"Халқымыздың асыл қасиеттері қиын-қыстау кезде айқын көрінді". Президент Алғыс айту күнімен құттықтады

1153
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президенттің айтуынша, бұл мереке береке-бірлігімізді бекемдей түседі.

«Осы күні еліміздің азаматтары бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Сондай-ақ татулық, ынтымақ, достық сынды қастерлі құндылықтар жан-жақты дәріптеледі. Мұның бәрі ұлтты ұйыстырудың ұтымды жолы екені сөзсіз.

Халқымыздың уақыт сынынан өткен жанашырлық, қамқорлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттері, әсіресе қиын-қыстау кездерде айқын көрінді. Бүгінде мемлекетімізде ауқымды өзгерістер болып, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасалып жатыр. Осындай сындарлы сәтте елдік мүддені бәрінен биік қойып, ырыс-ынтымағымызды сақтау өте маңызды»,—деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағына сенетінін атап өтті.

«Біз озық ойлы ұлт ретінде көздеген барлық биік мақсаттарға қол жеткізетінімізге кәміл сенемін. Осы орайда тынымсыз тер төгіп, Қазақстанды көркейтуге өз үлесін қосып жүрген азаматтарға алғыс айтамын. Баршаңызға бақ-береке және мол игілік тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!»,—деп түйіндеді ол.

Алғыс айту күні 2017 жылы сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілді. Бұл мереке мынандай оқиғаларға негізделді. 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ал 2015 жылы Ассамблеяның 20 жылдығында Президент Назарбаев бұл күнді көптеген халықтар елге күштеп қоныстандырылған кезде төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін  қазақтарға алғыс білдіре алатын күні деп жариялауды ұсынған.

 

Пікірлер