әлеуметтік көмек көрсету өлшемдерін қайта қарады.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысындағы мұнай өндіретін моноқала - Жаңаөзенде ақпан-наурыз айларында жүздеген тұрғын билікке жұмыспен қамту туралы талап қойды.

Осындай қоғам қысымынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев билікті Тоқаевқа табыстап, өзі Қауіпсіздік кеңесінің өмірбақи төрағасы және бірқатар деңгейдегі «құрметті төраға» статусына ие болып отыра берді.

ҚОС БИЛІК ПЕ, ҚИМАСТЫҚ ПА?

2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, сол сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.

Президенттік қызметтен кеткеніне қарамастан Назарбаев ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, биліктегі "Нұр Отан" (қазіргі AMANAT)   партиясының жетекшісі, өзін заң жүзінде қудалаудан қорғайтын, дүние-мүлкіне қол сұғылмауына кепілдік беретін "ұлт көшбасшысы - елбасы" мәртебесінің иегері ретінде бұрынғыша біраз билікті қолында ұстап отырды.

Дәл сол жылы наурыз айында Тоқаев Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл да халық наразылығын туғызды.

Тоқаев сайланғаннан кейін көпшілік арасында «Қазақстанда қос билік бар» деген әңгіме тарады. Яғни, қоғамда Назарбаев президенттіктен кеткенімен, билікті тұтастай Тоқаевқа бермегенін, жаңа президентке барлық өкілеттілікті тапсырмағаны жиі айтыла бастады.

Тіпті, Назарбаев Тоқаевпен бірге аймақтық ұйымдардың жиынына қатысты.

2019 жылы қарашаның 29-ында Өзбекстанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының екінші консультативтік кездесуі деп аталатын саммит болды. Аталған жиынға жаңадан сайланған президент Тоқаев емес, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Бұл сапар қос билік жайлы күдікті қоюлата түсті.

Биліктен кеткеннен кейін Назарбаев бірнеше рет шетелге ресми сапармен барды. 2019 жылы қазанның ортасында ол Әзірбайжан астанасында өткен Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің саммитіне қатысты. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі (Түркі кеңесі) елдерінің басшылары Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның ұсынысы бойынша Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ұйымның құрметті төрағасы мәртебесін өмір бойына беру туралы шешім қабылдады.

Сол жылы қазанның 21-і күні Жапония императоры Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысқан шетелдік лауазымды қонақтар арасында Назарбаев та болды. Экс-президентінің баспасөз хатшысы Назарбаев "Жапония үкіметінің шақыруы бойынша" барды деп хабарлады. Сәуір айында Назарбаев Пекинде өткен "Бір белдеу – бір жол" форумына қатысып, Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездесті. Осылайша, «құрметті төраға» атауына ие болып, билікті екінші жақтан басқара берді.

Кейін өзі төрағалық еткен орындарды Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстап, ел көзінен біртіндеп жоғала бастады.

КЕЗДЕСПЕЙ КЕТКЕН БІР БЕЙНЕ

2021 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының жиналысында Қазақстан халқы ассамблеясын 1995 жылдан бері басқарып келе жатқанына тоқталып, өзінің төрағалықтан кететінін айтып, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңа басшы ретінде таныстырды.

2021 жылдың 28 қаңтарында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XXI съезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы болып сайланды.

2022 жылдың Қаңтар оқиғасы кезінде, 6 қаңтарда Тоқаев үндеу жариялап, бір демде Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолға алғанын мәлімдеді.

Артынша, 2022 жылдың 27 қаңтарында Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынды. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясына өмір бойы төрағалық ету құқығының күшін жою мақұлданды.

2022 жылдың 7 ақпанында Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президенттің Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясына өмір бойы төрағалық ету құқығын жоятын құжатқа қол қойды. Бұдан былай ҚХА мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы тұлғаға қарай емес, қызметіне қарай Президентке тиесілі болатын болды.

2023 жылдың 12 қаңтарында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев «құрметті сенатор» атағынан айырылды.

2022 жылдың маусымында Қазақстанда республикалық жалпыұлттық референдум өтті. Референдумнан кейін Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілді. Оның ішінде халық Елбасы туралы баптарды алып тастау туралы ұсынысты қолдады. Референдумнан кейін 2012 жылдан бері тойланып келе жатқан 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні алынып тасталды.

