10 елде - 24 күдікті. Тәжікстандықтардың өзге елде лаңкестік әрекеттерінің саны көбейген

1746
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Тәжіктердің басқа елдерде жасаған лаңкестік әрекеттерінің саны көбейіп, мемлекет басшысының назарын аудартты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Азия плюске сілтеп.

Эмомали Рахмон наурызда қоғам өкілдерімен және дін қайраткерлерімен кездесуінде лаңкестердің мемлекет беделіне кір келтіріп жүргенін айтты.

Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, үш жылда әлемнің 10 елінде Тәжікстанның 24 азаматы лаңкестік әрекеттер жасаған. Одан бөлек көпшілік ішінде өз-өзін жарып жібергендер де бар.

Президент өз-өзіне қол жұмсау – ислам дінінің негіздеріне қайшы келетін күнә екенін еске салды.

10 жыл ішінде тәжік азаматтарының тарапынан экстремистік және террористік сипаттағы 6680 қылмыс анықталып, тіркелген.

«Тек 2023 жылдың өзінде заңсыз діни білім берудің 300 фактісі анықталып, балалардың, жасөспірімдер мен жастардың миын улау мақсатында 4100-ден астам адамның қатысуымен жиындардың өткені теріс ағымның күшейгенін көрсетеді», - деді Эмомали Рахмон.

Соңғы бір жылда тәжіктердің радикалды топтармен байланысы немесе лаңкестік әрекеттерге қатысы бар 10-ға жуық оқиға тіркелген.

Атап айтқанда, бұл Иран, Германия, Нидерланды, Қазақстан және басқа елдердегі шабуылдар мен жарылыстарға қатысты. Олардың кейбірі қамауға алынды, басқалары лаңкестік шабуылдарда қаза тапты.

Пікірлер