Мейірім шашқан қаталдық

128

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінің ұстаханасынан түлеп ұшқан тәлімгерлер үшін қай ұстаздың да орны алабөтен. Ал академик Зейнолла Қабдоловтың өзі «Мықшеге» деп атын атап, түсін түстеп тасқа қашап, тарихқа қаттап кеткен әйгілі ұстаз, профессор Темірбек Қожакеевтің орны – кейінгі жылдары жиі құлайтын зымырандар ойып кеткен қазаншұңқырлар секілді ойсырап-ақ тұр... Біз, КазГУ-де тоқсаныншы жылдардың орта шенінде білім алған студенттер Темірбек ағайдың алдын көрген соңғы буын болуымыз мүмкін. Мүмкін емес, анығында солай. Өйткені, иығына сүлейсапа жабылған шапанының етегі еденді сыпыра-мыпыра аудиториядан шығып бара жатқанын өз көзімізбен көргеміз...
Қас қақпай отырып лекциясын тыңдадық. Орыс-орманы бар, қазақтың ұлы тұлғалары бар, шетелдік классиктер бар, қысқасы Темағаңның сабағына қатысты сатира саңлақтарын жеті атамыздан артық жаттадық дейсіз. Зуанамыз ұшып, селкілдеп отырып семинарында жауап бердік. Сол кездері ол кісінің сабағы бар семестр өмірі аяқталмайтындай, тым ұзақ көрінетін еді. Бәрі аяқталды... Аудиторияға сыймай жүрген алпыс студент бас-басына кетті. Араға түскен жылдардың ізімен қарасақ Темірбек Қожакеев дейтін ұлы ұстаздың жамылған кеңістігінде қысқа уақыт қана тілдескен ақырғы шәкірттер екенбіз. Сондықтан, ағай туралы естелік те ұзақ бола қоймас.
Біз оқуға түскен жылдары ұстаз туралы «аңыздың ақыры» жүріп жатқан кез екен. Үрпек бас балапандар секілді үрпиіп-үрпиіп аудиторияға кірдік. Әр студентті орнынан тұрғызып мұқият танасып, журналына «қондырып» алды. Сосын, темірдей тәртіпке құрылған сабаққа қатысты талап-тілектерін тәптіштеп тұрып айтты. «Үркіткен, қорқытқан емес, сабаққа келмейтіндер осы сәттен бастап-ақ оқумен қоштаса берулеріңе болады!» деп барып тоқтады. Аудиториядан шыбынның ызыңы ғана естіледі. «Студент жолдастар! Сіз бен біздің бір семестр бойы бас мүжігендей қалтарыс-бұлтарысын түк қалдырмай қопаратын пәніміз «Сатираға кіріспе» деп аталады» деді ұстаз. Біз кірістік те кеттік. Өзі аласа бойлы ғана дембелше келген, маңдайы кереқарыс, алақанын үстелдің үстіне жапсырып қойып қос иығымен қомданып отырып лекция оқитын кісі екен. Енді лекцияны оқығанда айтары жоқ, «керең естіп, соқырдың жанарынан жас ағызардай» оқиды екен. «Біздің пәнімізге қатысты оқулықтар тізімін жазып алыңыздар» деді де ұзын-сонар кітаптарды тізді дейсіз. «Осыншама кітапты қалай оқып игереміз?..» Көзіміз шарасына сыймай кетті.
Бір қарағанда соншалықты қаһарлы да емес, жайдары көрінді. Алайда «қаһарлы емес екен» деп жөнсіз арсалаңдап, ұстаның шоғынан жаңа шыққан темірге қарылғандай арандап қалғандар көп. Қысқасы, бәрін жіпке тізе беретін емес, лекцияның да, семинардың да шып-шырғасын шығармай, тәптіштеп тұрып оқыдық. Өзге пәннің мұғалімдерінің көрсе көзі тоятындай қатарымызды бір де сетінетпей, аудиторияны аузы-мұрнынан шығарып, иінтіресіп, тізіліп отырдық. Отырып қана қоймаймыз, оқылған лекцияға қатысты оқулықтардан сатираның жеті атасын таныстырып, түрлі-түрлі қаламсаппен түрлендіріп тұрып конспект жаздық. Семинарда сұраған жерден жалғап, тоқтатқан жерден үзіліп отырдық.
