Home » Айдарлар » Салт-дәстүр » ӘБУБӘКІР ҚАЙРАН: САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ ОҚЫТУЫМЫЗ КЕРЕК

ӘБУБӘКІР ҚАЙРАН: САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ ОҚЫТУЫМЫЗ КЕРЕК

Қырдың қызыл гүліндей қырмызы қыздарымыз бен жалаңа қылыштай жас жігіттерімізге өз ұлтымыздың салт-санасы мен әдет-ғұрпын әлі де болса сіңіре алмай келе жатқанымыз жанымызға батады. Өзбектердің «қазақ болам десең, алдымен орыс болып ал» деген әжуа сөзін еске алған сайын, отарлау саясатының осыншалықты төзгісіз екендігіне, тіпті көзің жете түседі, көңілің жабырқап, бұлдыр болашаққа үмітсіз көзбен қарағандай боласың. Ресей Империясы жерімізді жаулап, еліміздің еркіндігін жойса да, қазақтық қадыр-қасиетімізді сақтап тұрған салтымыз бен әдет-ғұрыптарымызға тискен жоқ еді ғой. Мәселен, қырғыздың ақ қалпағы мен өзбектің ала тақиясы олардың кім екендігін алыстан-ақ танытып тұрғанда, өзіміз қандай өзгешелігімізбен ерекшеленеміз деп намыстанып-ақ қаламыз.Ұлттық киімдерімізге сахнадағы әртістерімізге ғана тән киім ретінде қарайтынымыз соншалық, егер соның бірін әлдекім көшеге киіп шықса, аң көргендей ажырайып қарайтын да өзіміз. Ашығын айту керек, біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды жоюға, менсінбей қарауға, елеп-ескермеуге күні бүгінге дейін жан салып ұмтылып келе жатқан ұлтпыз. Бабаларымыз айтып кеткен «өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» деген сөзінен аттап өтіп, «өз ағасын ағаламаған – кісі ағасын жағалайды» дегендей, орысша жүріп, орысша тұрғанды жанымыз сүйеді, орысша сөйлеп қана қоймай, орысша боқтауды да көңіліміз қалайды. Біз ұлттық салт-сана мен дәстүрді, мінез құлықты, өзіміздің төл сипаттарымызды ұмытып бара жатқанымыз соншалық – қазаққа тән ерекшеліктеріміз күн сайын жоғалып бара жатқандай. Көңіл қойып қарасақ, қазақтың халықтық педагогикасында сәбиліктен қариялыққ дейінгі аралықтағы жас ерекшеліктеріне тән барлық кезеңдеп мұқият қамтылған.
Сәбилік шақ, балалық кез, жеткіншектік пен азаматтық, ересектік пен қариялық кезеңдердің барлығына икемделген даналық сөздер мен парасатты пайымдар, мақал-мәтелдер мен тәмсілдер қазақта жетіп артылады. Біз осы тараптан келе отырып, мектеп бағдарламасына қазақтың салт-дәстүрлерін сатылы түрде оқытатын, жан-жақты тиянақталған жеке бір пән болуы керек деп ойлаймыз. Білім министрлігінің назарына ілінсе, ізгі де игі істердің бірі сол болар еді.

 

“Адырна” ұлттық порталы
Әбубәкір Қайран
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері,
ақын

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Жақсы адам бір ай қонақ болса да жарасады

19 ғасырда қазақ даласында көп жылдар өмір сүрген поляк халқының азаттығы үшін күрескен революционер Адольф ...