Дүниеден Құнан Кәріпбектей дәулескер күйші өтті...

1001
Adyrna.kz Telegram
Құнан Кәріпбек (оң жақта) және Саян Мұздыбай. Саян Мұздыбай ұсынған сурет.
Құнан Кәріпбек (оң жақта) және Саян Мұздыбай. Саян Мұздыбай ұсынған сурет.

Журналист Ермек Балташұлы ағамның парақшасынан оқыдым, дүниеден дәулескер күйші Құнан Кәріпбек өтіпті.

Шертпе күй өнерінің шыңы Тәттімбет күйлері десек, Құнан аға соның ел ішінде қалған ең соңғы өкілі еді. Олай дейтінім, Құнанның арғы атасы Тәттімбеттің өзінен өрнек алған күйші болса, оның бұл күйшілігі баласына дарып, одан оның ұлы Кәріпбекке жұғысты болып, Кәріпбектен оның баласы Құнанға (Қабдықұмар) мирас болған.

Демек, бұл тұқым Тәттімбет күйлерінің түпнұсқалығын сақтап, атадан балаға аманат қылумен күні бүгінге дейін қаз-қалпында жеткізген бірден-бір мұрагер әулет болып келген.

Құнан ағамен мен сонау тоқсаныншы жылдардан бастап, таныс-біліс болдым Бертін келе, бір-екі ән-күй кешіне шақырғаным да есімде қалыпты. Ал 2006 жылы облыстық телевидениеге алдырып, көп күйлерін аңыздарымен қоса жазып алып, эфир арқылы облыс жұртшылығына насихатталуына азды-көпті септігімді тигізгенім бар.

Құнан аға кейінгі жылдары Қарағандыға біржола көшіп келген соң, бұрынғыдай емес, жиі көрісіп әңгімелесуге мүмкіндік туып еді. Құнекең бала мінезді кісі еді. Әңгімелері де еріксіз езу тартқызатын – кіршіксіз таза болатын. Өзінің айтуынша, ол көп жылдар бойы Егіндібұлақ аудандық көркемөнерпаздар автоклубының көлік жүргізушісі боп істепті. "Көбінесе Егіндібұлақтың ауылдарын аралап концерт қоямыз. Өнерпаздар ән айтып, күй тартып жатады. Аяғына таман шалдар жағы шыдамай кетеді. "Әй, әлгі Құнан қайда жүр, сендердікі жетеді енді, кәні Құнан шығып, күй тартсын!", – деген дауыстар естіле бастайды. Концерт жүргізуші амалсыз мені шығарады. Содан Тәттімбеттің күйлерін тартамын. Үлкендер риза болысып, бір жасап қалады. Сөйтіп шопыр боп барып, күйші боп қайтушы едім – деп күлуші еді, жарықтық. – Қазір сол шалдар өлгелі елде күй тыңдайтын адам қалмай қалды ғой", – дейтін шарасыз үнмен.

Ол уақ әлі Қарағандыда тұратын кезім. Бір күні үйге Франциядан белгілі тарихшы, музыка зерттеуші Гзавье Алез келе қалды. Мәре-сәре боп жатырмыз. Дәм үстінде Гзавье Тәттімбет күйлерін диск етіп шығармақ ойы барын, менімен ақылдасқалы келгенін, мүмкіндік болса қол ұшымды беруімді өтінді. Мен оны біраз жайттардан хабардар ете келіп, Тәттімбеттің нағыз мирасқоры – Құнан күйшінің Қарағандыға көшіп келгенін, қазір осында тұрып жатқанын айттым. Гзавье – Құнан күйшіні бұрыннан білетін әрі оның өнерін жоғары бағалайтын. Содан Құнан ағамен хабарласып, Парижден өзін жазуға арнайы ғалымның келгенін, ертең баратынымызды, домбырасын баптап әзір болуын өтіндім. Алғашқыда абдырап қалған Құнекең: күйді мүлде қойғанын, домбырасының да тозғанын, саусақтарының икемі кеткенін, содан қолының жүрмей қалғанын айтып жатыр. Мен ештеңе етпейтінін, өзіңмнің шешен сөйлейтін домбырамды апарып беретінімді, күйді шама-шарқынша тартса болатынын айтып, көңілін демдедім.

