АSYL NIET қоғамдық бірлестігі қайырымдылық аукционын өткізді

661
Adyrna.kz Telegram

17 ақпан – Халықаралық мейірімділік көрсету күні аясында АSYL NIET қоғамдық бірлестігі атаулы күнге орай қайырымдылық аукционын өткізді. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да, қоғамдық бірлестіктің бұл екінші мәрте өткізіп отырған қайырымдылық аукционы.

Аукционға танымал суретшілердің картиналары, сондай-ақ белгілі эксперт мамандардың арнайы курстарына арналған сертификаттар, брендтік ерекше бұйымдар ұсынылды. Аукционға қойылған заттардың ең төмені 200 мыңға өтсе, ең қымбаты 800 мыңға бағаланып, сол жерде сатылып кетті.

Бұл шарада тек қана аукцион емес, жәрмеңке базары да ұйымдастырылып,  қайырымдылыққа отандық дизайнерлердің әшекей бұйымдары, кәдесыйлар мен түрлі кітаптар сатылымға қойылды.

Шарада қайырымдылққа үлес қосушы қауымнан 5 млн-ға жуық қаражат жиналды.

Жиналған қаражат 3-топ мүгедегі, 3 баланың анасы, Самалдың тұрмыстық жағдайын жақсартуға жұмсалмақ. Самал бірнеше жылдан бері онкологиялық аурумен күресіп келе жатқан жан. Ол қазір Астана қаласында 30 000 теңге тұратын бөлмені жалға алып, отбасымен сол суық үйді паналап отыр. Денсаулығына байланысты толық қанды жұмысқа да жарамсыз. Көмекке мұқтаж жан.

Бүгінгі шарадан жиналған қаражатқа үй алу жоспарлануда.

Аукцион мен базардан жиналған барлық қаражат және де басқа да демеушілердің көмегімен Каримова Самалға көмек беріледі. Үй табу, алу барлық процесс біздің қоғамдық бірлестік тарапынан бақыланады, – деді АSYL NIET қоғамдық бірлестігінің мүшесі Жанар Сүлейменова.

Былтыр 17 ақпанда өткен дәл осындай шарада онкологиялық аурумен күресіп отырған, көпбалалы әйелдің отбасына, жатақханадан 1 бөлме жеке меншігіне алынған болатын.

Асылниеттестердің басты мақсаты – осындай ауыр жағдайға тап болған жанның бір ауыртпалығын болса да жеңілдетіп, оларға үміт отын сыйлау. Аталған қоғамдық бірлестік осындай қайырымдылық істерді өзінің дәстүріне айналдырып, қыз-келіншетерге қол ұшын созып, қоғамның тұрмысын түзеуге өз үлестерін қоса бермек.

 

Пікірлер