Қазақтың ұлттық сән үйі Парижді тамсандырды

2664
Adyrna.kz Telegram

2024 жылдың 22 қаңтарында қазақстандық «Нұрах» сән үйі Францияда, Париж жоғары сән апталығында өз топтамасын ұсыну мәртебесіне бөленді. Біздің отандық сәнгерлер тек осыдан 16 жыл бұрын ғана мұндай жоғары құрметке ие болған еді. Әлемдік сән шаһарында өз топтамасын көрсету әр дизайнердің арманы болса керек. Ұлттық дизайнерге осындай айтулы сыннан абыроймен өтуге жанашырлық танытып, шараны ұйымдастыруға мұрындық болған қазақ өнерінің жанашыры, қолөнер мен сән дәстүрінің насихатшысы, Парижде тұратын отандасымыз Баян Жанбауова ханымнан осы жағымды жаңалық туралы жедел сұхбат алған едік.

– Құрметті Баян ханым, Парижде дәстүрлі түрде өтетін сән апталығында қазақ еліне ұлттық стильдегі ерекше киім үлгілерімен танымал “Нұр-Шах” сән үйі қатысып, жоғары бағаға ие болып жатыр. Сол әлемдік іс-шараға туған ел өкілін қатыстыруға Сіз мұрындық болыпсыз. Осы қуанышты жаңалық туралы кеңірек айтып берсеңіз.

Баян Жанбауова: Жуырда, нақтырақ айтар болсақ, 22 қаңтар күні кәсіби тігіншілік тәжірбиесі ширек ғасырға таяған, маңғыстаулық Нұржамал Нұрпейісова негізін қалаған, ұлттық киімдердің заманауи үлгісін паш етіп жүрген «Нұр-Шах» сән үйі өз топтамасын 2024 жылдың көктем/жаз маусымына арнап, Париж Жоғары Сән Апталығында ұсынды. Бұл іс-шараға өту өте қиын, кез келген дизайнер қатыса алмайды. Бірнеше деңгейлі қазылар талқылауынан өткен ең сапалы, кутюрьенің қолынан шыққан, жаппай тігін машинасымен тігіле қоймайтын киім үлгілеріне ғана жол ашық.  Ұжымдық көрсетілім және жеке көрсетілім деп бөлінеді. Біздің «Нұр-Шах» жеке көрсетілім жасау мәртебесіне ие болды. Франция астанасының қақ ортасындағы Триумф аркасының жанында орналасқан Испан корольдік отбасының бұрынғы Париж резиденциясында Galerie Boubon жеке сарайында Париж сән апталығының бірінші күні өтті. Қазақ сән үйінің көрсетілімі сол ғимараттаболды. Бұл жерден француздың атақты жазушысы Антуан де Сент-Экзюпери кезінде өзінің әйгілі «Кішкентай ханзада» туындысына шабыт алған деседі. «Нұр-Шах» өз топтамасын «Алтын ай» деп атады. Олар халық ауыз әдебиеті шығармашығынан шабыттанғанын айтты.

«Ертеде бір ханшайым болыпты. Аспан жаратушының кенже қызы Алтын-Айдың сұлулығы аймен таласа нұрланыпты. Ал жұлдыздардың жарқырауы оның кірпігімен шағылысыпты...» деп басталатын әсем ертегімен жиналған жұртшылықты баурап алған нұршахтықтар, қазақтың төл нақышымен кестелеп безендірілген, шығыстың таңғаларлық тынысымен көмкерілген сиқырлы топтамасын жариялады. Нұржамал ханым топтама дайындау барысында Еуропа мәдениеті мен қазақ дәстүрін астастырып, ерекше симбиоз жасағанын, сол арқылы әрбір әйел өзін нағыз патшайым ретінде сезіне алатын киімдер тігуге талпынғанын атап айтты.

Бәрекелді! Жалпы сән апталығы жылына неше рет өтеді? “Нұр-Шах”оның қандай түріне қатысты? Дәл осы шараға бұған дейін отандық сәнгерлерден кімдер қатысқан еді?

Баян Жанбауова: Сән апталықтары Парижде жылына 4 рет өткізіледі. Жылдың басы мен ортасындағы апталықтар Жоғары Сән Салтанаты деп, көктем  және күз айларында өтетін апталықтар күнделікті киім бойынша сән көрсету шаралары болып саналады. Париждүниежүзінің сән ордасы. Әрбір тігін ательесінің иесі, өз ісінің майталманы Парижге сән көрсетілімін өткізуді армандайды. Біздің елімізден де Қазақстанның түкпір-түкпіріндегісән үйлері Лондон, Париж, Милан және Нью-Йорктегі сән шерулеріне қатысып жүр. Жалпы жаһандану үрдісі көп мүмкіндік ашқан қазіргі таңда Қазақстанның сән индустриясы дамып келеді. Сән іс-шараларының, дизайнерлер мен дүкендердің көбеюі, Қазақстандағы сәннің экономикаға ықпалы және сән арқылы елді таныту үлесінің артқаны қуантады.

Осы уақытқа дейін Қазақстанда Париж Жоғары Сән апталығында тек бір рет, 2008 жылы көшпенді сән үлгісін көрсету үшін халықаралық мүмкіндікті пайдаланған дизайнер Кенже Девятко (Кенже) ғана болды. Содан бері қазақстандық дизайнерлер арасында ресми Жоғары Сән Апталығында Парижде жеке көрсетіліммен шыққан олосы «Нұр-Шах». Бұл ұлттық шығармашылықтың, жеке брендтіңжаһандық бәсекелестікке, трендтердің алуан түрлілігіне және сапа талабына сәйкес келуге шамасы бар дегенді білдіретін жоғары көрсеткіш. Өйткені «Нұр-Шах» сән үйі ресми талаптардан  (тігіс жатықтығы, мата сапасы, қолөнер, кесте) өтіп, Жоғары Сән сарапшыларының және сән саласында майталман саналатын бұқаралық ақпарат өкілдерінің өте жоғары бағасын алды.

Елден жырақта жүрсеңіз де, ел беделін көтерер мәдени-қоғамдық шаралардың қасынан табыласыз. Бұл айтулы іс-шараға “Нұр-Шахты” сіз ұсындыңыз ба? Іріктеуден өту қиын болмады ма?

Баян Жанбауова: Өзім Ақтөбе өңірінің қызымын, елде мұнай-газ саласында, халықаралық ұйымдарда заңгер болып жұмыс істедім. Францияға кезінде білім қуып келгенмін. Магистр дипломымен сақтандыру және қаржы саласында қызмет атқарып жүріп, сән саласымен хобби ретінда айналыса бастадым. 2017 жылы Парижде KazFashionParis атты ассоциацияны тіркегенмін. Мақсатықазақ өнерін, сән саласын, қолөнерін шетелде насихаттау. Одан бері біраз сән көрсетілімдері өткізілді. Міндетіміз – француз жұртшылығына қазақ дәстүрлі киім мәдениетін таныстыру, қазақтың жас дизайнерлеріне жол ашу, бағыт көрсету, француз сарапшыларымен мастер-класс ұйымдастыру, француз сән үйлерінмен жақын таныстыру, Париждегі Сән Апталықтарына қатысуға ортада дәнекер болу және т.с.с.  Біраз шараларда Франциядағы Қазақстан Елшілігі ұжымының және Төтенше және Өкілетті Елші Гүлсара Арыстанқұлова ханымның жеке қолдауын атап айтқым келеді. Оларға ризашылығым мол. Қазір ассоциациямыз қарқынды дамып келеді. Бірнеше қазақстандық дизайнерлер, сән үйлеріосы француз қауымдастығының мүшелері.

“Нұр-Шахсән үйі елімізде өте танымал, Парижден де бұрын ұсыныстар да түсіпті, бірақ басшысы Нұржамал ханым байыппен ойланып, жақсы дайындықпен келуді ұйғарып, былтыр жыл аяғында өзі менімен хабарласты. Қуанышымда шек болмады, өйткені осы сән үйін Парижге әкелу арманым еді. Үлкен жауапкершілікті де сезіндім, әрине. Бәрі жақсы сәтімен өтті, біраз дайындық апталарын өткердік.  Сенімі үшін “Нұр-Шахтыңұжымына алғысым шексіз.

Қазақстанның имиджін қалыптастыруда тағы қандай жобаларға атсалысып жүрсіз? Жалпы өмірлік ұстанымыңыз хақында не айтасыз?

Баян Жанбауова: Өз жеке кәсібімнен басқа, осы Париждегі барлық Қазақ қауымдастықтарының мүшесімін. Елшілік аясындағы «Қорқыт-Абай» мәдени орталығында домбыра үйрету, қазақ тілінен дәріс беру сабақтарын жүргізгенмін. Еуропа Қазақтарымен бірлесіп, жыл сайын Наурыз мейрамын өткізуге атсалысып келемін. Бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы ғой, Қазақстанның жақсы атағын жаһанда қалыптастыруды көздейміз.

Қазақ болып туғасын, жүрген жерімде шыққан тегімді, мәдениетімді таныстырып жүру керек деп ойлаймын. Сыртта жүрген әрбір Қазақ – елдің елшісі, сондықтан диаспора арасында ауызбіршіліктің маңызы зор. Ел абыройын биік ұстау, Қазақ елінің ұл-қызы ретінде атамекенге адал болу деген жоғары ұстанымым бар. Сол үдеден шыға алып жатсақ бақыттымыз деп ойлаймын.

– Сұхбат бергеніңізге көп рақмет. Істеріңізге береке берсін. Мақсат-ниетіңізге аман-есен жете беріңіз!

 

Сұхбаттасқан
Алма Сайлауқызы

Пікірлер