2023 жылдың 15 ақпанында Мемлекет басшысы «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заңға қол қойды.

Елбасы туралы заң күшін жойғаннан кейін Назарбаевтың сайты өз адресін өзгертті. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайты осы кезге дейін elbasy.kz аталып келсе, кейіннен nazarbayev.kz деген доменге ие болды.

Осы оқиғадан кейін экс-президент наурыз айының 19-ы күні халық алдында алғаш рет төбе көрсетті. Ол «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры ғимаратында Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында дауыс берді. Дауыс беру рәсімінен кейін барша қазақстандықтарды Әз-Наурыз мерекесімен де құттықтады.

2023 жылы 10 маусымда Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде өз командасында болған Бердібек Сапарбаевтың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Сол күннің ертесінде Абай облысындағы өрттен қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасына көңіл білдірді.

Сондай-ақ, Астананы өзінің жеке туындысы немесе перзентіндей көретін Назарбаев 4 шілдеде өткен “Астана форумында” да көрінбеді.

Осылайша, халық алдында төбе көрсетпеген Назарбаевтың «құрметті төрағалығы» да ұмтыла бастады. Назарбаев бұдан кейін өзі салдырды дейтін ел астанасындағы зәулім мешітте бірнеше мәрте көрініп,  атышулы інісі Болат Назарбаевтың қазасы тұсында көпшілік алдына шықты да, соңынан жым болды.

«ЗЕЙНЕТКЕР ДЕМАЛУ КЕРЕК»

Көрінбей де, кездеспей де кеткен Назарбаев туралы саясаттанушы, қоғам белсендісі, күрескер Дос Көшім былай дейді:

- Назарбаев зейнетке кетті. Зейнетке кеткенен кейін қарапайым зейнеткер есебінде демалу керек. Әрине, қанша жыл билікте болғаннан кейін әртүрлі аудиторияға «құрметті спикер», «құрметті қатысушы», «тойдың генералы» болып жүргенді жақсы көреді. Ол биліктегі адамдардың ауруы, бір жағынан пендешілік деп айтсақ болады. Бірақ 2019 жылдың сәуірінен бастап, Назарбаевты мен биліктен толығымен кеткен адам деп есептеймін. Одан кейін барлық жұмысқа, мемлекеттік істерге Тоқаев жауапты. Сондықтан Назарбаевтың кейбір жерлерде көрінуіне «оның сырттан бақылап тұр, билікті қолында ұстап тұр» деген пікірді қолдамаймын. Мұның бәрі Тоқаевтың атқарып жатқан жұмыстарын ақтау үшін жасалған әрекет. Сол бағыттағы жүргізіліп отырған мемлекеттің идеологиясы. «Тоқаев бәрін жасағысы келеді, бірақ Назарбаев әлі де болса, билікті ұстап отыр» деген – миф. Бұл – Тоқаевты ақтау үшін жасалған. Тоқаев Қаңтарға да, 2019 жылдан бастап, барлық жасалып жатқан жұмыстардың жақсысына да, жаманына да жауап береді. Ал Назарбаев 2019 жылдан бастап, мен үшін жоқ», - деді саясаткер «Адырна» тілшісіне берген пікірінде.

Сондай-ақ, Дос Көшім Назарбаевтың кейбір істерге араласуға құқығы бар екенін де айта кетті.

- Қарапайым зейнеткер есебінбе зейнеткерге сай жұмысын істей береді. Егер шақырып жатса, барады. Бірақ ол барса, оның артынан мыңдаған сөз ереді. Кей жерде төбе көрсетіп қоятын шығар. Оның бұған дейін істеген істерінің бәрін білеміз. Бірақ оны зерттейтін, тексеретін, оның кінәсін мойнына қоятын комиссия құратындай жағдай жоқ. Себебі, Тоқаев сайлауалды бағдарламасында “Назарбаев моделін әрі қарай жалғастырамын, сабақтастырамын” дегені бар. Сондықтан кей жерде оның да қатысуына құқығы бар», - деді саясаткер Дос Көшім.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна»ұлттық порталы

 

Пікірлер