«Орталық Азияда басшылардың биліктен кету жүйесі жоқ»

2212
Adyrna.kz Telegram

Орталық Азиядағы саяси оқиғаларды тақырып қылған суретші Ербосын Мелдібеков Назарбаевтың құлаған бейнесі және өзінің көрмеге ұсынған басқа да жұмыстары жайлы ойларымен бөліседі.

Көптің назарын аударған экс-президент Назарбаевтың «құлаған» мүсінінен құралған композиция – суретші Ербосын Мелдібековтің туындысы. Ол бұл жұмысына «Боран – Байқоңыр, Жібек жолы мен Құс жолының арасы» атты жеке көрмеге ұсынды. Ақпанның 1-інде Алматыдағы Офицерлер үйінде ашылған көрме үш аптаға созылмақ.

Орталық Азиядағы саяси оқиғаларды бейнелейтін суретші Ербосын Мелдібековтің коллекцияларында тарих, қазіргі заман және футурологиялық болжамдардың аналитикасы картина, мүсіндер арқылы ұсынылған.

«ОЛАР БҰРЫНҒЫ КОММУНИСТІК СИСТЕМАМЕН ӨМІР СҮРЕДІ»

Суретші Ербосын Мелдібеков көрмеде Назарбаев туралы түсірілген фильмдерді топтастырып, картиналарды ілген.

- Суреттердің идеясы, мәні неде?

- Заманауи суретші деген бәрімен жұмыс істейді. Бастысы идея болса болды. Бізде суретшілеріміз картина, табиғатты салады. Ол көбіне тоталитарлы елдерде болады. Бірақ қазір заманауи суретшінің дәуірі. Мен суретші ретінде елбасы туралы фильмнің картиналарын салдым. Түрлі режиссерлер түсірген жақсы фильм. Бірақ бәрін қоссаңыз «бомба жарылады». Масқара жәй ғана. Бірінші бөлімінде шаманизм, аян көру, құдайшылық бар. Назарбаев туылғаннан кейін оны атпен алып келе жатады ғой. Тұрғаны, бейнесі Інжілдегі сюжеттерге жақын. Кейінгі бөлігі пионерлік жүйе. Үшінші сюжетте махаббат, опера, нәзіктік, комсомолдық жағдайлар бар. Назарбаевтың жас кезін бейнелеген фильм Ресейдікі сияқты көрінген. Себебі Ресейдің режиссерлерін шақырған, жанр жоқ. Ал одан кейінгі картиналарда Назарбаевтың романтикалық тұсын бергісі келеді. Ең соңғы бейнелерде ол парламент, жаңа мемлекет құрғанын көрсетеді. Кейбір жері «Өкіл әке» фильміне ұқсап кетеді.  Бастапқы картиналарда шаманизм бейнеленсе бесінші картинада мұсылмандық бейне көрсетілген.

Ең соңғы картинада мен билікті беремін, өзіне шен жасап алады. Бірақ билікті берсе де, одан шыға алмайды. Бұл жерде проблема Назарбаевта да, Путинде де емес. Себебі басшыларда кету жүйесі жоқ. Олар бұрынғы коммунистік системамен өмір сүреді. Бұл барша Орталық Азиядағы басшыларға қатысты. Қырғызстанда үнемі төңкеріс арқылы басшы ауысады, Өзбекстанның президенті араққа уланып қайтыс болды. Түркіменстан басшысы ұйқысынан оянбастан көз жұмды. Назарбаев пен Путин «еркін» бола алмайды.  Басшылықтан шығу жолы жоқ оларда. Бізде сол үшін де «Қанды қаңтар» оқиғасы болды, - дейді суретші Ербосын Мелдібеков.

«КРЕДИТ АЛЫП, ЖАСАДЫМ»

Көптің көңілін аулаған мүсін қирап, тек тұғыры қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіштері түріндегі инсталляциялардан тұрады екен. Автор мүсінді жасау барысында 1992 жылы Алматы қаласындағы Дзержинский ескерткішінің қираған сәті, 1962 жылы Сталин ескерткішінің жарылған сәті, 2014 жылы Харьковтегі Ленин ескерткішінің құлаған сәті, 2003 жылы Бағдат қаласындағы Саддам Хусейн басшының ескерткіші құлаған, ал ең соңғы бесінші мүсінде 2022 жылы қанды қаңтарда Талдықорғанда құлаған Назарбаевтың өзіне қойылған ескерткіш құлатылған сәттерін көрсетуге тырысқан.

- Бұл мүсіндер - Талдықорғандағы Назарбаев ескерткішінің құлауы. Отыз жыл сен билікті ұстайсың да, үш секундта оны жоғалтып алу оңай. Билік ескерткіштің тұғырынан құлағаныннан кейін -ақ кетіп қалды. Бұл 3 секундта болған оқиға. Мен соны созып көрсеттім тек.  Бұл мүсінді жасауға жарты жыл кетті, спонсор болмады. Өте көп қаражат кетті. Жолдасым сол сомма үшін ренжіді. Өз қаражатымнан бөлек кредит алып, жасадым.

«СӘУІР РЕВОЛЮЦИЯСЫ» ЖӘНЕ ГЕОМЕТРИЯЛЫҚ ПІШІНДЕР

Мелдібековтің жеке көрмесінде әртүрлі түстермен бейнеленген түрлі фигуралы суреттер бар. «Сәуір революциясы, немесе Түркістан авангарды композицияларының фрагменттері» деп аталатын жұмыс вериобаспа технологиясымен жасалған екен. Фотокартинадағы бейнелердің түрлі нұсқаларында Ауғанстанда болған оқиғалар түстермен боялып, геометриялық пішіндермен ерекшеленіп берілген.

- Мына картиналарда 1978 жылы сәуірде Ауғанстанда Сәуір революциясы деп аталған төнкеріс бейнеленген. Осы оқиғадан кейін Совет одағы Ауғанстанға әскер енгізгені белгілі. Бір жылдары картина салуға тыйым салынып, тек фигураларды салуды тапсырған. Одан кейін геометриялық фигураларды сызып, оның ішіне суреттерін сала бастады. Ал мен оның бәрін алып тастап, суретке геометриялық сызықтарды сала бастадым. Бұл картинаның басты идеясы - көшпенді халықтан автомат адамдарды жасауға қарсылық.

«ПЛАКАТТЫҚ КЕЙІПКЕР» ЖӘНЕ ПОРТРЕТ

- Мына туынды «Менің кумирлеріммен автопортрет» деп аталады. Балалық кездегі «Батыр бала Болатбек» - Павлик Морозовтың көшірмесі, Ғани Мұратбаев, Әліби Жангелдин, Сәкен Сейфуллин, менің портретім, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Жамбыл Жабаев бейнеленген. Мына жұмыстар Оңтүстікте өскен қарағаштан жасалған. Ол кепсе де жиһаз болуға жарамайды. Ол көшпенді халықтың мінезіне сай. Ол көрме аяқталғанша жарылып кетуі керек.

Автор Жамбыл Жабаевты ең ірі тұлға болу құрметіне ие деп танымаған. Оның да өзіндік себептері бар екен. Суретші Жабаевты сталиндік дүниенің тым мінсіз құрастырылған плакаттық кейіпкері деп таныған.

Мелдібеков Сәбит Мұқановты ғана ең үлкен мүсіндік портрет жасауға лайық деп санаған.

 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер