ҚАЙРАН АРЫС...
Құдайсыз қару алса қуды ата ма,
Қуды атып дүниені шулата ма?
Аңқыған алқап еді қауын исі –
Ауылыңда не боп жатыр, Дулат аға!?
Дүние-ай, Арыс қайда, Арыс қайда,
Баянсыз бақыт бізден алыстай ма.
Тасыған көңіліме су сепкендей –
Басынан байтақ елдің бақ ұшпай ма?..
Жанымның жылғаларын жайлады ағыс,
Ақ құсым алқабымды аймалап ұш!
Қамшының сабы еді ғой қара орман жұрт –
Шәмшінің әні еді ғой, қайран Арыс!
Естілсе ер бабамның сазы алыстан,
Басынан ел емес ек базары ұшқан...
...Шерімді өлең саған тарқатайын –
Беліңді бекем буын, Қазақстан!
Білетін нар қадірін, бар қадірін,
Арысым, айналайын, арналы ұғым,
...Төзімнің төңкерілген қазаны едік –
Көзіңнің жасын сүртсін арда жырым.
Беу, Арыс,
Тілеуіңде бәрі сенің,
Шеменге айналмасын тағы шерім...
...Заман бол, бозторғайым – ұя салар –
Аман бол, Арыстағы арыс елім!
Ғалым Жайлыбай
ЖІГЕР
Туғызған ту ұстайтын талай ұлдар,
Армысың, Арыстағы ағайындар?!
Жарылыс жанымызды түршіктірді,
Зар шеккен бұл апаттан талайың бар!
Бұл апат – ортақ қайғы бар халыққа,
От жетпес жүректегі жанған отқа.
Ел барда, елін сүйер ерлер барда,
Асқақтап тұрар болар ар-намыста!
Алапат алау от та жанып тынар,
Алдында бейбіт елдің жарық тұрар.
Бір сәтте бәрімізді дүр сілкінткен –
Себебі бұл апаттың анықталар.
Болаттай берік болып болған іске,
Сан рет сұрапылды женбедік пе?!
Ел шеті тыныш болса, ырыс қонар,
Ешқашан ұранбаспыз кенделікке!
Ешқашан еңіремес құрыш жандар,
Ертең-ақ ататұғын тұнық таң бар.
Барлығың бар болыңдар, арыстықтар,
Барлығың ар болыңдар, туысқандар!
Әбубәкір Қайран
***
«Оқты көрдім тереземде жарылған,
Отты көрдім керегемде жағылған.
Көкті көрдім найзағайы шағылған,
Көпті көрдім жалаңаяқ сабылған.
Ана көрдім сəбиінен айырылған,
Бала көрдім құсалықтан қайғырған.
Ерді көрдім еңкейгенге қарасқан,
Елді көрдім ынтымағы жарасқан.
Көрген көзім жасқа толды,
Бұладым!
Жылап тұрып жұртқа амандық сұрадым!
Серік Сейтман
***
Қасірет келіп Арысыма,
Еңіреп елім жылаған.
Жан сауғалап көше бойы,
Қаңғып жүрген бір адам.
Бала- шаға жәутеңдесіп,
Әрбір жерде адасқан.
Бейбіт елге бір мезетте,
Төнгенін- ай қара аспан.
Жалын шарпып айналаны,
Отпен бірге оқ ұшты.
Есеңгіреп, барын тастап,
Қашқан халық жол үсті.
Көрінгенге перзенттерін,
Арқалатқан аналар!
Енді қайтіп, қалай, қайда,
Кімді барып паналар?
Бекер даттап, қаралама,
Жауынгерді жылаған!
Басқа түспей түсінбейді,
Түсінбейді- ау, сірә, адам.
Оңай ме еді, өліп кету,
Қимай- қимай жақынын?
Мен тіледім амандығын,
Сен жарадың, батырым!
Көзім жасын тия алмады,
Жанға қатты батқасын.
Аллам қайта көрсетпесін,
Жамандықтан сақтасын!
Кешегі күн сұрапыл күн,
Бүкіл Қазақ елі үшін.
Арыстағы бауырларға,
Көмек- қолдау берілсін!
Бұл бір ғана Арыс емес,
Баршамызға аза күн.
Сол үшін де бас көтеріп,
Жұмылайық, Қазағым!
Үміт отын жағайықшы,
Жәутеңдеген көздерге!
Күлкі болып қалмайықшы,
Қалмайықшы өзге елге!!!
***
Ұйықтатпады ішімдегі бір өлең,
Дүниенің жарығына асығып.
Өз өлкемнен Арыс асып кеткен бе,
Ойлар отыр бытыраңқы, шашылып?
Жыр елінің жиегіне сыймаған,
Ақын атты алыптарды түсіндім.
Түсі игіні жамандыққа қимаған,
Сол жиектің ішіндегі кісімін.
Оңашаны қара түннен табамын,
Қағаз-қалам-қалап алған серігім.
Кешір Алла, елім-айды жырлатқан,
Дүниеқор дүниеңнен жерідім...
Сәбилердің сипамадым шашынан,
Аналарын аңырап бір сағынған.
Аузымда емес, жүрегімде иманмен,
Жаратқаным жалғыз саған табынам!
Бақытқызы Нұржанат
Арыстың аспанында . . .
Арыстың аспанынан құс құлаған,
Қолдайгөр, құдыретті күшті ғалам.
Табиғатқа таңсығы жоқ дәріден,
Әпсәтте күлге айналып түсті қалам!
Арыстың асқарынан түн құлайды,
Қимасын жоғалтқандар тұнжырайды.
Қапыда отқа түскен ордамызға,
Иесі біз жыламай кім жылайды?!
Арыстың жағасында қыз жылайды,
Атомның аптабынан құм құлайды.
Көсем сөздің күйігін көрген көңіл,
Табыттың тасасында жыр құрайды!
Арыстың кеудесінде гүл қурайды,
су иесі, көл бетін сызғылайды.
Бақыттың балконында жатқан біреу,
Болашағым нұрлы деп былжырайды. . .
Арыстың аймағында күн зырлаған,
Тағдырға уақыт емші, сырды ұрлаған.
Алланың сүйген құлы ханға тілек,
Жалғассын тіршілігім сыңғырлаған !
Айнұр Оразбайқызы
***
Төбесі ашық қалған "оқ қорамның",
Аптабында даламның отқа орандым.
Алты арысым сергек бол – Алты алашым,
Бәрінен аман өткен көп "боранның".
Қайран менің қазағым, арманы көп,
Қайран менің тозағым, саңлауы жоқ.
Бес саланың сыздатты сай сүйегін,
Бес баланы жалмаған жалмауыз өрт.
Қайсар елім, жер еміп, малын баққан,
Дәуір мынау сақтан деп дабыл қаққан.
Бұл қазақтан қандай жау именеді,
Зеңбірегі далада жанып жатқан?!
Өзен, көл көкірегін өксік алған,
"Ертең, ерең, ертең" деп өтті жалған.
"Күн сөнгенше сөнбейік" деп жүргенде,
Күн көзін көрмей қалдық көк тұманнан.
Құдайым, күш-қуат бер Алашыма,
Алашым өртенуде ар отына.
Әлемде бізден ұлы халық жоқ-ау,
Сабырменен түсетін сабасына.
Көз жасынан жасалған өзеніңнің
Жағалауын жабығып кеземін мың.
Қағанатым ғаламат күнге жетер,
Өзегі аман болсын Өз елімнің!
Әділет Ахмет
"Адырна" ұлттық порталы