"Бірақтан" кейінгі бірақ... Министрдің мәлімдемесі жаңа талқыға себеп болды

1065
Adyrna.kz Telegram

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елді шулатқан “Хабар” арнасындағы “Бірақ” бағдарламасына қатысты мәлімдеме жасап, оның жабылатыны туралы айтқан болатын. Ал әлеуметтік желіде министрдің мәлімдемесі талқыға себеп болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

13 наурыз күні “Хабар” телеарнасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы қозғалған “Бірақ” бағдарламасының шығарылымы қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аталмыш жағдайды назардан тыс қалдырмай, әлеуметтік желідегі парақшасына мәлімдеме жасады.

Ол теларнада болған жағдай үлкен сабақ болғанын атап, ток-шоудың жабылатынын жазды.

“Мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған мемлекеттік телеарна бұндай олқылыққа жол бермеуі тиіс еді. Ең алдымен, редакция барлық этикалық нормаларды сақтап, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол бермеуге, кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламау қажет еді.

Сондықтан телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады” делінді министр постында.

Министрдің осы мәлімдемесі әлеуметтік желіде талқы тудырып, қолданушылар өз пікірлерін ортаға салып жатыр.

Желі қолданушыларының бір бөлігі бағдарламаның жабылғанын қолдаса, енді бір бөлігі «Қалаулым», «Қосылайық», «Бір болайық» сынды бағдарламалардың да жабылуын талап етуде.

Сондай-ақ, желі қолданушыларының бірі: «Аталған ток-шоу жабыла салмай, осы бағдарламаны шығарған команда жауапқа тартылу керек. Енді әйелге келтірген моральдық стресске кім жауап береді? Енді ол әйелге жала жауып, психологсымақтарға қаратып, диагноз қойғызып, балаларды тартып алмайтынына кім кепіл?” деп жазды.

Пікірлер