ҰҚК Ресей арнайы күштерінің 2 қазақстандықты мерт қылғанын растады

1051
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) арнайы жасақ жауынгерлері екі қазақстандықты атты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында Ресей Федерациясында теракт ұйымдастыру әрекеті кезінде екі Қазақстан азаматын ресейлік күш құрылымдарының жойғаны туралы ақпарат жарияланды. Ол адамдарда Қазақстан азаматтығы бар екендігі және бұл тұлғалардың Ресейге кеткені расталды. Бұл факті бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тексеру әрекеттестіктің қолданыстағы арналары аясында ресейлік ФҚҚ-мен тығыз байланыста жүргізілуде», - деді ҰҚК сенбіде.

Бұған дейін Ресей ФҚҚ арнайы жасағымен болған ықтимал атыста екі қазақстандықтың қаза тапқаны белгілі болған. Ресейдің арнайы қызметтері оларды Мәскеудегі синагогада теракт ұйымдастыруға әрекеттенді деп күдіктеніп, ер адамдарды «Вилаят Хорасан» тобының мүшелері («Ислам мемлекетінің» Ауғанстандағы  қанаты, Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйымның бөлімшесі) деп атады.

Пікірлер