ІІМ: Қазақстанда митинг кезінде 4 мың адам ұсталды

2138
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда митинг кезінде 4 мың адам ұсталған. Бұл жөнінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев мәлімдеді. «Маусым айының 9,10, 11 және 12-і күндері Қазақстан қалаларында Бас прокуратура мен ІІМ ескертуіне қарамастан заңсыз митингтер өтті. Шеруге шыққан азаматтар «Митинг, шеру, демонстрация» туралы заңды бұзды. Заңда қандай да бір митинг өткізбес бұрын жергілікті атқарушы билік органдарынан рұқсат алу керектігі жөнінде анық айтылған. Жергілікті атқарушы органдардың рұқсаты бойынша ғана митингтер өтуі тиіс» - деді Тұрғынбаев. Министрдің сөзінше, полиция қызметкерлеріне арнайы құралдар пайдаланбауға бұйырық берілген және митинг кезінде 4 мыңға жуық адам ұсталған. «Полиция тәртіпсіздіктерге қарсы қолданатын құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ол газ балоны, дубинка. Бірақ олар оны қолданған жоқ. Тек физикалық күш көрсетілді. 4 мыңға жуық азамат ұсталды» - деп мәлімдеді Тұрғынбаев. Ведомства басшысының айтуынша, 3 мың адамға протокол толтырылып, сол сәтте босатылған. 677 адам сот шешімі бойынша қамауға алынған.  305 адамға айыппұл салынған. Естеріңізге салайық, маусым айының 9,10,11,12-і күндері аралығында Алматы, Нұр-Сұлтан (Астана), Шымкент, Ақтөбе сияқты ірі қалаларда кезектен тыс президент сайлауына қарсы митингтер өткен. Оған мыңдаған адам қатысып, ақыры жаппай ұсталуларға ұласқан.

 

Дереккөз: https://qazaqtimes.com/article/63997?fbclid=IwAR2PXFRHRNSZIoWm3LD3zBLJi3qWmGlfukU6iycjOqOAeUz0-G7H2eBnngY

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер