Мемлекеттің мығым қалқаны – Қарулы күштер

421
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздікке қол жеткізген дара елде араға бір жыл салып, ұлттық Қарулы күштерді құру туралы Жарлық күшіне енді. Бүгінгі таңда Құрлық әскері, Әуе қорғаныс және Әскери-теңіз күштері деп 3 бірдей  құрылымдық әскер тұтас мемлекеттің тыныштығын күзетуде.  Бір сөзбен айтқанда Қарулы күштерді құру- тәуелсіз елдің қол жеткізген басты жеңісі.

Мұқым елдің амандығын арқалаған қорғаныс шебінің жұмысын жетілдіру жылдар бойы үздіксіз атқарылып келе жатқан ауқымды іс. Құрылғанынан бері 32 жылды артқа тастаған қазіргі ұлттық Қарулы күштердің қалпы әмбеге аян, оның қауқары да қарымды екені сөзсіз.  Әйткенмен, әскери сарапшылар әліде бұл бағытта атқарылар істердің ұшан-теңіз екенін алға тартуда.

«Бүгінгі әлемде халықаралық жағдай өте күрделі болып тұр. Осының салдарынан әлемде байқалатын жаңа беталыс пайда болды. Әр ел өз қорғаныс саласына қаражатты қомақты көлемде құйып, қару-жарақтарын көбейтіп және жаңартып жатыр. Дүниежүзінде  бүгінгі күні осындай тренд орын алуда. Сол себепті, біздің елдегі Қарулы күштерге аса терең реформа жүргізілуі тиіс деп санаймын», -дейді әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов.

Қорғаныстың әр қимылын қалт жібермейтін  сарапшының бұл сөздері әскери саланың әлеуетін арттыруға әлі де басымдық берілу керек деген ойға саяды.

Елдің басты қорғаны –Қарулы күштер. Сол себепті, оның заманауи сипатын анықтау, нормативтік-құқытық негізін қалыптастыру ел билігі алдындағы айқындалған міндет.

Әскери  саланың артықшылығы мен сарбаздарға артылған жауапкершілік жүгін жан-жақты жинақтап көрсететін бас құжат бар. Ол, әскери доктрина. Ең алғаш рет 1993 жылы қабылдаған бұл құжатқа заман талабына сай бірнеше мәрте өзгеріс енгізілді.

Жалпы, әскери доктрина ережелерінде мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыруды, оларды қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен қамтамасыз ету, қорғаныс өнеркәсібі базасын дамытуға айрықша мән берілген.   Ел мен жердің тыныштығын сақтайтын әскери саланың ең бір жібекке бергісіз нәзік, һәм жұқа саяси бағыты бар. Бұл, халықаралық әскери ынтымақтастық деп аталады.

Халықаралық әскери қарым-қатынас саласының құрамдас бөлігі саналатын бағытта елдерді біріктіретін бір ғана құрал - әскери мүдде. Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, халықаралық әскери ынтымақтастық құру, сол  елмен бірігіп өз еліңіздің қауыпсіздігін қамтамасыз етіп, сақтап қалу мақстанынан туады.

Бүгінгі таңда Қазақстан көп елдермен әскери ынтымақтастық орнатты.  Жалпы халықаралық әскери қарым-қатынасты жүргізудің саясатында бірнеше қағидасы бар. Әлемдегі елдер үш категорияға бөлінуі керек. Геостратегиялық региондар мен аймақтарға бөлініп, әлем картасында шекараларын болжап, сызып, белгілеп алуы қажет.   Бір сөзбен айтқанда, қажетсіз ынтымақтасқа уақыт пен ресурс жұмсалмайды, ал керекті ынтымақтас ұмытылмайды.

Әскери саланың әлеуеті айтылғанда,  заманауи армия туралы сөз қаузаған артық болмас.  Ел тұрғындары жаңа әскери буынға үмітпен қарайтыны жасырын емес. Тек олар әлі де  әскери ғылым мен тәжірбие жинақтауы қажет.  Заманға сай Қарулы күштер үш бөлшекті балқымайтын қорытпадан құралады. Біріншісі, заманға сай қару-жарақ, екіншісі сол қару-жарақты меңгергенде техникалық сипатамасының түбіне жететін әскери мамандар, үшіншісі, моральды, жауынгерлік психологиясы мықты және эластикалық қабілеті бар, жігері майысса да, сағы  сынбайтын отансүйгіш азаматтардан тұрады.  Заманауи армияның хәлі бір қалыпты. Бүгінгі қорғаныс саласының майталмандары даярлығы жоғары деңгейдегі қарулы күштер қатарындағы әскерилерді дайындап шығаруцға барын салып жүргені айтпаса да түсінікті. Өйткені, әскери өнері жоғары басшылар болса, қару-жарақты үнемді, тактика мен стратегия бағытында дұрыс қолдану  білетін Қарулы күштер қатарындағы әскери мамандар кез келген агрессорға күмәнсіз тойтарыс бере алады.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жоғары санатты, білікті сардарлар мүлде аз болды. Тұңғыш Президентіміз әр сарбазды жігерлендіре отырып, айбынды әскер құрды. Бүгінде біздің Күштік құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияны меңгерген. Олар кез келген қауіп-қатерге қарсы соққы бере алатын айбынды әрі мобильді күшке айналды»,-деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзінен, Қарулы күштер  мемлекеттің мызғымас тыныштығының кепілі екенін аңғару қиын емес. Мемлекеттің шаңырағын ұстап тұрған негізгі бағанасының бірі де осылар.  Әскери саланың ең асыл мұраты да, елді сыртқы қауіптен сақтау болып табылады.  «Жау жоқ деме - жар астында» деген қазақы тәмсілді ескерсек, қорғаныстағы қыран қанатты оғландарға мемлекет қашанда иек артады.

Пікірлер