Мәжіліс мұнарасынан қарағанда. Әйел құқығы қаншалықты қорғалған?

1714
Adyrna.kz Telegram

Парламенттің төменгі палатасының депутаттары әйел құқығы, адам құқығы мәселесіне қалай бағалайтынын айтады.

8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай Мәжіліс депутаттарынан «Қазақстанда жалпы әйелдердің құқығы қаншалықты қорғалған?» деп сұраған едік. Әйел депутаттар кемшілік көп екенін айтса, ер депутаттар «әйелдер құқығы жақсы қорғалған» деумен шектелді.

«ҰРЫП-СОҒУ ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКСПЕН РЕТТЕЛЕДІ»

Мәжілісте қаралып, сенатқа жолданған «Әйелқұқығы мен бала қауіпсіздігі» заң жобасының авторларының бірі Жұлдыз Сүлейменованың бұл тақырыпта айтары баршылық. Бірақ Мәжіліс депутаты әйелдердің құқығы енді қорғала бастағанын ескертті.

2023 жылғы статистикалық мәліметтерге қарайтын болсақ, зорлық-зомбылыққа шалдығып,  Ішкі істер департаменттеріне күніне 300-ден астам отбасылық жанжалдар бойынша өтініштер келіп түскен кездер болған. Бұл ресми статистика. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылыққа тартылған азаматтардың саны 53 мыңнан асады, Ал осы мәселе бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтардың саны 819. Бұл мәселеде, өздеріңізге белгілі, өткен аптада әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы Заң жобасын қабылдадық. Екінші оқылымда Сенатқа  жолдадық. Ол жерде әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстегі бұған дейінгі денсаулыққа қасақана зиян келтіру және ұрып-соғу баптары Қылмыстық Кодекске енгізілді. Сәйкесінше жаза Қылмыстық кодекспен реттелетін болды. Бұл екі бап 2017 жылдан бастап Қылмыстық Кодексте болды. Сәйкесінше бізде болып жатқан жандалдардың көбеюі, ұрып соғуға тап болған азаматтардың көбеюіне қатысты сарапшылар, құқық қорғаушылар, сонымен қатар заңгерлердің ұсыныстарының аясында шешім қабылданды, өзгерістер болды. 4 түрлі құқық бұзушылық бар: экономикалық, жыныстық, тұрмыстық, психологиялық. Қазіргі таңда рет-ретімен қорғалып келеді. Қазірдің өзінде әйелдердің құқығына байланысты, оның ішінде экономикалық мүмкіндіктердің кеңейтілуіне байланысты, саяси шешімдерге қатысуы мен ықпалын күшейтуге байланысты жыл сайын квота аясында заңнамалық шешімдер көтеріліп келеді, – дейді депутат Жұлдыз Сүйлейменова.

«СТАТИСТИКА МӘЗ ЕМЕС»

«Ауыл» партиясының Мәжілістегі өкілі Қарақат Әбден өзінің тек қана депутат емес, әйел, ана екенін айтты.

Бұл мәселе өте жақсы шешіліп келе жатыр деп есептеймін. Соңғы Заң жобасында әйелге жасалған зорлық-зомбылыққа қарсы қолданылатын шаралар қарастырылған.  Иә, әрине, қазіргі таңда статистика мәз емес. Зорлық зомбылықтан 60 әйел, 7 бала қайтыс болды. Бірақ алдыңғы жылдардан салыстырғанда динамика жақсы, – деді ол.

Журналистің «Өз құқығыңыз қаншалықты қорғалған?» деген сұрағына депутат «Құқығым толыққанды қорғалған.  Мен өзімді өзім қорғай аламын, себебі мен білімді адаммын. Заңды білемін» деп жауап берді.

«ӘЙЕЛ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛҒАН»

Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин қазір әйелдердің құқығын қорғау үшін арнайы заң қаралып жатқанын ескертті. Депутаттың айтуынша, осы заңда әйелдердің көп құқықтары қарастырылады. «Заң қазір қаралып жатыр. Бұған дейін әйел құқығы жақсы болса, қаралмас еді ғой» деген сұраққа депутат «Кейбір мәселелер бар. Сізге қандай жауап керек?» деп жауап берді.

Әйел құқығы туралы айтуға аса құлықты болмаған депутат «Бұл тақырыпты қатты білмеймін. Ауыл шаруашылығының маманымын» деп құтылды.

Сәрсенбі, яғни 6 наурыз күні ант қабылдап Мәжілістің жаңа депутаты болған Нұрсұлтан Байтілесов әріптесі Аян Зейнуллин секілді сөзге сараң болып шықты.

Қазір қаралып жатқан заң жобаларында бұл мәселе мүмкіндігінше тереңдетіліп қаралады деп ойлаймын. Жалпы бізде заңда көптеген нормалар бар. Бірақ өкінішке қарай қазіргі заман талаптарының өзгеруіне байланысты кейбір сәйкес емес жерлері бар. Соны алдағы уақытта қараймыз. Бірақ менің ойымша елімізде әйел құқығы қорғалған, – деді ол.

Депутат Тілектес Адамбеков те әріптестері айтқан сөзді қайталады. Яғни ол Мәжілісте әйелдердің құқығын қорғау бойынша Заң қарастырылып жатқанын, ол Заңда осы мәселе жан-жақты талқыланатын айтты. Журналистің «Бұған дейін әйел құқығы қорғалмай келген бе?» деген сауалына депутат «Қорғалған жоқ деп айта алмаймын. Қазіргі таңда өмірдің әртүрлі сұраныстарына байланысты заңға депутаттардың ұсыныстарымен өзгертулер енгізіп жатыр. Зорлық-зомбылыққа қатысты және екі адам ұрысқан кезде бір рет қана келісімге келе алатындығын айтуға болады» деп жауап берді.

Назерке Сандыбекқызы

 

 

Пікірлер