Бүгін - әйгілі таэквондашы Мұстафа Өзтүріктің туған күні

5195
Adyrna.kz Telegram
Сурет: yvision.kz
Сурет: yvision.kz

Бүгін — таэквондодан қара белбеу алтыншы дан иегері, Қазақстан Республикасы таэквондо федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа ӨЗТҮРІКТІҢ (1954-1995) туған күні.

Атақты спортшы 1954 жылы қарашаның 23-і күні дүниеге келді.

Ыстамбұлда туған Мұстафа Өзтүрік – қазақ және түрік таэквондосының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Ол – 1930 жылдары аталары қиын-қыстау кезде Қытайдың Алтайына кетіп, ол жерден Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға өткен қазақ диаспорасының өкілі.

Өзтүрік 1975-1980 жылдары Тайбэйдегі Халықаралық саясат университетінде оқып, журналист мамандығы бойынша диплом алған. Ресми өмірбаянына сәйкес, осы елде таэквондо спортына ынтасы ауып, шығыс жекпе-жегін үйренеді де, шеберлігін 7-кыпқа (сары-жасыл белбеу) дейін жеткізеді. Ең жоғары шегі 10-кып (ақ белбеу) деп саналатын таэквондода 7-кып иелері ғана «сахюнним», яғни шебер аталады. Оқу бітірген соң Өзтүрік Мюнхенде әскерилер мен полицейлерге шығыс жекпе-жегінен жаттықтырушы болып жұмысқа тұрады. Кейін Германиядағы алғашқы таэквондо мектептерінің бірін ашады. 1980 жылдардың басында Стамбулда да Мұстафа Өзтүрік мектебі ашылып, түрік шәкірттері әлемдік жарыстарда жүлде ала бастайды.

1990 жылы көктемде Мұстафа Өзтүрік Қазақстанның билік өкілдерінің шақыртуымен тарихи атажұртына алғаш келеді. Күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға баулу үшін Қазақстанға біржола орнығып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады. 1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшесі болады. Осы жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан азаматтығын алады. Оның шәкірттері алғаш рет 1992 жылы Түркиядағы халықаралық жарысқа барып, екі алтынмен оралады.

1995 жылы Мұстафа Өзтүрік жаттықтырған қазақстандық спортшылар әскерилер арасындағы таэквондодан әлем чемпионатында оңтүстіккореялықтарды ғана алға жіберіп, командалық есепте екінші орын алады.

Қазақстан қалаларының көптеген көшелеріне Мұстафа Өзтүрік есімі берілген. Алматы облысы Талғар ауданының Бесағаш ауылында спортшыға ескерткіш қойылған. Көптеген таэквондо мектептері Мұстафа Өзтүрік есімімен аталады.

Пікірлер