Қазақстандық мерген Әлем кубогында жеңімпаз атанды

2354
Adyrna.kz Telegram
Сурет: ҚР ТСМ Спортты дамыту дирекциясы
Сурет: ҚР ТСМ Спортты дамыту дирекциясы

Әсем Орынбай Қатар мемлекетінің астанасы Дохада өтіп жатқан нысана көздеуден Әлем Кубогының финалында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ұлттық құрама спортшысы стенд атудың скит бағдарламасында ақтық сынға шығып, 51 балл жинады. Кьяра Ди Марциантонио (Италия) 50 нысана дәл көздеп күміс жүлдеге ие болса, қола медаль Дания Джо Виццидің (АҚШ) еншісінде. Бұл сында 3 дүркін Олимпиада чемпионы Кимберли Роуд (АҚШ) жүлдеге бір табан жетпей тоқтады (34 ұпай).

Қазақ мергені қазір ISSF рейтингінде 7-орында келе жатыр.

«Өте бақыттымын. Жарыста күн райы қолайлы болды деп айта алмаймын. Сәт сайын жел тұрып, «тосын сый» жасап жатты. Соған қарамастан үздік шықтым. Бұл осы маусымдағы соңғы жарыс. Бар ойым лайықты өнер көрсету болды»,-деді спортшы.

Айта кетейік, биылғы маусымда Әсем Орынбай әр жарыста тұрақты өнер көрсетіп, бірнеше рет тұғыр биігіне көтерілді. Мамырда Алматыда өткен рейтингтік Әлем Кубогында жекелей сында топ жарып, ізін ала әріптесі Эдуард Ещенкомен бірлесіп, күміс жүлдегер атанды. Жазда Лонатодағы (Италия) Әлем Кубогында аралас жұптар арасында (Эдуард Ещенкомен) 3-орын алған.

Халықаралық нысана көздеу федерациясы (ISSF) мұндай финалды араға 4 жыл салып ұйымдастырып отыр. Бәсекеде 42 елден келген 179 үздік мерген бақ сынауда.

Пікірлер