Жақиянов өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалып жатқанын айтты

963
Adyrna.kz Telegram

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов Алматыда өзіне қатысты жаңа іс қозғалғанын хабарлады. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Осыған дейін Төлен Тоқтасынов екеуіміздің арамыздағы іскерлік даудың (оның бастамасымен) қоғамдық ортаға шығып, арты сот отырыстарына ұласқаны туралы жазғанмын.

Мәселенің қысқаша мән-жайы былай: бір кездері өз басындағы қарыздарымен қаржылық жауапкершілікті Тоқтасынов маған жүктеуге тырысты. Өкінішке қарай, оның бұл әрекетке баруына ұзақ жылғы достығымызды да кедергі бола алмады. Ол маған жала жабумен, азаматтық сотқа жүгінумен шектелмеді. Мәселен, 2022 жылы Моңғолия полициясына менің үстімнен арыз жазды. Құқық қорғау органдары барлық мән-жайды тексеріп, мені жауапқа тартуға негіз таппай, керісінше, Тоқтасыновтың өзіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Осыдан кейін ол Моңғолиядан кетуге мәжбүр болды. Қазір оған іздеу салынған”, деп жазды ол.

Сондай-ақ, Жақияновтың айтуынша, Қазақстан азаматтары арасындағы жеке дауға қала прокурорының араласуы мүмкін.

“Күні кеше тағы бір жайт естідім. Төлен Тоқтасынов былтыр Алматының Бостандық аудандық полициясына да дәл сондай арызбен жүгініпті. Ондағылар да менің іс-әрекетімде қылмыс құрамы болмауына байланысты маған қатысты іс қозғаудан бас тартады. Алайда биылғы жылдың 1 ақпанында Алматы қаласы прокуроры С.Кәріпбеков ол шешімінің күші жойылып, Тоқтасыновтың арызы бойынша тергеу басталғанын хабарлапты. Осылайша, «Жаңа әділетті Қазақстанда» маған қарсы жаңа қылмыстық іс қозғалды.

Қазақстан азаматтары арасындағы жеке дауға қала прокурорының араласуы кем дегенде күмән тудырады. Әсіресе, ҚР Бас Прокурорының прокуратура өкілдеріне іскерлік дауларға араласуға тыйым салатын ресми нұсқауы бар екенін ескерсек, бұл мүлдем ойға қонбайды.

Сондықтан осы істе не жемқорлық, не саяси астары бар деп санаймын. Екеуінің нақты қайсысы екенін алдағы уақыт көрсетер”, деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ғалымжан Жақиянов Төлен Тоқтасынов пен оның жұбайы Алма Тоқтасынованың үстінен бірнеше рет арыз түсіріп, сотта жеңіліс тапқан болатын. Ол туралы “Достар дауы” деген сериялы мақалалар жарияладық.

Сонымен қатар, Төлен Тоқтасыновтың “Адырна” ютуб арнасына берген сұхбатына Ғалымжан Жақиянов шағымданып, Алатау аудандық сотына талап-арызбен жүгінген болатын. Кезекті сот отырысы 26 ақпан күні болады.

Пікірлер