"Сақтандыру емес, салықтың қосымша түрі". Депутат Елнұр Бейсенбаев МӘМС жүйесін сынады

729
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға бірқатар салалық мәселелерді атап, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Депутат қазіргі таңдағы қолданыстағы медициналық сақтандырудың моделі бірнеше нормаларға сәйкес келмейтінін айтты:

"Медициналық сақтандырудың қолданыстағы моделі экономиканың барлық қағидаттарына қайшы келеді, өз денсаулығы үшін дербес жауапкершілікті және емделуге дербес жинақтарды қамтымайды. Адам өз денсаулығына қалай қарайтынына қарамастан төлеуге міндетті болып шығады. Яғни, жаман әдеттері жоқ, спортпен шұғылданатын және аударымдарын емдеуге жұмсамайтындар денсаулығына мән бермейтіндер, темекі шегетіндер, ішетіндер және одан үнемі дәрі-дәрмектер мен дәрігерлерге ақша жұмсайтындармен бірдей төлеуі керек" деді Бейсенбаев.

Сондай-ақ, ол ерекше санаттағы адамдар тобына қатысты ынтымақты қағидат бойынша жұмыс істелуі керектігін қосты.

"Қарттарға, мүгедектерге және төтенше жағдайларға қатысты ынтымақты қағидат жұмыс істеуі керек екені түсінікті. Бірақ толыққанды адамдар денсаулығына жауап беруі керек. Ал әрбір жарна төлеушінің өз жарналарын өз бетінше билік етуге құқығы болуға тиіс. Әйтпесе, олардың едициналық көмекке жүгінбестен ай сайын Қорға төлейтін ақшасы  үшінші тұлғалардың медициналық қызметтерін төлеуге кетеді, сонымен қатар Қор оны өз қалауы бойынша пайдаланады. Ақиқатында, бұл сақтандыру емес, салықтың қосымша түрі" делінді депутат сауалында.

Елнұр Бейсенбаев сақтандыру сомасын көбейтпес бұрын аталмыш мәселелерді шешіп алу қажеттігін айтты.

"Бірақ салықтарды ашық түрде пайдалану керек, ал МӘМС қорының жұмысы – бұл бір үлкен жұмбақ және бір үлкен түбі жоқ «қара тесік». Мұндай жағдайларда алдыңғы жүздеген миллиардтардың қалай және неге жұмсалғанын түсінбей тұрып, қорға төлемдерді бес есе арттыру қоғам үшін тым қымбат және бизнеске шамадан тыс жүктеме болып табылады" деді ол.

МӘМС жүйесіне қатысты көзге көрінетін мәселелерді атай отырып, ол министрден:

"МӘМС төлемдерін арттырудан бас тарту; Медициналық сақтандыру жүйесін монополиясыздандыру және осы салада нарықтық және бәсекелестік тетіктерді енгізу; Азаматтардың сақтандыру ұйымдарындағы шоттарын ашықтық пен еріктілік негізінде дербестендіру; Әрбір нақты азаматтың денсаулық жағдайы мен өмір салтына байланысты сақтандыру сыйлықақыларын төлеу сомаларын айқындау әдістемесін әзірлеу; МӘМС сақтандыру және ынтымақтастық бөлімін бөлу" бойынша шешім қарастыруды сұрады.

 

 

Пікірлер