«Слово пацана» сериалының дүрбелеңі. Министрлер көрмеген, көргендерде күдік көп

2256
Adyrna.kz Telegram

Қараша айында көрермен назарына жол тартқан «Слово пацана. Кровь на асфальте» (Жігітше сөз. Асфальттағы қан) сериалы қоғамда үлкен резонанс тудырды. 80-жылдардағы аудандарды қамтыған криминалистік өмірді суреттеген туынды шыға сала көп қаралым жинап, жастар арасында трендке айналды. Ал Қазақстанда сериалдың көрсетілімін тоқтату бойынша мәселе талқыланып, саясаткерлер оның негізгі идеясы мен жалпы мәні туралы түрліше пікір білдірді. Толығырақ «Адырна» тілшісінің дайындаған материалында.

Таяуда Алматы облысында жастар арасында жаппай төбелес болды. Жәпек батыр ауылының тұрғындары мектеп оқушылары арасындағы мұндай келіспеушілік бірінші рет болып отырмағанын хабарлады.

Аудандық білім бөлімі төбелеске Жәпек батыр ауылындағы әртүрлі мектептердің жасөспірімдері қатысқанын хабарлады. Жігіттер футбол ойнап, олардың арасында жанжал шығып, артынша төбелеске ұласқан. Төбелес салдарынан бір бала жарақат алып, қазір ауруханада жатыр.

Аталмыш жайттан соң Алматы облысы Қарасай аудандық полициясының бастығы Елзат Қанатұлы «Жігітше сөз. Асфальттағы қан» сериалы жасөспірімдер мен мектептердегі қылмыстық істерді насихаттайтынын, зорлық-зомбылық, арақ-шарап ішу, арсыздық пен құқық бұзушылық көріністері көп екенін атап, ата-аналарға балалардың не көріп жүргеніне көңіл бөлуін сұраған.

«ЖАСТАРДЫ ҚЫЛМЫСҚА ҮГІТТЕЙДІ»

«Жігітше сөз. Асфальттағы қан» сериалы «Қазан феномені» деп аталатын бұрынғы КСРО аумағында пайда болған жастар арасында ұйымдасқан қылмыстық топтар оқиғаларына негізделген.

Сюжетте басты кейіпкер 14 жасар Андрей өзі қатарлы Маратпен достасады, ал оның ағасы бұрынғы «ауғандық» топтардың бірін басқарады. Үйден шықпайтын тәртіпті бала өз өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып, қылмыс әлеміне қалай жол тартып кеткенін аңғармай қалады.

Татарстан омбудсмені Ирина Волынец бұл фильм «бандитизмді насихаттайды, «Қазан феномені» сияқты қорқынышты құбылысты ақтап шығып, жастардың көз алдында қылмыстық әлем туралы жалған түсінік қалыптастырады» деді.

Оның айтуынша, сериал қазірдің өзінде балалар қылмысының өршуіне себеп болды, жасөспірімдер кейіпкерлерге еліктеп, өз аудандарында өзінше топтарын құруда.

«ФСБ ӘДЕЙІ ТҮСІРГЕН»

Журналист, қоғам белсендісі Нұрбек Бекбау сериалдың түсірілу идеясын саяси мәнмен байланыстырды.

"Слово пацана" сериалын ФСБ әдейі түсіріп жатыр. Мынау кинодан соң, қала-қалада маргинал жастардың радикалды-қылмыстық топтары көбейеді. Осылардың қолымен ФСБ от көсейтін болады. Ресей билігіне, жүйеге қарсыларды әлгі ОПГ күшімен қорқытып-үркітетін болады,-дегенді оқып қалдым. Жаны бар сөз сияқты. Ресей қазір соғысып жатыр. Және ең жаманы, әлгі соғысы ұзаққа созылып барады. Ал өткен тарихқа қарасақ, Ресей ұзаққа созылып кететін соғыста міндетті түрде жеңілуші еді. Өйткені, ұзақ соғыстан барын, бәрін берген халық ашыға бастайды. Аш халық ашушаң келеді. Ашулы орысты көшеге шығару оңай. Ал шын көшеге шықса, орыс тоқтай алмайды. Пушкин айтпақшы: "Русский бунт — бессмысленный и беспощадный. Наши люди жестокосердые, коим чужая головушка полушка, да и своя шейка копейка"... Соғыстан назар аулау үшін әрі билікке қарсыларды шошытып тастау үшін, Ресей әдейі 90-жылдардың бандиттік-қарақшылық өмірін модаға айналдырып жатқандай. Сериал арқылы қылмыстық топтарды тәрбиелеп, әлгілерді ФСБ курировать етіп отыруға бет алған шығар? Әйтпесе, ОПГ жайлы сериал түсіру не үшін керек болды?» деп жазды ол желідегі парақшасында.

