Толерантты болу мәдениеті

1732
Adyrna.kz Telegram

Дүние жүзінде 8 млрд адам өмір сүреді десек, олардың ұлты, діні, саяси көзқарасы мен ой-пікірлері әр түрлі болып келеді.

Толерантты болу дегеніміз басқа ұлт өкілдерін, өзге дінге сенетін жандарды, олардың көзқарасы мен өмірлік ұстанымы мен пікіріне қатысты бөліп жармай, сол күйінде қабылдап, қарым-қатынасты орнатуды білдіреді, себебі әр адам өз көзқарасын паш етуге құқылы!

Толерантты болу қазақ халқының табиғатынан бар ма, әлде бұл біздің үйренеріміз бе?

Мысалы, Батыс елдерімен салыстыратын болсақ  қарапайым резюмеде жеке тұлға өзінің суретін, туған жерін, туған күнін, жылын, тұрмыстық статусын көрсету міндетті емес, бұл жүйе заң тұрғысынан шектелген екен. Яғни жұмысқа орналасатын адам жұмыс тәжірибесімен бөліссе жеткілікті. Ал бізде қалай? Бізде бәрі керісінше. Жоғарыда жазылған көрсеткіштер резюмеде міндетті факторлар болып табылады. Бұл толеранттық деңгейін қалыптастырудың жарқын мысалы. Әр қоғамдық ортаның өзінің толеранттылығы болуы мүмкін. Мысалы авторитарлық елдердің толеранттылығы президентке, басқару жүйесіне және демократиялық жүйесіне байланысты адамның ұстанымдары болуы мүмкін. Сонымен бұл үрдіс жүре келе, өмірлік тәжірибелерге байланысты пайда болуы мүмкіндігі, табиғатынан пайда болу мүмкіндігіне қарағанда жоғары болып келеді.

Толерантты болудың қоғамға тигізер пайдасы қандай?

“Толеранттылық жоқ жерде, еркін қоғам бола алмайды”

Белгілі журналист Бэлла Орынтаеваның айтқан бұл сөздерінен мына нәрсені түйіп алуға болады:

Жалпы қоғамдық ортада адамдар бір-бірінің көзқарасына, өзіндік ұстанымына құрметпен қарамаса, яғни толеранттылық жоқ жерде адамдардың сыйысып, еркін өмір сүруі қиындай бермек! Толерантты болған және басқада көзқарастарды қабылдап, солармен бірге жұмыс істеп түсінісуге тырысқан компаниялар, қоғамдар, мемлекеттер қарыштап дамып жатыр. Егер заманауи мемлекет боламыз десек, этникалық қанға, руға, дінге,  туған жеріне байланысты кемсітушілікке, дискриминацияға жол бермеуіміз керек.

Адамдар неліктен толерантты бола алмайды?

Қазіргі қазақ қоғамының арасында  ұлты, діні, мәдениеті өзгеше адамдарды өзіне жау көретін адамдар жоқ емес. Мұндай жағдай неліктен орын алады? Қалыптасып қалған өзіндік ортасы, өмір сүру дағдысына да байланысты болуы мүмкін. Көбіне діни сенімдегі адамдар арасында да мұндай жайтты кездестіруге болады, яғни дінге қатты берілген адамдар өзге діннің ерекшеліктеріне жатырқай қарайтынын байқап жатамыз! Дәл осы сұраққа басқа қырынанда жауап беріп көрейік. Яғни азамат өсіп-жетілген ортасынан алшақтап шықпауы өз әсерін тигізбей қоймайды.  Басқа адамдармен араласып көрмеуі, адамның таным көкжиегінің кең болмауы бұның басты факторларының бірі. Әлемде ұлтаралық татулықтың салтанат құруы қоғам негізін құрайтын саяси мәдениеттің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі.

Бүгінгі күні әлемде 30 000 на астам діни ағым бар. Қалай болған күннің өзінде әрбір азамат өзінің жүрегіне жақын өз сеніміне сәйкес дінді ұстануға құқылы. Адамзат баласы бір-бірінің пікірін тыңдап үйренбеген жағдайда жер бетінде сансыз қақтығыстар мен қанды шайқастар белең алып кетер еді. Сұрапыл соғыстардың өзі діни қарама-қайшылықтан туындауы мүмкін.

Сайып келгенде, толеранттылық ұлтаралық келісім, бір-бірінің пікірін құрметтеуді білдіреді екен. Ал төзімділік қажеті жоқ жанжалды тудырмас үшін бейбітшілік пен келісімді сақтап қалу үшін біз толеранттылық ұғымын санамызға сіңіріп алуымыз керек! Өзімізге ұқсамайтын адамның бізбен тең, құқықтарының бірдей екенін естен шығармаған жөн!

Жүсіп Айгүл Мұратқызы

Пікірлер