«Еңбегімен ел таныған»

1961
Adyrna.kz Telegram

Мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, олардың дұрыс жол таңдауына ықпал ету — мектептің басты міндеті. Дәл осы мақсатта Алматы қаласы Әуезов ауданындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясы «Еңбегімен ел таныған» атты өнер майталмандарымен кездесу кешін өткізді. Арнайы қонақ ретінде қазақ өнерінің жарық жұлдыздары — актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Нұрәсілов пен «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Әсет Иманғалиұлы шақырылды.

Өнер иелерін мектеп ұжымы арнайы оркестрдің сүйемелдеуімен қарсы алды. Іс-шара барысында мектеп-гимназия оқушылары Ахмет Байтұрсынов мұражайын таныстырып, қонақтарға экскурсия жүргізді.

Кездесу кеші әрі қарай сұрақ-жауаппен және оқушылардың өнерімен жалғасты.

«5» д сынып оқушысы Есен Нұрлыбек өзінің арнау өлеңін оқып, қонақтарды таңғалдырса, Айзере Конкабаева, Байрамов Әли және Мидхатова Амина күміс көмей дауыстырымен көпшіліктің ықыласына бөленді.

Іс-шара барысында мектеп-гимназия жанынан ай сайын шығатын «Елсана» газетінің жас тілшілері авторлық туындыларын оқыды.

Сондай-ақ оқушылар әртіс ағаларына өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, сәтті мүмкіндікті ұтымды пайдаланып қалуға тырысты.

Белгілі кино және театр актерлері Мұрат Нұрәсілов пен Әсет Иманғалиұлы сұқбаттаса отырып, білім алушыларды ешқашан берілмеуге, арман жолында күресуге шақырды.

«10 жыл бойы актерлік өнер мамандығына түсе алмадым. Қазақ өнерінде мен секілді емтихандардан құлаған адам жоқ. Берілмей, ақырында арманыма жеттім. Бала күнімде ешкім бойдағы талантты байқамады. Өздігімнен жақсы актер болуға тырыстым»,—деді Мұрат Нұрәсілов.

Оқушылар Әсет Иманғалиұлының жақсы ән айтатынын байқап, өнер иесіне қолқа салды. Актер домбырамен тамылжыта ән салып, көпшілікті ерекше сезімге бөледі. Іс-шара барысында ол өзінің болашақта эстрадаға бет бұрмайтынын, ән айтуды хоббиі санайтынын атап өтті.

Кездесу соңында мектеп-гимназия директоры Ерік Нұрғұмарұлы ұжым және оқушылар атынан алғыс айтып, өнер майталмандарына шығармашылық табыс тіледі.

Диана АСАНОВА,
№139 мектеп-гимназиясы

Пікірлер