Дене шынықтыру мен спортты дамытуға арналған алғашқы мемлекеттік бағдарлама 2007-2011 жылдары нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге бағытталды. Содан бері елімізде бұл сала қарқынды дамып келеді. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша республикада дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде 7 586 444 адам айналысатыны белгілі болды, бұл еліміздің 38,5 пайыз халқын құрайды. Ал мектеп институында жастар спортқа қалай бейімделеді? Осы туралы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Толқын орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, волейболдан республикалық, облыстық ұстаздар арасындағы спартакиада жүлдегері – Дидар Абденовпен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Дидар мырза, неліктен спорт саласын таңдадыңыз? Ұстаз болу өзіңізге ұнай ма?
- Қарапайым түрде жеткізсек, спортты бала күнімнен жақсы көремін. Өзім туып өскен Толқын ауылында (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы, Тескенсу селолық округына қарасты ауыл – журналист) кішкентей кезімнен спортқа жақын орта қалыптасқан болатын. Бала кезімізде ата-анамыз түрлі ұжымдық спорт жарыстарға қатысып, салауатты өмір салтына бейім болды. «Бала көргеніне әуес болады» деген рас. Бізде телефон болмады. Әлеуметтік желі жоқ. Ортамыз да сондай дамушы, спортқа құмар болды.
Ұстаздық жолым 2019 жылы басталды. Өте көп уақыт болмаса да, үлкен тәжірибе алып үлгердім. Балаларға дұрыс тәрбие беру, ұстаздық ету әрине ұнайды. Себебі волейбол спортын жаным сүйеді. Мектеп кезінен волейбол спортымен белсенді айналысамын. Қазірге дейін мұғалімдер арасындағы спартакиадаларға қатысып тұрамын. 2022 жылы Алматы облысы атынан командада ойнап республиканың күміс жүлдегері атандық. Ал 2019 жылдан бастап бүгінге дейін облыс чемпионы атағын бермей келеміз. Бірнеше жылғы тәжірибием мен спортты шынайы сүюім ұстаздық етуге желеу болып отыр. Сондықтан да, ешқашан тәрбие беруден, жол сілтеуден, болашақ еліміздің чемпиондарын дайындаудан жалықпақ емеспін.
- Қазақстанда волейболшыларға жағдай жасалған ба? Бұл саланың дамуы қалай өрбуде?
- Қазақстанда волейбол енді ғана қарқынды дамып келе жатыр. Жоғары лига және ұлттық лигада ойнайтын кәсіби волейболшылардың өзі аз жалақы алады. Мәселе осыдан шығады. Спорт – үлкен еңбектен тұратын сала. Қандай кішігірім жетістік болмасын, оның артында қыруар күш пен, төгілген толассыз тер тұратыны анық. Ал еңбек қашан да бағалануы керек.
Сондай-ақ, спорт жабдықтарының жетіспеушілігін байқап жатырмыз. Мектептерге, оның ішінде ауыл мектептеріне спорт жабдықтарына қанша қаражат бөлініп жатқаны белгісіз. Десе де, қазіргі таңда оқушыларымыздың қажетті құралдармен жабдықталуы бәсең дамып тұр. Көзінде жалыны бар балалардың жетіспеушілік көрмей, қажетті жабдықтарды пайдаланып, дамығанын, өзі сүйген спортпен еркін айналысқандарын қалаймын.
- Балалардың қай спорт түріне бейім екенін қалай бағдарлайсыз?
- Қазіргі таңда еліміздің атын әлемге танытып жүрген түрлі доданың дүлдүлдері, мықты спортшылардың көбі қарапайым ауылдан, біз секілді ұстаздардың оқытуынан шыққан жандар. Әлбетте біз де қазір өз мектебімізден түрлі чемпиондар шығатынына сенімдіміз. Ал олардың қай спортқа бейім екені, әуел бастан белгілі болады. Біз түрлі спорт түрімен айналыстырып, бағдарлап көреміз. Бірі футболға икемі болса, бірі волейболға, бірі үстел теннисіне тағысын-тағы белгілі бола береді. Сәйкесінше, алдын-ала жарыстарға дайындап, аудандық, аймақтық спорттық бәйгелерге қатыстырып шыңдай түсеміз. Қызығушылығын арттыра түсеміз. Солайша, жастарымыз өзінің сүйген ісіне қарай ұмтыла береді.
Физикалық қолдаудан бөлек, моральдық психологиялық қолдау да аса маңызды. Балаларға дұрыс білім беру – тек тақырыптарды түсіндіріп беріп, ойната беруден тұрмайды. Олардың өмірлік мақсатын дұрыс анықтауға, дұрыс армандауға, болашағын жоспарлауға, өзі ұнататын іспен айналысуға бейімдей білуіміз керек. Ол үшін олармен үнемі сырласып, қалауларын біліп, жол сілтеп отыруымыз қажет. Көп мұғалімдер осы нәрсені білсе деймін. Бала тек айтқанды үйреткенді ғана емес, көргенін қайталайды. Яғни, біз оларға үлгі болуымыз керек. Біздің жетістіктерімізге куә болып, жақсы әдеттерімізге әуес болуы тиіс.
- Алдағы уақытта кәсіби даму ойыңызда бар ма? Қандай жоспарларыңыз, мақсаттарыңыз бар?
- «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейді Хакім Абай. Балалардың назарын қазіргі замандағы түрлі пайдасыз желілерден гөрі спортқа бұруды жоспарлап жүрмін. Түрлі сабақтан тыс қосымша үйірмелер, спорттық өзара жарыстар жиі ұйымдастырып тұрамыз.
Ұстаз ретінде алдағы уақытта кәсіби курстар мен семинарларға қатысып өз білімімді дамытуды мақсат тұтамын.
- Оқушыларыңыздың жетістігі жайлы айтып берсеңіз. Қай спорт түрі Толқын орта мектебінде жақсы дамыған?
- Біздің мектепте балалар негізінен волейбол, үстел теннисі және шахмат ойындарына бейім. Үстел теннисінен аудан чемпиондары және облыстың қола жүлдегерлері бар.
Қазір алда болатын жарыстарға дайындық үстіндеміз. Болашақта өзге де жетістіктеріміз болатынына сенімдімін.
- Жауаптарыңызға рақмет!
Дина ЛИТПИН,
«Адырна» ұлттық порталы