"Қайым Мұхамедханов Алаштың сан қырлы тақырыбын зерттеп, алғаш рет баспа бетінде жариялады". Бүгін қайраткердің қызы Дина Мұхамедхан «Екінші жалпықазақ сиезі » (1917) туралы Алаш автономиясы және Алашорда үкіметі хақында" атты мақаласын әлеуметтік желіге шығарды. Бұл мақала 1991 жылы 17 желтоқсанда облыстық «Семей таңы» газетінде жарияланған. Дина Мұхамедхан "Бұл мақала осы жарияланымнан көп бұрын дайындалған" деп ескерткен. Сол мақаланы "Адырна" ұлттық порталы оқырмандары назарына ұсынамыз.
Қазақстан қазіргі күнде егеменді, ерікті, тәуелсіз мемлекет болу жолына берік сеніммен қадам басып отыр. Бұл мәселе қазақ халқының ежелгі мұрат-мақсаты, арман-тілегі болатын.
Халқымыздың егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болу жолындағы ғасырлар бойғы күрес тарихы осы күнге шейін бұрмаланып, тарихи шындыққа қиянат жасалып, бүркемеленіп келгені қалың оқырман қауымға қазір мәлім бола бастады. Бұл мәселе туралы баспасөз жүзінде батыл түрде ашық айтылып, жарияланып, шындықтың беті біртіндеп ашылып келеді.
Қасақана бұрмаланып, бүлінген тарихымызды дұрыстап, қайта жазып, шындықты қалпына келтіру – нағыз тарихшы, әдебиетші ғалымдарымыздың, адал азаматтарымыздың абыройлы борышы.
Біз бүгінгі мақаламызда егеменді ел, тәуелсіз, ерікті мемлекет болу жолындағы тарихымыздың елеулі бір кезеңіне, яғни 1917 жылы шақырылған «Екінші жалпықазақ сиезі» жайында сөз қозғамақпыз.
Екінші сиез туралы сөзімізді бастардан бұрын, мәселе түсінікті болу үшін, ең алдымен «Алаш» деп аталатын партия жайында қысқаша айта кетуді дұрыс көрдік.
1917 жылы Февраль революциясы жеңіске жетіп, патша үкіметі құлатылғаннан кейін, қазақтың белгілі зиялы қайраткерлері: Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Халел Ғаббасұлы, Жиһанша Досмұхамбетұлы, Халел Досмұхамбетұлдары 1917 жылы сәуірде, облыстық қазақ сиездерін ұйымдастырып, өткізеді. Қазақ комитеттері құрылады. «Жалпықазақ съезі өткізілсін» деген қаулы қабылданады.
«Бірінші жалпықазақ съезі» Орынбор қаласында 1917 жылы шілденің 21-26 күндері өткізілді. Сиезде қаралған он төрт мәселенің бірі қазақтың саяси партиясын құру болады. Партияның аты – «Алаш» аталсын деп ұйғарылады. Партияның программасын жасау және қазақ автономиясын құру мәселесіне даярлық жұмысының жоспары белгіленеді.
«Екінші жалпықазақ сиезінің» шақырылу мәселесін дұрыс түсіну үшін сол кезде баспасөз жүзінде жарияланған нақтылы тарихтық материалдармен танысуымыз қажет болады. Ең алдымен сиезді жедел шақыруға себеп болған, сол дәуірдегі тарихи хал-ахуалды баян ететін деректі мағлұматтарды береміз.
«Қазақ» (Орынбор) газетінде 1917 жылы, қарашаның 14 күні жарияланған хабарлама-мақаланың қысқаша мазмұнын келтірейік.
– Заман жаманға айналды. Келешек қараңғы, қорқыныш зор. Осындай бүліншілік заманда, аяқасты болып, қорлықта қалмауымыздың қамын кеңесу үшін екінші жалпықазақ сиезін шақыруға қаулы қылып, Орынбордағы оқыған қазақтар төмендегі телеграмды қазақ облыстарына және үйездеріне беріп отыр.
Телеграмма сөзі:
«Бүкіл мемлекет қазір бетімен жайылып кетті. Кешікпей талан-тараж, қырғынға айналатын түрі бар. Алалық, алтыауыздық, біреуге-біреу сенбеу күшейді. Әр адам, әр халық, өз қамын ойлап, өзін-өзі қорғайтын күн туды. Бұл болып жатқан уақиғалардың түбі неге соғатынын жалпы қазақ артық сезе қоймайтын шығар. Бұл уақиғалардың түрі жаман. Қам қылмай, қол қусырып отыра берсек, алдымен қазақ халқы сорлайтын түрі бар. Соның үшін біз жанымызды, малымызды қорғау жайын ойлау керек.
Өзімізді өзіміз қорғау үшін бізге жалпы қазақ милициясын құру керек. Бұл мәселе шұғыл және аса зор болғандықтан, төменде қол қоюшылар, халыққа сенімді, құрметті ақсақалдарды және оқығандарды шақырып, өз күшімізбен қазақ милициясын құру жайын кеңесуге, жалпықазақ съезін жинауға қаулы қылдық. Егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүліншілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда, қазақ халқы құрбан болады. Соның үшін милиция құрудың үстіне, сиезде қазақ халқының жұрттығын жоғалтпау үшін не қылу керек деген зор мәселе де қаралады.