Уәделі күні Гзавье екеуміз Құнан күйшінің Майқұдықтағы үйіне жетіп, пәтерінің есігін қақтық.

Содан ұзақты күн Құнекеңмен әңгімелесіп әрі шабытын келтіріп, бірнеше күй жазып алып қайттық.

Кейін Ішінде Құнан Кәріпбековтің орындаулары бар, Тәттімбет күйлерінің бұл дискісі Парижден бес мың тиражбен шығып, арнайы сату желісі арқылы әлемге тарап кетті.

Бірде Таласбек ағамен екеуара Тәттімбет күйлері жөнінде әңгіме-дүкен құрыстық. Сөз арасында Тәкең Тәттімбеттің "Азына" деген күйі болғанын, бала кезінде өзі қолында өскен нағашысының тартқанын көргенін, бірақ қазір есінде қалмағанын, қазір бұл күйдің ұмытылып кеткеніне өкінішін білдірді. Мен Тәкеңе бұл күйді Құнан күйшінің тартатынын, кезінде өз қолынан жазып алып сақтап қойғанымды айтқанымда Тәкең таңғалып: "Апыр-ай, ә!" деп қуанып қалды.

Осылайша, Құнан күйшіден Тәттімбеттің ұмытылып кете жаздаған "Азына" күйін оның шығу тарихымен қоса жазып алған едім.

Құнан күйші Тәттімбеттің бірнеше туындыларын әсіресе, "Көкейкесті", "Саржайлау", "Қосбасар", "Бес төре" "Былқылдақ", "Сылқылдақ", "Азына" күйлерін шебер тартатын. Шебер тартқаны сол емес пе, атақты Әбікен Хасеновтің өзі Құнанға Тәттімбеттің күйлерін тартқызып, соңынан риза болып батасын берсе!

Құнан күйшінің бір ерекшелігі күйде аса өңей қоймайтын. Мұның жайын ол: "Жас кезім ғой, Әбікен маған Тәттімбеттің күйлерін тартқызды. "Ана күйді, мына күйді тарт", – дейді. Білгенімше тартып отырмын. Тартып болғасын, "Дұрыс, күйді бұзбайды екенсің! – деді де –: Тек өңеп тартады екенсің, бұдан былай домбыраны өңемей тарт", – деп ескертті. Басқа сын айтқан жоқ. Содан бері аса өңемеуге тырысамын", – деген еді күйші.

Тәттімбеттің күйлерін өз елінде шебер тартқан әріде Нүркен Шынтеміров, әнші Ғаббас Айтбаев, беріде Әбікен Хасенов болғаны белгілі.

Біз пақырға Тәттімбеттің өз айналасынан – оның ұрпағы секілді қалған екі күйшіні көру бақыты бұйырды. Бірі – Тұрысбек Түсіпбеков еді, бірі – осы Құнан Кәріпбеков болатын. Тұрысбек ағамыз заманында Егіндібұлақ аудандық автоклубының меңгерушісі болған, көзі ашық, ширақ адам еді. Осы қасиеттерінің арқасында өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері жиі-жиі эфирлерге шығып, Тәттімбет өмірі мен шығармашылығының республикалық деңгейдегі бірден-бір насихатшысына айналды. Тіпті ол сонау жетпісінші жылдары академик Әлкей Марғұланға барып, Тәттімбет жөнінде өзі жинаған көп материалдарын атақты ғалымның өз қолына беріп қайтқан екен. Кейін бұл материалдарды Әлекең өзінің "Тәттімбет" атты көлемді мақаласына пайдаланғанын көреміз.

