37 жылдан соң. Желтоқсаншы сот арқылы арнайы статус алды

1862
Adyrna.kz Telegram
коллаж: Adyrna
коллаж: Adyrna

Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін студент кезінде КГБ тергеуінде болған журналист өзінің «саяси қуғын-сүргін құрбаны» екенін дәлелдеді. Сот арқылы әділетке қол жеткізген ол оқиғаға не үшін қатысқанын айтса, зерттеуші «желтоқсаншыларды» анықтаудағы деректердің ерекшелігіне тоқталады.

Журналист Мақпал Орынбетова Желтоқсан көтерілісінен кейін 38 жылдай уақыт өткенде осы оқиғаға қатысқаны үшін «саяси қуғын-сүргін құрбаны» деген статус алды. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, алайда әлі күнге дейін тарихи оқиғаға қатысқанын дәлелдей алмай жүрген азаматтар бар ма?

«ҚАЙТА ҚҰРУ» САЯСАТЫНА СЕНІП, АЛАҢҒА ШЫҚТЫҚ»

Мақпал Орынбетова 1982-1987 жылдары сол кездегі Киров атындағы,  қазіргі Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқығанын айтады. Ол 1986 жылы жастар Михаил Горбачёвтың «Қайта құру» саясатына сеніп, алаңға шықты дейді.

Желтоқсан көтерілісі 16-сы күні ептеп басталды да, негізгі толқын 17-18 күндері болды. Шамамен 19-20 желтоқсан күні болуы керек, жанымдағы құрбым жазушы, драматург Роза Мұқановамен бірге курстағы қыз-жігіттерді ұйымдастырды деген себеппен КГБ екеуміздің үстімізден қылмыстық іс қозғады. Біз сәуір айының соңына дейін тергеуде болдық. Бірақ кезінде Желтоқсанға байланысты ақталуды қажетсінген жоқпыз. Кейін оқудан шыққандар мен түрмеге қамалғандар ақтала бастады. Ал менің бұл істі қолға алғаныма 2-3 жыл болған еді. Бір адвокат істі алып бастаса, екіншісі тастап кетіп жүрді. Мұның алдында желтоқсаншыларды ақтаумен айналысқан Бейсембай дейтін азамат көмектесті. Одан кейін Гүлбану деген адвокатпен жұмыс жүре бастады. Гүлбану тарихи деректермен жұмыс жүргізгеннен кейін арнайы сот болды. Сотта куәгер ретінде курстастарым пікір білдірді, себебі олар толығымен көтеріліске қатысқан болатын. Мысалы, белгілі жазушы Құлтөлеу Мұқаш ҚазГУқалашығындағы 5 жатаханада транспаранттарды жазып, алып шықты. Құр қол шыққан жоқпыз ғой. Бейбіт митингке шыққандағы қолымыздағы барлық жазуды Құлтөлеудің өзі жазып берген болатын, - дейді ол.

«АЛДАНҒАН ТОЛҚЫННЫҢ ӨКІЛІМІН»

Мақпал Орынбетова 5 айға жуық КГБ тергеуінде болып, қуғын көргенін айтады. Сондықтан да ол Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде құжат алудың маңызы зор деп санайды.

Әрине, ол кезде мені оқудан шығарған жоқ, бірақ біраз жиналыстарда аты-жөнім аталып, психологиялық қысым алдым. Желтоқсанның өткеніне 37 жылдан асып, 40 жылға жақындайды екен. Ол кезде жиналыста атыңның аталуы қиын жағдай болатын. Соттың шешімімен қылмыстық істің қозғалып, тарихи оқиғаға қатысқаным дәлелденді. Куәгерлердің дәлелдеуі бойынша 5 ай бойы қылмыстық іс жүріп, «саяси қуғын-сүргін құрбаны» деген статус берді. Негізі ешқандай қылмыстық іс қозғалмаса, жай ғана «қатысушы»боласың Ал қылмыстық іс қозғалғаннан кейін «саяси қуғын-сүргін құрбаны» деген арнайы мәртебе беріледі. Сол ретпен келгенде мені Желтоқсан көтерілісіне қатысып, үстімнен іс қозғалғаны  үшін «саяси қуғын-сүргін құрбаны»деп таныды. Құжатты алғанда қандайда бір қуану сезімі болмады. Бірақ балаларым мен немерелерім «Әке-шешеміз кім еді?» деген уақытта осы құжатты көреді деп ойлаймын. Мен өзімді алданған толқынның өкілі деп санаймын. Горбачевтың «Қайта құру» саясатына сеніп, өз пікірімізді айтамыз деп шықтық. Маркс пен Энгелестің ұлттық саясатқа байланысты сөздеріне сеніп, өз үнімізді жеткізуге тырыстық, – деді ол.

ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР ШЫНЫМЕН КӨБЕЙІП КЕТТІ МЕ?

Желтоқсан көтерілісін зерттеуші журналист Болатбек Төлепберген азаматтар түрлі себеппен бой тасалап, қорқып жүргенін айтады. Алайда ол соңғы жылдары Желтоқсан көтерілісіне қатысқанын дәлелдеп, арнайы құжат алғысы келетін азаматтар көбейіп келе жатқанын атап өтті.

Көп адамдар «Желтоқсан көтерілісіне бардым, қатыстым, таяқ жедім» деп айтады. Бірақ құжат жағынан оны дәлелдеу қиын болып жатады. Енді ондай азаматтар өзін желтоқсандық екенін қалай дәлелдей алады? Оның үстіне қазір желтоқсаншылардың арасында «желтоқсаншылар көбейіп кетті» деген әңгіме бар. Кейбір азаматтар Желтоқсан оқиғасына қатысқанын дәлелдеу үшін деректер жинастырып жатады. Менің байқауымша, азаматтардың біразы көтеріліске қатысқанын дәлелдеп шықты. Куәгер арқылы немесе басқа да бір дерек бойынша дәлелдей ме, соны анықтап алу керек сияқты. Бірақ бәрібір қандай да нақты бір дерек қажет секілді, - дейді ол.

Серік Жолдасбай
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер