"Әйелдер құқығын қорғау — мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы"

916
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық аруларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

«Сұлулық пен үйлесімді айшықтайтын шуақты көктем мерекесінде біз барша асыл жандарға ерекше құрмет көрсетіп, ықылас-ілтипат білдіреміз.

Сіздер түрлі салада жемісті еңбек етіп, елімізді өркендетуге белсенді атсалысып келесіздер. Кез келген шаруаға жауапкершілікпен қарап, әрбір істің берекесін арттыруға ұйытқы болып жүрсіздер»,—деді ол.

Президент ұрпақ тәрбиесімен бірге қоғамға пайдалы жұмыстарды да қатар атқарып жүрген нәзікжандылардың аз емес екенін атап өтті.

«Ардақты аналар бүкіл саналы ғұмырын баласының болашағына арнап, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп отыр. Осы мәртебелі миссиясын кәсіби қызметімен және қоғамға пайдалы жұмыстармен бірге атқарып жүрген арулар да аз емес.

Әйелдерге жан-жақты жағдай жасау, олардың құқығын қорғау және отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы.

Еліміздің қыз-келіншектері жасампаздық қасиетімен қоғамның құндылықтар жүйесін жаңартуға және Әділетті Қазақстанды құруға өлшеусіз үлес қоса береді деп сенемін.

Көктем мерекесі көңілдеріңізге шаттық сыйласын!

Баршаңызға бақ-береке және толағай табыс тілеймін!»—деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шараға қатысып, «Ару-Ана» үздік әйелдер жобасы байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл жолы марапат түрлі салада әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып, азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосып жүрген қыз-келіншектерге алты номинация бойынша табыс етілді.

«Ару-Ана» байқауының жеңімпаздары:

«Ауыл әйелдерін дамытуға арналған үздік жоба» номинациясы бойынша – Елшібаева Бақытгүл Қазезбайқызы;

«Ғылым саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша – Шакуликова Гүлзада Тәңірбергенқызы;

«Азаматтық сана-сезімді дамыту бағытындағы үздік жоба» номинациясы бойынша – Ахмеджанова Әлия Серікболқызы;

«Ұлттық мәдени мұраны насихаттау бағытындағы үздік жоба» номинациясы бойынша – Михалёва Анастасия Анатольевна;

«Агробизнес саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша – Арқашбаева Ботагөз Махамбетқалиқызы;

 «Креативті индустрия саласындағы үздік жоба» номинациясы бойынша – Еділбекова Мәдина Еділбекқызы.

Пікірлер