1990 жылы Егіндібұлақ ауылынан аса қашық емес жерде (Егіндібұлақ ол кезде аудан орталығы) Тәттімбет Қазанғапұлының 175 жылдық мерей тойы республикалық деңгейде дүркіреп өтті. Совет үкіметінің енді-енді құлайын деп шатқаяқтап тұрған шағы. Соған қарамастан, осынау мерекені таспалауға Мәскеудің "Останкиносынан" атақты "120 минут" бағдарламасының түсірілім тобы келді. Алдында олар тойдың жалпы көріністерін түсіріп жүрген еді, енді бір қарасам, Тұрысбек ағамыз бір төбенің басында соларға сұхбат беріп, заулап отыр. Қолымдағы домбырамды көріп қалған Тұрсекең әй-шәй жоқ: "Әй, домбыраңды бере тұршы", – деп менің домбырамды.сұрап алды. Халық көп, домбырамнан көз жазып қалмайын деп түсірушілердің сыртынан баспалап қарап тұрмын Қазір аты есімде қалмапты, Тұрсекең әлгілерге Тәттімбеттің мен естімеген бір күйін тартып берді. Сөйткен Тұрсекең, кейін естідім, осыдан бірнеше жыл бұрын бақилық болыпты. Енді міне, кешегі күн Құнан күйші өтіпті өмірден. Сөйтіп Тәттімбет мектебінің ел ішіндегі мирасқорлары түгесілді. Енді тек, арнайы музыкалық білім алған жаңа заман күйшілерін тыңдайтын боламыз.

Құнан ағаны соңғы рет 2017 жылы Қарқаралы да өткен Қазбек би бабамыздың 350 жылдық тойында көрдім. Той сахнасының жанынан қаперсіз өтіп бара жатыр едім, ту сыртымнан "Ерлан!" деген дауысты естіп қалып, жалт қарасам, Құнан аға! Ебіл-дебілі шығып жүгіртіп келе жатыр екен. Келіп құшақтай алды да: "Ерлан-ау, сен кеткелі мені ешкім керек қылмайтын болды. Бір жүрген жетім шалмын қазір", – деп жылап жіберді. Менің де көңілім босады...

Жасырмаймын, қазір де босап отырмын. Әрине, тумақ бар да, өлмек бар. Бұл – өмір заңдылығы. Дегенмен, жаныңа жақын есті азаматтар, аяулы жандар, көшелі өнерпаздар өмірден өткенде көңілің жабырқап, көзіңе еріксіз жас келеді.

Егер әр халықтың өз өмір сүру әлемі бар десек, мұны ұлттық кеңістік деп атағанымыз жөн шығар. Демек, әр ұлт өз орбитасын айналып жүретін ғарыштағы аспан денелері тәрізді өз кеңістігінде өмір сүрмек. Төл дүниетанымы, тілі мен ділі, салт-дәстүрі мен халықтық өнері әр ұлтты өз орбитасынан ауытқытпай ұстап тұрар тартылыс күші іспетті. Ал ұлттық өнерпаздар мен халқымыздың биік парасат иелері – қазақы тұлғалар сол тартылыс күшінің көзге көрінбейтін үзілмес арқаулары секілді. Мәселен Ақселеу Сейдімбек, Әбіш Кекілбаев, Болат Атабаев, Жарқын Шәкерім, Таласбек Әсемқұлов, қобызшы Сматай Үмбетбаев сынды таяу жылдары дүниеден өткен аяулы ағалар ұлттың кеңістігіміздің қазақы болмысын сақтаушы алып тұлғаларымыз еді. Қазір мұндай қазақы тұлғалар арамызда санаулы-ақ қалуда. Биліктің мұндай қазақы азаматтарды жақтырмайтыны, маңайларына жолатпайтыны – тіпті кей жағдайда қорлайтыны іш жиғызады. Әрісі Кеңестік кезеңді айтпағанда, берісі Назарбаев дәуірінде қаншама Елім деген мемлекетшіл, халықшыл Ерлер бірі оқтан, енді бірі құсадан өлді. Құны сұраусыз кетті.