«Әй, жолдастар! Конспектілерің де, семинардағы берген жауап та жақсы. Бұл – болашақ журналистің теориялық дайындығын шыңдайды. Бұдан бөлек «практикалық машық» деген бар. «Құр конспектілей бергеннен төрт құбыласы түгел журналист шығады» дегенді кім айтты сіздерге? Сондықтан, ақпарат құралдарына мақала жариялап, жағдайларыңызды жақсартыңыздар!» дегенді де ұстаз жиі айтады. Біз тәлімгердің бұл талабын да бұлжытпай орындауға тырыстық. 90-жылдардың орта шеніндегі ақпарат кеңісітігінде «Қазақстан-Заман» газетінің бет-беделі қандай болғаны барша әріптестерге, оқырмандарға мәлім. Сол басылымда университет қабырғасында оқитын осы жолдардың авторының бірнеше мақаласы жарық көрді. Алғашқы мақалам шыққан кезде бүкіл студенттердің алдында аяқ-қолымды жерге тигізбей мақтап, дәріптеп, ең жоғарғы балды қойғаны былай тұрсын алдағы семинардан босатып та жібергені курстастарымның есінде. «Күлшелі бала сүйкімді» деген. Әр лекция сайын бір газеттен қолтықтап барам. Бүкіл курста басылым бетінде мақаласы жиі жарияланатын екі-үш-ақ студент болды, соның бірі осы пақырыңыз. Ақыры ағайдың сабағынан автомат алып тындым! «Ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс, «айттым бітті, кестім үзілді дейтін қатал ұстаздың алдына барсаң өз-өзіңнен пұшайман болып, жыланға арбалған жандай мелшиіп қалудың да жөні жоқ екен. Сәтімен сабағын реттеп отырсаңыз, қабағын, одан қалса тамағын да береді. Сүйкіміміз артқан соң жолға түскен жорғадай лекцияны да, мақаланы да сүйкейтін болып алдық. Көңілі жайланып ол кісі де мейірім шашатын болды. Ептеп әзілдесіп қояды. Бір күні Темағаң: «Жанарбек, айналайын, жаныңа өзіңнің көңілің жақын және сабағы дұрыс екі-үш досыңды ертіп менің саяжайыма келіңдер. Көмектерің керек болып тұр, қысқасы топырақ қопсытуымыз керек. Ал санамалап көрші, кімді ертесің жаныңа?» деді. Мен ананы, мынаны айтқан болдым. «Жоқ! Сабағы нашар, аудиторияға құр сүлдерін сүйреп келіп жүргендерің керегі жоқ, өзім-ақ аударып алам...» дегені. «Болды ағай, алаңдамаңыз!» деп жинап алған қас-қабағын зорға тарқаттым. Ертесі ұстаздың ұлы Мәдет ағамыз тізгіндеген ақ «Волгамен» үш жігіт таудың баурайындағы саяжайға келдік. Соншалықты тасып бара жатқан жұмыс та жоқ екен. Екі-үш сағаттан соң: «Әй, жігіттер! Бүгінге осы да жарап қалар, демалыңдар, сусын ішіңдер! Мәдет, мамаңа айтып қойғам, ас-суы да әзір болып қалған шығар, барып біліп кел, моншаңды да әзірлеуді ұмытпа!» деді. Содан соң екі сағаттай тоқтамай ғажап әңгімелер айтты. Алаш қайраткерлері туралы көп толғады. Бейсенбай Кенжебаев туралы керемет әсерлі әңгім айтып берді. Аузымызды ашып, көзімізді жұмып біз отырмыз!
Біраздан кейін ағайдың қала сыртындағы «КИЗ»-дағы даңғарадай жер үйінің төрінде отырдық. Азат апамыз былқытып тұрып ет асыпты. Одан бұрын ақ тер, көк тер болып моншаға түстік. Сол күні расында керемет демалыс болды. Дастархан басында да ұстазымыздың ашылғанын көрсеңіз. Сол күні жатақханаға түннің бір уағында келдік. Өз басым біраз уақытқа дейін тау бөктеріндегі сол сәттер мен ұстазымыздың сонау «зар замандағы» тағдырлар туралы әңгімесінің әсерінен арыла алмай жүрдім...