«БАНДИТИЗМДІ РОМАНТИЗАЦИЯЛАУ»

Саясаттанушы Асхат Қасенғали аталмыш бағыттағы туындылар түсіріле береді және оны тоқтату мүмкін емес деп қосты:

«Криминалдық заңның үстемдігі билік институттары әлсіз болғанда іске асады көбіне. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ пен Еуропада ол айқын көрінді. Ішімдікті заңсыз сату, табак бизнесі, заңсыз қару саудасы, мәселені сотпен емес, автоматпен шешу дегендей. Кейін ол жаппай гангстерлік идеологияны қалыптастырды. Арнайы сөздер, кодекс, «намыс түсінігі» және басқа. Фильмдер, әндер соған арналды дегендей. КСРО құлайтын кезеңде де солай болды. Ол әсіресе Горбачевтің қайта құруы кезеңімен тұспа-тұс келді. Айтпақшы сол сәтте де ішімдікке тыйым салынып, криминал оны кейін қаржы табу көзіне айналдырды (ол бірақ басқа тақырып). 90-жылдары бұл тіпті өршіп кетті. «Рэкет» дегендер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптады. Кейбір азаматтар оларды «батыр» санайды. Бұл көбіне экономикалық жағдайы қиындап, саяси институттар әлсіреген сәтте байқалады. Сондықтан да «жабу керек, тыйым салу керек» дегеннен түк шықпайды. Интернет бар сәтте ол мүмкін де емес. Бастысы кез келген туындыны көрген соң, оған еліктеп кетпейтін қоғам қалыптастыру қажет. Ол екі жағдайда ғана мүмкін болмақ: Білімі жоғары ұрпақ және экономикасы мығым мемлекет. Бұл екеуі болмай, бандитизмді романтизациялау, ал бандиттерді «батырға» теңеу жалғаса береді” деп жазды ол.

«ЗЕРТТЕУ» ЖАЙЛЫ АЙТҚАН МИНИСТРЛЕР ФИЛЬМДІ КӨРМЕГЕН

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Білім министрі Ғани Бейсембаев ресейлік  «Жігітше сөз. Асфальттағы қан» сериалына Қазақстанда тыйым салу керек пе деген сұраққа жауап берді.

Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір тиісті мәселе зерттелуде.

"Өздеріңіз білесіздер, қазір бұл сериалдың төңірегінде ақпарат өте көп. Ресей Федерациясының өзінде де бірнеше мәлімдемелер жасалды. Біз қазір бұл мәселені зерттеп жатырмыз. Біз ертерек қорытынды жасағымыз келмейді. Біздің министрлік бұл мәселеге қатысты бірнеше сарапшылармен бірге, сондай-ақ Ақпарат министрлігімен қоса зерттеу жүргізіп жатырмыз. Әзірге ешқандай мәлімдеме жоқ", - деді Ғылым және жоғары білім министрі.

Саясат Нұрбектің әріптесі Білім министрі Ғани Бейсембаевтың жауабы да осындай болды.

"Білім министрлігі және жеке өзім кез келген зорлық-зомбылыққа қарсымыз. Әр нәрсенің шегі бар екені анық. Бұл мәселеге қатысты: белгілі бір зерттеу жүргізілуде. Біздің елде мектепте ешқандай зорлық-зомбылық немесе мұндай жұмыстар болмауы керек. Әріптесім дұрыс айтты: дұрыс шешім қабылдау үшін сараптамалық зерттеу қажет», - деді министр.

Сонымен қоса министрлер өздері сериалды әлі көрмегендерін айтты.

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер