ТМД саммитінен соң Пашинян ҰҚШҰ жиынына да қатысудан бас тартты. Себебі айтылмады

1993
Adyrna.kz Telegram

Армения премьер-министрі Никол Пашинян 23 қарашада Минскіде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) отырысына қатыспайды. Ол бұл шешімге «түсіністікпен қарауды» сұрады, бірақ бас тарту себебін айтпады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

«Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Беларусь президенті Александр Лукашенко телефон арқылы сөйлесті. Армения премьер-министрі Беларусь президентіне ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатыса алмайтынын хабарлады және оның ҰҚШҰ-дағы әріптестері бұл шешімге түсіністікпен қарайды деп үміттенетінін айтты», - делінген «Интерфакс» агенттігінің хабарламасында.

ЛУКАШЕНКОНЫҢ УАҒЫЗЫ

Әңгімеден кейін Беларусь президенті Александр Лукашенко Пашинянға «ыдырауға қарай асығыс қадамдар жасамауды» ескертті. Бұл туралы Лукашенконың баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонт айтты.

Оның айтуынша, «Президент өзінің тәжірибесіне және басқа да белгілі саясаткерлердің осыған ұқсас жағдайдағы әрекеттеріне сүйене отырып, Армения премьер-министріне асықпай, беталды шешім қабылдамай, ыдырауға бағытталған келесі қадамдарды байыппен қарастыруды ұсынды», - деді Эйсмонт ханым Беларусь мемлекеттік БЕЛТА агенттігіне.

Армения үкіметінің баспасөз қызметі шақыртудан бас тартудың нақты себебі неде екенін айтпады.

КРЕМЛЬДІҢ ӨКІНІШІ

Кремль Пашинянның шешіміне өкініш білдірді.

«Біз әрбір үкімет басшысының немесе мемлекет басшысының жұмыс кестесінде өз іс-шаралары және өз жағдайлары болуы мүмкін екенін түсінеміз. Бірақ тек өкінішті деуге болады, өйткені мұндай кездесулер пікір алмасуға және нәтижелерді салыстыруға өте жақсы мүмкіндік болып табылады», - деді Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Бір апта бұрын Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян ТМД елдеріндегі әріптестерімен кездесуге қатысудан бас тартты. Бұл шешімнің себептері де айтылмады. Ел атынан Мәскеудегі Елші Вагаршак Арутюнян қатысты. Қазан айында Пашинян Бішкекке ТМД саммитіне де, сондай-ақ ЕАЭО және ТМД үкіметаралық кеңестеріне де барған жоқ.

БАРАТЫН ЖЕРДЕН БАС ТАРТУ

Армения билігі 2022 жылдың күзінде Әзірбайжанмен шекарадағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты ҰҚШҰ-ның жауап бермегеніне наразылығын білдірді. Нәтижесінде Ереван ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы мен Арменияға көмек көрсету жөніндегі бірлескен шаралар жобасына қол қоймады.

Биыл Армения өз аумағында ҰҚШҰ «Мызғымас бауырластық-2023» маневрлерін өткізуден бас тартты, оларды орынсыз деп атады, сондай-ақ ұйымның ядролық нысандағы апатты жою жөніндегі кезекті бірлескен оқу-жаттығуына қатысқан жоқ.

Қазан айында Пашинян The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында өз елінде ресейлік базалардың сақталуынан ешқандай артықшылық көрмегенін айтқан. Премьер-министр сондай-ақ Мәскеуді Қарабақтағы қақтығыстың шиеленісуіне байланысты одақтастық міндеттемелерін орындамады деп айыптады.

Пікірлер