"Әкім болуды қаламайтын" блогер әкімшілік жазаға тартылды

1104
Adyrna.kz Telegram

Жетісу облысында ауыл әкімі креслосында видео түсірген блогерге әкімшілік жаза тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Белгілі болғандай, іс Талдықорған қаласының әкімшілік сотында қаралды.

Бұған дейін желіде блогердің әкім креслосында отырып алып, мемлекеттік жұмыс туралы сөз сөйлеген видеосы тараған болатын.

Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, видео 20 ақпан күні сағат 18:00 шамасында Қарабұлақ ауылында түсірілгені анықталды. Г. есімді азамат Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің кеңсесінде отырып, бейнежазбаға түсіріп, Instagram желісінде басқаларға құрметсіздік көрсеткен.

«Құқық бұзушылық – ұсақ бұзақылық полиция инспекторының құқық бұзушылықты тіркеу туралы хаттамасымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, процеске қатысушылардың жазбаша және ауызша түсініктемелерімен расталады. Сот отырысында ер адам өз кінәсі мен құқық бұзушылық жасағанын мойындап, соттан оны қатаң жазаламауды сұрады. Сот Г.-ға қатысты әкімшілік жазаны тағайындау кезінде кінәсін мойындау мен жасалған құқық бұзушылықтың сипатын ескере отырып, бұзақы 20 АЕК (73 мың 840 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға тартылды", - деп хабарлады облыстық Жетісу сотының баспасөз қызметі.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер