2012–2022 жылдар аралығында Қазақстанда ауыл халқы 7,6-дан 7,5 млн адамға дейін азайып, ауылдардың саны 6,9-дан 6,3 мың бірлікке дейін қысқарған. Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, жойылған ауылдардың ең көп саны еліміздің солтүстік аймақтарына тиесілі (269 ауыл). Оңтүстікте ауылдар саны 119-ға, батыста 118-ге, орталық-шығыс өңірлерде 103-ке қысқарған.
Өткен жылғы желтоқсан айында Астанада өткен баспасөз мәслихатында Солтүстік Қазақстан облысындағы босап жатқан ауылдарға қатысты мәселеге осы облыстың әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те арнайы тоқталған болатын.
«Облыста 635 елді мекен бар. Оның 125-де халық саны 50-ге де жетпейді. Тағы 39 ауылда тіпті 3–4 адам ғана тұрады. Жалпы, өңірде халқы санынан да, аумағы жағынан да талаптарға сай келмейтін елді мекендер көп. Алайда болашағы жоқ ауылдарға қатысты сұрақтарға біз өте мұқият қараймыз. Ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлермен сөйлесіп, бұл мәселені әлі де қарастыратын боламыз», – деді ол.
Солтүстік Қазақстан облысындағы аудандар картасы
Солтүстік Қазақстан облысы егін егіп, мал өсіруге жайлы аймақ саналады. Десек те, бұл өңірдің демографиясы жыл өткен сайын құлдырау үстінде. 2023 жылғы ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, еліміздің солтүстігінде жалпы саны 532 700 халық тұрады. Олардың 273 400-і ауыл-аймақта, ал 259 300 тұрғын қалалық жерлерге орналасқан. Алайда ауыл халқының ішінде мүмкіндігі болса, облыс орталығына, тіпті еліміздің басқа ірі қалаларына көшуді ниет еткендер саны азаймай отыр. Туған ауылын тастап, алысқа кетуге бекінген жұртшылық мұның себебін әлеуметтік-экономикалық жағдаймен түсіндіреді.
СҚО, Айымжан ауылы. Сурет авторы- Ә.Жұмабаев
Әбірхайыр Жұмабаев Түркістан облысынан арнайы бағдарламамен Солтүстік Қазақстан облысындағы шекаралық аймақ саналатын Жамбыл ауданына 2020 жылы қоныс аударған. Осы аудандағы Айымжан ауылындағы мектепке тарих пәні мұғалімі болып орналасқан ол «теріскейде тамыр-таныс деген түсінік атымен жоқ», - деп отыр.
«Ешқандай сыбайлас жемқорлықсыз жұмысқа орналасуға болады. Алайда бір қынжылтатыны – халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалмаған. Мәселен, бізде ауыз су проблемасы бар. Жұрт әлі күнге суды тасып ішеді. Айымжан ауылы құрылғалы (1929 ж. құрылған) жүз жылға жуықтапты. Бір ғасыр өтсе де, ауылда асфальт жол жоқ. Көктем мен күзде елдің ішкі көшелерінде көлік түгіл жаяу адам жүре алмайды. Бар-жоғы екі көшеге тым болмаса тас төсеп берсе дейсің. Ал 2021 жылы жаңадан су құбырлары тартылып (онда да үйді-үйге емес, бір ғана тарату пунктінен ауыз су бермек болған), ауыл жұртшылығы таза су ішеміз деп үміттенді. Одан бері 2 жыл өтсе де, ештеңе өзгермеді», – дейді Әбілхайыр.
Айымжан ауылы тұрғындарының Жамбыл ауданының бұрынғы әкімі М.Оспановқа жазған хаты
Ауыл тұрғындары ауыз су мәселесін шешіп беруді сұрап бірнеше тиісті мекемеге хат жолдаған. 2023 жылы жазылған хатқа Жамбыл ауданының сол кездегі әкімі М.Оспанов су құбырларын жүргізуде орын алған ақаулар жөнделіп жатқанын, алдағы уақытта ауыз су мәселесі шешілетінін айтып жауап берген.