Алаш баласының басына бір сын күн туды. Өтінеміз, қалайда болса, 5-декабрьге қарсы Орынборға әр үйезден жұртқа қадірлі екі ақсақалдан және әр областной комитеттен екі оқыған кісіден жіберіңіздер...
Бұл телеграммада айтылған үйез басы екі ақсақал және областной комитеттен шақырылған екі зиялының үстіне, айрықша телеграм беріп, мынау кісілер шақырылды. «Ұран», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Тіршілік» газеттерінен және жаңа ашылған қауымдардан бір-бір өкілдерден. Қазы Ғұмар (Омар) Қаршұлы, қазы Қайырша Ақыметжанұлы, қазы Ғабдолла Ешмұқамбетұлы, Ақыметжан Оразайұлы, Қожахмет Оразайұлы, Құрамамбек Бірімжанұлы, Жаймұқамбет Жанқожаұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Басығараұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Халел Досмұқамбетұлы, Жаһанша Досмұқамбетұлы, Уәлихан Танашұлы, Бақыткерей Құлманұлы, Жанғожа Мергенұлы, Ешенғали Арабайұлы, Ораз Тәтіұлы, Шонан ақсақал, Отарбай қажы Қондыбайұлы, Ақыметкерей Қосыуақұлы, Нұрлан Қияшұлы, Нұрмақамбет Сағынайұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, Есенғұл қажы Маманұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Салық Қарпыұлы, Сапар Науырызбайұлы және Ілияс қажы Жанғараұлы.
Сиез шақырушы комиссия ағзалары (мүшелері):
Әлихан Бөкейханұлы
Ахмет Байтұрсынұлы
Міржақып Дулатұлы
Сағындық Досжанұлы
Елдес Омарұлы.
Осы шақыру бойынша сиезге Қазақстанның барлық сегіз облысынан өкілдер келіп, «Жалпықазақ – қырғыз сиезі» 1917 жылы, желтоқсанның 5-13 күндері Орынбор қаласында болып өтті. «Сарыарқа» (Семей) газетінің 1918 жылғы, қаңтардың 25 күнгі 29 санында: сиез шақырушылардың, сиезге келген өкілдердің аттары аталып, сиезде қаралған мәселелер және «Жалпықазақ – қырғыз съезінің қаулысы» жарияланды.
Сиез бастығына сайланғандар: Бақыткерей Құлманұлы, председатель, серіктері: Әлихан Бөкейханұлы, Халел Досмұқамбетұлы, Әзімқан Кенесарыұлы, Омар Қарашұлы.
Хатшылары: Дәулетше Күсепғалиұлы, Міржақып Дулатұлы, Сейдазым Кәдірбайұлы.
– Съезде қаралуға қойылған мәселелер: 1. Сібір, Түркістан автономиясы және Юговосточный союз туралы. 2. Қазақ-қырғыз автономиясы. 3. Милиция туралы. 4. Ұлт кеңесі. 5. Оқу мәселесі. 6. Ұлт қазынасы. 7. Мүфтилік мәселесі. 8. Народный сот. 9. Аульное управление. 10. Азық-түлік мәселесі.
Автономия мәселесі. Түркістан автономиясының министрі Мұстафа Шоқайұлы Түркістан автономиясы жайында баяндады...
Комиссия атынан: Халел Ғаббасұлы ұлт автономиясы және милиция туралы баяндама жасады.
Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп, октябрь аяғында Уақытша үкімет түскенін, Русия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын, әкімшілік жоқ болған соң, халық арасы бұзылып, пышақтасып кететіндігін, бассыздық күшейіп, бүкіл мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен-күнге халықтың күйі нашарлауын және бұл бүліншілік біздің қазақ-қырғыздың басына да келуі мүмкін деп ойлап, бүкіл қазақ-қырғызды билейтін үкімет керектігін ескертіп, сиез бір ауыздан қаулы қылды:
І. Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Амудария бөліміндегі қазақ үйездері, Закаспи облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ, қырғыз, халы, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі Автономия құруға.
ІІ. Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын.
ІІІ. Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын.
- Алаш автономиясының мизамын Бүкілрусиялық учредительное собрание бекітеді.
- Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі, бүкіл мекемеде санына қарай орын алады. Алаш автономиясының қолында жерсіз халықтар болса, оларға ұлт және мәдени автономия беріледі.
- Ахмет Байтұрсынұлы. 2. Мағжан Жұмабайұлы. 3. Елдес Омарұлы. 4. Биахмет Сәрсенұлы. 5. Телжан Шонанұлы.
- Азық-түлік жұмысын сайланған земстволар ешбір тоқтаусыз өз қолына алады.
- Алашордасы әрбір облыстағы астықтың ұзын санын біліп, астығы жоқ жерге, астығы мол облыстардан астық алып беруге міндеткер.
- Қырғыз-қазаққа сатып алынған астықты азық-түлік комитеттері тоқтатпас үшін Алашордасы қам қылады.
- «Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтардың хуқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі, бүкіл мекемеде санына қарай орын алады. Алаш автономиясының қолында жерсіз халықтар болса, оларға ұлт және мәдени автономия беріледі».
- «Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен, уақытша ұлт кеңесін құруға, мұнын аты «Алашорда» болсын.