Танымал қазақстандық журналист, тележүргізуші және блогер Динара Сәтжан ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің арандатушылық жазбасына жауап берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бүгін Тина Канделаки өзінің Telegram-арнасында Қазақстанда орыс тілін мемлекеттік деңгейден шеттетіп жатқанын айтып, жазба жариялады.
«Республиканың Көлік министрлігі бірқатар теміржол станцияларының атын өзгертіп, орысша атауларды қазақшаға алмастырғысы келді. Мысалы, «Уральск» станциясын «Оралға», «Узень» станциясын «Жаңаөзенге» ауыстырды», - деп жазды ол.
Бұған қазақстандық журналист Динара Сәтжан өз инста-парақшасында былай деп жауап берді: Біріншіден, біз тәуелсіз, егемен мемлекетпіз. Орыстың жақсы мақалы бар: «В чужой монастырь со своим уставом не лезут». Ал теміржол вокзалын қалай атайтынымызды өзіміз шешейік. Екіншіден, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ішінде Кеңес өкіметі жылдарында жоғалған ана тілін біртіндеп қайтарып келеді. Үшіншіден, еліміздегі ұлтаралық қатынастың ресми тілі – орыс тілі, ал қазақ тілі – мемлекеттік тіл”.
Сондай-ақ Динара Сәтжан теміржол вокзалдары атауларының өзгертілмей, керісінше, бұл аумақтық атауларының дұрыс нұсқасы екенін де атап өтті.
«Оған орыс тілін ығыстырудың қандай қатысы бар? Біз өз елімізде мемлекеттік тілде ғана емес, орыс және ағылшын тілдерінде де сөйлейміз. Біздің күшіміз осыда!», - деп қосты журналист.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Көлік министрлігінің қаулысы бойынша, еліміздің бірқатар теміржол вокзалдарының атауы өзгерген болатын.
“Адырна” ұлттық порталы