Айымжан ауылы – айналасы ну орман мен көлмен көмкерілген, мал, құс өсіруге өте қолайлы жер. Бұл ауылдағы жол және ауыз су мәселесі шешілер болса, қазіргі 230 тұрғыны бар ауылдың үлкен ауылға айналары сөзсіз. Сонымен қатар облыс орталығынан шалғай, Ресеймен шекаралас жатқанына қарамастан, бұл ауылдан басқа аймаққа көшуді ойлаған кісі саны аз.
Айымжан ауылын сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз су краны. Сурет Ә.Жұмабаевтыкі
2020 жылы Жамбыл ауданының сол тұстағы әкімі Ескендіров Марат «Преснов топтық су құбырынан Ұзынкөл және Айымжан ауылдарына дейін су бұруды салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобаның жалпы құны 225 млн 182 мың теңге. 2020 жылы «Есіл Су» РМК Преснов топтық су құбырынан Казанка ауылына дейін су бұруды салуға ЖСҚ әзірлеуді жоспарлап отыр» деп халық алдында есеп берген. Ал 2021 жылғы есебінде аудан әкімі ауданның көлік жолдарына 2,4 млрд теңге бөлінгенін, жоспарда Айымжан ауылының жолын жөндеу барын тілге тиек еткен. Өкінішке қарай, арада 2–3 жыл өтсе де, Айымжан ауылындағы ауыз су, жол проблемалары шешілмеген.
2023 жылғы көші-қон бағдарламасында да шекаралық аймақтарға қоныс аударушыларға тұрақты жұмыс, баспана мәселесін шешу жағынан басымдық берілді. «Жамбыл ауданына 2017 жылдан бері 900-ге жуық отбасы қоныс аударған. 2023 жылы ауданға 18 отбасы немесе 65 адам көшіп келді. Жоспар – тағы 49 отбасын қабылдау», – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Аян Ажанов.
Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы ресми мәліметі
Көшке байланысты үгіт-насихат дұрыс жүргізілсе...
Солтүстік Қазақстан облысындағы осынау күрделі ахуалдың алдын алу мақсатында 2017 жылдан бері «Оңтүстіктен-Солтүстікке» ерікті қоныс аудару бойынша арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Мақсат – біртіндеп босап жатқан ауылды толтырып, халық санын арттыру. Алайда теріскейге қоныс аударып, төскейін малға, ауылын жанға толтырады деген бұл бағдарлама діттеген мақсатына жете алмай отыр. Мұның бір себебі – бағдарлама шарттарындағы кейбір шикіліктер мен үгіт-насихат жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі.
Мәселен, осы көші-қонға байланысты көптеген сұрақ қойып, бір-бірімен ақпарат алмасқан бірнеше әлеуметтік желі топтары бар. Бір ғана Telegram әлеуметтік желісінде 2–3 мың адамнан жасақталған бірнеше топта сұралатын сұрақтарға нақты, түсінікті жауап беретін маман жоқ. Интернет заманында адамдардың ақпаратты әлеуметтік желілерден алатынын ескерсек, осындай топтарға көші-қон мәселесін қарапайым тілде түсіндіріп беретін бір маманды бекіту арқылы нәтижелі жұмыс істеуге әбден болады. Халқы тығыз орналасқан облыста тұрақты жұмысы, тұратын баспанасы болмай қиналып жүрген қаншама кісі қоныс аудару туралы жан-жақты ақпарат ала-алмай отыр.
Түркістан облысының тұрғыны Рауан Егізбай теріскейге көшкісі келетінін білдіріп, «Enbek.kz» ресми сайтына тіркелген. «Кері байланыс орнатқан Солтүстік Қазақстан облыстық Мансап орталығы қызметкерінің айтқандарынан ештеңе түсінбедім. Шарт бойынша көшіп келген соң, аталмыш облыста тұрақты тіркеуге тұруға тиіссің дейді. Тұрақты тіркеуге қайда тұрамын, кімнің үйіне тұрамын? Ол жақта танитын бір адамым жоқ, кім мені үйіне тіркеуге тұрғызады? Тегін берілетін үй де, жер де жоқ дейді. Ал әлеуметтік желідегі топтарда кейбір кісілер «тегін үй, жер беріледі, жұмысқа орналастырады» деп жарнама жасап жатыр. Кімге сенеріңді білмейсің», - дейді.
Осындай олқылықтар салдарынан көш-қон бағдарламасы тиісті нәтижеге қол жеткізе алмай отыр.
Солтүстік Қазақстанда кәсіпкер болуға мүмкіндік мол
Солтүстікке көшу бойынша ақпараттарда қоныс аударушы азаматтардың кәсіпкерлік үшін шағын жер телімін, сауда-саттық орнын еш кедергісіз жалға алатыны туралы көп айтылмайды. Ал шаруа қожалығын ашып, мал өсіріп, егін егемін деген жағдайда, ауқымды жерлерді арнайы байқау арқылы, белгілі бір мерзімге жалға алуына мүмкіндігі бар. Бұл туралы біздің ресми сауалымызға Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің «Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы» КММ басшысы Меңдібаев Мейрам Жақсылықұлы былай деп жауап берді:
Суретте М.Меңдібаев (сурет авторы С.Байғазы)
«Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 97-бабының 6-тармағына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік және оқу мақсаттарын жүргізу, қосалқы ауыл шаруашылығын, бау-бақша және мал шаруашылығын жүргізу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына шетелдік қатысусыз жер пайдалануға беріледі.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануға беру Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1-бабына және 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 518 «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидаларына» сәйкес жүргізіледі, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығында мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін беру шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жалдау құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу туралы ақпарат тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында және облыстың жергілікті атқарушы органдарының (аудандарының) интернет-ресурстарында орналастырылады!
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді белгілі бір мерзімге жалға алу үшін азаматтар жалдау құқығын беру бойынша өткізілетін конкурстарға қатысуы қажет. Ал конкурстың басты талабы – нақты бизнес жоспардың болуы.
Мемлекеттік қолдау түрлерін ұтымды пайдалана білу керек
«Бос жерде кәсібімді қалай ашамын? Егер ондай кәсіп ашатын ақшам болса, оңтүстікте де ашар едім ғой?!» – дейді түркістандық Мұхит Кеңесбек.
Иә, қабілетіңіз болса, ондай кәсіпті еліміздің кез келген жерінен аша аласыз. Бірақ, Солтүстік Қазақстан облысындағыдай мүмкіндіктер бола бермеуі мүмкін. Ол қандай мүмкіндіктер?
Біріншіден, бұл аймақта бәсекелестік өте төмен. Екіншіден, бұл жақта мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілетін түрлі жеңілдетілген несие, гранттарды таныс-тамырсыз, еш кедергісіз ала аласыз. Естеріңізде болса, 2023 жылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан жаңадан кәсібін бастағандарға арналған 400 АЕК (1 млн 380 мың теңге) қайтарымсыз грант және жылдық 2,5%-дық жеңілдетілген несие берілді. Өкінішке қарай, оңтүстік облыстарда осы грантты «алып беремін» деп жар салғандар мен оларға пара беріп, шығынға батқандар болды. Ал дәл осы гранттарды Солтүстік Қазақстанда еш кедергісіз, ешбір таныссыз алып, кәсібін дөңгелетіп отырған қаншама адам бар.
Теріскейде миллионерге айналу қиын емес
27 жасар Ақмарал Мақтұмқұлова Петропавл халқына жақсы таныс. Батыс Қазақстаннан Солтүстікке білім алуға келген Ақмаралды Қызылжар халқы қазір «petro kelin» атымен таниды. Жоғары білім алуға келген «серпіндік» қыз бұл күнде білдей бизнесмен.