Тәліптің тұңғыш елшісі. Шын еліндегі сенім грамотасы

2044
Adyrna.kz Telegram
Фото: СCTV
Фото: СCTV

Қытай төрағасы Си Цзиньпин бір топ дипломаттың қатарында Ауғанстанның Қытайдағы жаңа елшісінен де сенім грамотасын қабылдады. Бұл туралы Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

30 қаңтарда Халық мәжіліс залында өткен салтанатты рәсімде 42 елдің елшілері Си Цзиньпинге сенім грамоталарын тапсырды. Олардың арасында бұрын «Талибан» үкіметінің баспасөз хатшысының орынбасары қызметін атқарған Билал Карими де бар.

Бұған дейін Қытай тәліптер билікке келгеннен кейін Ауғанстанға ресми түрде жаңа елші тағайындаған алғашқы ел болды.

Чжао Шэн 13 қыркүйекте Кабулда өткен салтанатты шарада Ауғанстанның іс жүзіндегі үкіметінің басшысы Мұхаммед Хасан Ахундқа сенім грамотасын тапсырды. Қытай билігі Чжао Шэннің тағайындалуы «Талибан» үкіметін ресми тануға әзірлік белгісі болып табыла ма, жоқ па, соны нақтылаған жоқ.

«Бұл Қытайдың Ауғанстандағы елшісінің әдеттегі ротациясы және Қытай мен Ауғанстан арасындағы диалог пен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған. Қытайдың Ауғанстанға қатысты саясаты айқын және дәйекті», - деп атап өтті Қытай Сыртқы істер министрлігі.

Талибан Кабулды 2021 жылдың 15 тамызында басып алып, үш аптадан кейін жаңа үкіметтің тағайындалғанын жариялады. Бірақ әлемнің бірде-бір мемлекеті бұл қозғалысты Ауғанстанның заңды үкіметі деп ресми түрде әлі мойындаған жоқ.

Әлемдік қауымдастық жаңа биліктен Ауғанстандағы түрлі этносаяси күштердің өкілдерін, сондай-ақ тәліптер кезінде құқықтары айтарлықтай шектелген әйелдерді қамтитын коалициялық үкімет құруды талап етуде. Өз кезегінде тәліптер барлығымен жақсы қарым-қатынаста болғысы келетіндерін айтып, Еуропа елдерін Кабулдағы елшіліктерін қайта ашуға шақыруда.

Пікірлер