ТМД-дағы ең қатаң заң. Әйелдер мен балаларды қорғау шаралары күшейтілді

1735
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендерге және педофилдерге қатысты жаңа қатаң заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.  

«Кәмелетке толмаған баланы өлтіргені және педофилия үшін олар өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Мәжіліс әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобаларын Мәжіліс депутаттары мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірледі», - делінген сәрсенбі күні таратқан хабарламада.

Заңнамалық түзетулер 5 бағытты қамтиды. Аталмыш жобаны сәрсенбі күні Мәжіліс мінберінде депутат Жұлдыз Сүлейменова қорғады.

Біріншіден, қылмыстық жауапкершілік қалпына келтіріледі:

–денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – 200 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады;

– зорлық-зомбылық жасағаны үшін – 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 25 тәулікке дейін қамауға алу.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Бірақ осыған қарамастан, зорлық-зомбылықтың толастамауы әйелдердің құқығын қорғау, балалардың қауіпсіздігін сақтау заңнамасын қатаңдатумен бірге, қоғамда қылмысқа мүлдем төзбеушілік принципі, заң мен тәртіптің қатаң сақталуы дәріптеліп, насихатталуын қажет етеді. Сол кезде қабылданған заңдар сапалы орындалатын болады. Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық темірқазығына айналуға тиіс деп ойлаймын" деді Сүлейменова.

Пікірлер