Ресей СІМ өкілі Смолиннің сөзін авторлық пікір ретінде түсіндіруге тырысты

1352
Adyrna.kz Telegram

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Ресейдің Орталық Азия өңірі елдерімен қарым-қатынасы жайлы түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Соңғы уақытта Орталық Азия елдеріне қатысты ресейлік үгіт-насихатшылар қисынсыз мәлімдемелер жасай бастаған. Соның соңғысы ресейлік НТВ арнасындағы "Место встречи" бағдарламасында тарихшы Михаил Смолин "революцияға дейін қазақ және өзбек деген ұлт болмаған" деген пікір айтып, сынның астында қалған еді.

Осыған қатысты Ресей СІМ өкілінің жауабы министрліктің ресми сайтында жарияланды.

"Ресей мен Орталық Азия республикаларын ортақ тарих, тығыз адами және гуманитарлық байланыстар, сауда-экономикалық және іскерлік байланыстардың мыңдаған «жіптері» біріктіреді. Біздің шынайы өзара әрекеттеріміз, стратегиялық серіктестігіміз және көптеген түрліше одақтастығымыз бір-бірін құрметтеуге және мәдени диалогқа негізделген, бізді өзінің тарихи тереңдігімен және бүкіл адамзат үшін құндылығымен байытады. Ресей және Орталық Азия өңірінің егемен, тәуелсіз мемлекеттері мұндай қарым-қатынастардың маңыздылығын толық түсінетініне сенімдіміз. Аталған мәлімдемелер таза субъективті сипатта, жоғарыда айтылған пікірмен ешқандай ортақтығы жоқ және толығымен автордың ар-ожданында қалады" деп мәлімдеді Захарова.

 

Пікірлер