“Уақытша тоқтатылуы мүмкін”. Майқайыңда құтқарушылардың өміріне қауіп төніп тұрғаны айтылды

906
Adyrna.kz Telegram
Видеодан скриншот
Видеодан скриншот

Павлодар облысындағы “Майқайыңалтын” кенішіндегі опырылған жерде құтқарушылардың өміріне қауіп төніп тұрғаны айтылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы опырылған жерде экскаваторлар топырақ пен тау жыныстарын қайта қазу жұмыстарын жалғастыруда. Өткен тәулікте солтүстік беткейдегі экскаваторлар шамамен 25 текше метр көлемінде топырақты қайта қазды.

Қазір аумақтағы опырылған орынның барлық периметрі бойынша жарықтар пайда болған. Мамандардың сөзінше, бұл өте қауіпті жағдай.

“Бұрын кішірек жарықтар пайда болған кезде, құлаулар орын алған. Сонымен қатар, топырақты магнитометр мен геосканермен зерттеген кезде мамандар бұл нысанның орналасқан жерінде бұзылу ықтималдығы жоғары деген қорытындыға келді. Жұмысты нөлден төмен температура мен күшті қарлы боран да қиындатады. Мұның барлығы құтқарушылардың өміріне қауіп төндіреді”, - деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.

Осыған байланысты іздестіру-құтқару жұмыстарының бір бөлігі немесе толықтай тоқтатылуы мүмкін екені айтылды.

“Авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, төтенше жағдайды жою басшысы бірінші кезекте төтенше жағдай аймағындағы адамдарды құтқару бойынша барлық мүмкін шараларды қабылдай отырып, аталған жұмыстарды толықтай немесе олардың бір бөлігін тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқылы. Бұл мәселе қаралуда”, - деп толықтырды ТЖМ.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер