“Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні” атты акция басталды

1305
Adyrna.kz Telegram
фото: Егемен Қазақстан
фото: Егемен Қазақстан

25 қараша - зорлық – зомбылыққа қарсы күнге орай елімізде “Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні” акциясы басталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Polisia.kz-ке сілтеп.

Бұл акцияның мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, ана мен баланы, олардың өмірін қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау болып табылады.

Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою аясында Ішкі істер министрлігі 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдерін, барша халықты  “Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні” акциясын өткізуге шақырады.

Аталмыш шараны өткізу барысында имидждік іс-шаралардан бөлек отбасында құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды, сондай-ақ жайсыз отбасыларды тұрғылықты жері бойынша тексеру жоспарланған.

Әр өңірде құрылған мобильді топтар тұрмысы жайсыз отбасылар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсетуге ерекше назар аудармақ.

Отбасындағы агрессорлармен әкімшілік қамауды өтеу кезеңінде профилактикалық жұмыс жасау үшін қоғамның белсенді өкілдері жұмылдырылып, арнайы қабылдағыштарға бару жоспарланған.

"Құрметті азаматтар! Егер сіз отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз немесе осындай жағдай туралы білсеңіз, оны жасырудың қажеті жоқ. Полицияның 102 жедел арнасы үнемі жұмыс істейді. Одан бөлек елімізде жақында ғана іске қосылған 111 тегін сенім телефоны бар, оған қоңырау шалып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету бағдарламалары туралы кеңес алуға болады. Әрбір шақыру бойынша полиция қызметкерлері жедел түрде сол жерге келіп, кінәлі адамдарды жауапқа тарту үшін заңда көзделген барлық шараларды қабылдайды", – деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.

Пікірлер