"Зымыраған уақыт-ай". Актер Бекжан Тұрыс Асқар Наймантаевты еске алды

2546
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөз беттерінен
Фото: Ашық дереккөз беттерінен

Белгілі актер Бекжан Тұрыс досы Асқар Наймантаевты еске алып, естелік жазба жариялады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Театр және кино актері Бекжан Тұрыс әлеуметтік желідегі парақшасында өнердегі серігі әрі өмірдегі досы, марқұм Асқар Наймантаевқа арнап жазба жариялады.

Зымыраған уақыт-ай... Туған даласы мен туырлығы биік тауларына тынымсыз шапқылап, перзенттік болмысымен өзі қайта жаңғыртқан "Халық театры" дейтін аса күрделі, қанатты, қуатты өнердің өрісін көркейтіп, Қазақ дейтін туған халқына бойында барын өнері арқылы сарқа ұсынған Асқар бауырымның да қырқы кеп қапты, - деп жазды Бекжан Тұрыс актердің қайтыс болғанын еске алып.

Актер Асқар Наймантаев сын сағаттары соғылғанша өнер сахнасында аянбай еңбек еткен.

Халқының сахна мәдениетінің жоғын жоқтап, кем-кетігін түгендеп, өнер деген қасиетті мекенге қаршадайынан кіріп, миуалы бағының жемісін жеп ержеткен Асекең қазақ өнеріне қал-қадірінше үлес қосты. Өнер үшін өмір сүрудің не екенін дәлелдеді. Ешқашан мәселесі бітпеген қазақ мәдениетінің жыртығын жамасам, ортайғанын толтырсам деп жанталасты. Жұдырықтай жүрегін өнер үшін аямай ауыртты. Еңбегімді біреу көрсін, бағаласын деген жоқ, өзімнің азаматтық парызым деп ұқты, - деді өз жазбасында Бекжан Тұрыс.

Марқұм Асқар Наймантаев туралы сыр шерткен актер:

Ұстаздығы, режиссерлігі, жазармандығы, актерлігі — осының бәріне қабілеті бірдей еді. Ешкімге жалтақтап- жалбаңдамай, сыртқа момын ғұмыр кешіп, өмірінің баянын өнермен өрді. Ол ел-жұртының дәстүрін, салт-санасын, әдеп- ырымын, ұлтының эстетикалық талғамын, ұлттық мәдениетін жеке басының күйкі тірлігінен жоғары қойды. Жаратылысынан біткен сабыр мен салмағын сақтай отырып, кез келген қоғамдық ортада өзінің ойын бүкпесіз айтып, әзіл мен қалжыңның ілгек түймелерін ағытып отыратын. Тірлік қанжығасында жүріп айтқан көп сөзі көзі тірісінде аңызға айналды. Ел мүддесін екі елі естен шығарған жоқ. Бәрі адамның ойлағанындай бола бермейді ғой, арманы көп еді... Амал қанша... Жалған дүниедегі сағым бейнесі енді тек еске алумен ғана жұбаныш болып отыр. Шарасыздықтан тарыққан көңіліңе кеңшілік көрсете алмаған кездеріміз болса, кешір, Асеке..., - деп кешірім сұрады Бекжан Тұрыс өз әлеуметтік желідегі еске алу жазбасында.

Пікірлер