Премьер-министр Астана агломерациясының негізгі мәселелеріне тоқталды

843
Adyrna.kz Telegram
Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов 2024 жылғы 27 ақпандағы Үкімет отырысында Астана агломерациясының негізгі проблемалары туралы айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.

Премьердің айтуынша, Астана агломерациясының негізгі проблемалары қала маңындағы халық санының күрт өсуі және елордаға күнделікті келіп-кететін адамдар легі болып отыр.

"Бұл Астана қаласының инфрақұрылымы мен экологиясына және қауіпсіздігіне түсетін жүктемені едәуір арттырады. Адамдар елордаға жақын маңда тұрғысы келеді. Оны түсінуге болады. Алайда, мұндай көші-қон еңбек нарығына әсерін тигізеді, облыста жұмыссыздықтың өсуіне ықпал етеді. Сондықтан, аталған мәселелерді шешу үшін ауқымды жұмыс істеуге тура келеді", - деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ ол қала маңындағы елді мекендерге тұрақты жұмыс орындарын ашу керектігін де атап өтті.

"Сондай-ақ 45 ауылдық елді-мекеннің әрқайсысына өзіндік экономикалық ерекшелік беру қажет. Сол кезде ауылдармен қатар, Астана қаласы да мал және өсімдік шаруашылығының, құрылыс индустриясының, сондай-ақ басқа да салалардың қажетті өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізе алады", - деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, осы мәселеге қатысты бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Астанаға күніне 200 мың адам жұмысқа келетінін мәлімдеген болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер