«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауына өтінім қабылдау басталды

845
Adyrna.kz Telegram

Мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп, шешу жолдарын ұсынған азаматтар  арасындағы бірегей байқауға өтінім қабылдау басталды.

Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен жыл сайын «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауына биыл кәсіби журналистермен қатар, әуесқой қаламгерлер мен шетел азаматтары да қатыса алды. Дәстүрлі байқауға 2024 жылдың 1 қаңтары мен 24 мамыр аралығында отандық және шетелдік БАҚ-та жарияланған материалдар қабылданады.

Он тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің дамуына, қолданыс аясының кеңеюіне және қазіргі мәселелерінің шешілуіне жол ашатын, қалың аудиторияға ой салатын ақпараттар легін арттыру және журналистерді ынталандыру.

Байқау материалдары екі номинация бойынша қабылданып, бағаланады:

  1. «Үздік мақала» (Түрлі жанрда мәтін форматында жарияланған баспасөз материалы. Мәселен, газет-журналда немесе сайттарда жарияланған  мақала, сұхбат, репортаж).

  2. «Үздік теле және радиобағдарлама»  (Журналистика принципіне сай электрондық және мультимедиалық формат өнімі. Мәселен, теле-радио бағдарлама, телесюжет немесе кэпшн-видео).

Ережеге сәйкес, бір автор екі материал жолдауы шарт. Тіркелу формасы:  https://docs.google.com/forms/d/1PUUerio7WqwJvzW4G_17cYZQA30H9z9HF5TvvlUUPn4/edit.

Ұсынылған материалдарға қойылатын талаптар:

  • тақырыпқа сәйкестік;

  • қамтылған ақпараттың өзектілігі, нақтылығы мен шынайылығы;

  • мәселені талдау тереңдігі;

  • материалды жеткізу шеберлігі;

  • журналистика принциптеріне сай келуі;

  • заманауи шешім жолдарын көрсетуі.

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауына өтінім 2024 жылдың 24 мамырына дейін (қоса алғанда) қабылданады. Марапаттау рәсімі маусым айында Астана қаласында өтеді.

Байқауға жолданған материалдарды кәсіби білікті мамандардан құрылған комиссия бағалап, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтайды. Байқаудың бас жүлде иегеріне 1 млн. теңге қаржылай сыйлық табысталады. Сондай-ақ  І орынға - 750 000 теңге, ІІ орынға – 500 000 теңге, ІІІ орын жүлдегерлеріне 300 000 теңге беріледі. Байқау ережесі мен толық ақпаратты tilalemi.kz сайтынан және @tilqazyna Инстаграм парақшасынан білуге болады.

Толық ережені сілтемеден оқыңыз.

 

Пікірлер