Араға аз уақыт салып Темағаң 70 жасқа толды. Ол кезде ағайдың семестрі аяқталып, біз келесі курсқа аттап кеткенбіз. Және күндізгі бөлімде оқи жүріп «Алматы ақшамы» газетіне толық еңбек күніне жұмысқа орналасып алғам. «Сені Темірбек ағай іздеп жатыр» деді қыздар. Не жан қалсын? Жүгіріп кафедраға бардым. Ағай отыр екен. «Жанаржан, ағаңның 70-ке толғанын білесің, қала әкімі пәтер сыйлағанын және білесің. Енді соны көшіру керек!» деді. Қасыма бес жігітті алып айтқан жерден табылдым. «Достық» көшесінің бойындағы әлгі «Қожакеев балконнан емес, желкеңнен қарап тұр!» дейтін «Үш батырдан» ағайдың үйін Төле би мен Б.Момышұлы көшелерінің қилысындағы екінші қабатқа көшірдік. Сондағы ұстаздың негізгі байлығы – том-том кітап екеніне көзіміз жетті. Аса үлкен құрметпен, ынтызарлықпен ағайға қызмет еттік. Ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынасқа шама келгенше қылау түсірмеуге тырыстық.
...Біраз уақыттан кейін ағай университеттен кетті. Не үшін? Қалай? Қандай жағдайда кетті? Қалай шығарып салды? Айтқым келмейді. Ішіміз бірнәрсені сезеді, әйтеуір... Университеттің дәлізінде, жатақханада сөз желдей есіп тұрды. Жарбаңдап әңгіме соғып тұрғандардың жанына барып босқа жас жаныңды ауыртып нең бар? Қаңқуға құлақ асатын уақыт жоқ. Оқу, жұмыс! Кейін қалалық газеттен «Жас Алашқа» ауысқанда ағай арнайы редакцияға келіп құттықтап, қолтаңбасымен кітабын сыйлады.
Темірбек Қожакеев дейтін ұлы ұстаздың қоғамдық-әлеуемттік өміріндегі күнгейлі-теріскейлі шақтар жайлы аға буын аз айтқан жоқ. Желтоқсан кезіндегі көрген қуғын-сүргінінің өзі бір дастан. Сол кезеңдердегі өзін өзі ұстауы, досқа күлкі, дұшпанға таба болмай, бәрін сабырға жеңдіріп, бірнеше жыл шаң басқан архивтерді қопарып, түн баласы ұйқы көрмей тұлғаларды тірілтуі – сұрапыл ерлік! Әлгі бір «Көк сеңгірлер» бастаған тұлғатануға арналған Алаштекті кітаптар легі соның дәлелі.
Кез келген әке өз ұрпағының лайықты ізбасары болғанын қалайды. Осы орайда тұлпардың тұяғы, тектінің көзі – Мәдет Темірбекұлы әке аманатына тозаң қондырмай, Қожакеев әулетінің лайықты мұрагері болып келе жатқаны жан семіртіп, көңіл тоғайтады. Ата-баба дәстүріне сай жыл сайын елге апарып атқа мінгізіп, тікелей Темағаңның тәрбиесін көріп өскен, басқа салада қайраткер болып қалыптасып келе жатқан немересін – Мирастан да Қожакеев тегеурінін, намысын, қайратын, білім-парасатын айқын сезуге болады.
Заманында бүкіл дүниені «бір тарының қауызына сыйдырған» көзі кеткен соң атаусыз қалып кетіп жатқан тұлғалар қаншама? Осы тұрғыдан алғанда да бүтін бір дәуірдің ақпарат кеңістігінің «қақпағын» өз қал-қадарынша ашып-жапқан шәкірттері бар, ұрпақтан ұрпаққа жететін кітаптары бар, ең бастысы өз әкесінің қадір-қасиетін сезіп қана қоймай, оның кейінгі өмірінде ел есінде қалдыру үшін аянбай еңбек етіп жүрген ұрпақтары бар, Темірбек ұстаз Қожакеев өт-те бақытты тұлға! Құдай Тағала бүтін бір елдің идеологиясын еңбек еткен айтулы тұлғаның екінші өміріндегі осы бір бағын көп көрмесе екен!

Ұстазға деген алабөтен көңілмен 1995-1999 жж. шәкірті, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі – Жанарбек ӘШІМЖАН.

Пікірлер