Егер қазақтығымыздың қайнар көзі, ұлттық болмысымыздың мұндай носительдерін сақтай алмасақ, қадіріне жете алмасақ – мұның соңы түбінде ұлттық болмысымыздан айырылуға, сөйтіп қазақтығымыздан ажырауға әкеліп соқпақ. Бұл қатерлі тенденцияның алғашқы нышандары қазірдің өзінде-ақ білінуде. Мысалы кезінде Ақселеу мен Әбіш ағалардың аузына қараған жұрт – бұл күнде арап мемлекеттерінде күмәнді дін оқуын оқып келген күйек сақал, таз мұрт надан молдалардың соңынан шұбырумен жүр. Соның дені жастар. Ешқандай шет мемлекеттік дін оқуы, жалпы кез келген шет елдік білім ошағы: "Сен әуелі өз халқыңның перзентісің, барып ұлтыңа адал қызмет қыл" деп оқытпайды. Қайта "Сенің халқың адасқан ұлт" деген қатерлі, зомби программамен санасын жадылап, миын улап жібереді. Мұны неге білмейміз, неге ескермейміз? Сондай-ақ пәленбай байдан шыққан әйелдер блогер атанып алып, ел ішін алатайдай бүлдіруде. Ал мына қалың тобырдың сүйіктісіне айналған фанерщик атаулы еліміздің музыка кеңістігін әбден ластап, былғап бітті. Ел іші, оның руханияты бұрын-соңды болмаған дегредацияға ұшырап, ары қарай аздыруға келмейтін шегіне жетіп, әбден азғындалып, толық тозғындалып болды. Салдарынан халқымыз ән-күй әлеміне бойлаудан, оны түйсінуден, сезінуден, одан рухани нәр, жан сарайына қорек алудан қалды. Жастарымыз болса, ұлттық мәдениетімізді мүлде жатсынып кеткен. Жат дін, сарт-сауандық кірме өнердің жанкүйері болып алған олар қазақтығынан жеріп, ұлтын тәрк етіп, өз алдына бөлек субэтносқа айналуда.

Бір сөзбен айтқанда, тартылыс күшінен айырылып, өз орбитасынан шығып кеткен ғаламшар секілді – рухани өрісінен кіндігін үзген қазақ халқы беймәлім белгісіздікке маңып бара жатқандай. Мұның алдын алайық деп жатқан не билік, не қоғам жоқ. Осыны ойлағанда ішің мұздап кетеді, өмір сүргің келмей қалады кейде. Қайсыбірін айтқандайсың, бір ойды бір ой түртіп, басқа жаққа кетіп барамын, Құнан күйшіге оралып, сезімді тамамдайын.

Алашқа аты шықпаса да Құнан күйші жоғарыда айтқанымыздай, ескі дәуірдің, сонау Тәттімбет заманының ел ішінде қалған жалғыз көзі жалқы тұяғы еді. Саф алтын саз балшықтың ішінде де жата бермек. Құнан күйшінің де қадірі білінген жоқ, ел ішінде елеусіз ғана ғұмыр кешіп, еленбей өліп отыр. Соның белгісіндей елі – Қарағанды да, күйшілер қауымы да тым-тырыс. Егер Ермек Балташұлы ағамыз парақшасы арқылы хабарламағанда дәулескер күйшінің арамыздан кеткенін білмей де қалғандай екенбіз.

Бапсыз, бақсыз өткен қайран Құнан ағам-ай, өзіңмен бірге тұтас дәуірді әкетіп бара жатқаныңды білмей кетіп барасың. Ол Тәттімбеттің жұпар шашқан аңқылдақ күйлері еді. Өзің де аңқылдақ болмысты ерекше жаралған өнерпаз едің, момындығыңда шек жоқ еді. Қош, абызым! Бақұл бол, Құнан аға! Көрмеген көшеңізден жарылқасын.

 

Erlan Toleutai

 

 

 

Пікірлер