Арыстағы ахуал қалай?

320

Айдың күннің аманында Арыс аспаны қақ айырылардай күй кешті. Қаланың шетіндегі әскери қару-жарақ қоймасынан шыққан өрт алапат жарылысқа ұласты. Мұның соңы 45 мың халқы бар бір қаланың босып кетуіне ұласты.

Біз де шұғыл түрде оқиға орнына аттандық. Алматыдан Шымкентке таң ата жеттік. Түске таман ғана келген журналистермен бірге Арыс қаласына кіруге рұқсат алдық. Таңертеңгі сағат 11-де өткен Қорғаныс Министрінің баспасөз мәслихаты өткенін тілшілер қауымы бесін ауа бір-ақ естіп жатты.

Хош, бүкіл елді тік тұрғызған қалаға да келіп кірдік. Кірді деген аты ғана, төрт бірдей блок посттан өту оңай емес. Қалаға кіре бергенімізде жолдың шетіндегі кішкентай балалардың қараусыз қалған бесік арбалары жүректі дір еткізді. Қайда келгенімізді терең сезінгендей болдық.

Қаланың ішінде әскер мен полиция ғана. Жергілікті бірен-саран тұрғындарды көрдік.

Қаланы ұлттық гвардияның 580 сарбазы мен 345 полиция қызметкері күзетіп тұр. "Біреу тойға айналғанда біреу қойға айналады" дегендей ұрлық жасаған  3 адам ұсталыпты.

Арыстағы жарылыстан кейін барлығы 165 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Олардың 89-ы ауруханада жатыр. Тоғыз адамның жағдайы ауыр. Дәрігерлер 76 адамға алғашқы көмек көрсетіп, жіберген. Бұл туралы 25 маусымда Нұр-Сұлтанда үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Қайтыс болғандар саны үшеу.

Қаланың іші тып-тыныш. Қорқынышты оқиғаның дәлеліндей өртенген үйлер мен дүкендердің шашылған әйнектері.

Оңғар Қабден

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер