Біз зайырлы қоғамға құрылған заңмен өмір сүретін елміз. Сондықтан, біздің елде Ата заңымыз бола тұра екінші бір діннің заңы қатар қолданыста болуы - бітпейтін текетіреске алып келетіні заңдылық.
Мына видеодағы “ұстаз” мешітке жамағатын жинап алып “әйелді ұруға” рұхсат беріп отыр. Тіпті, әйел адамын осылай “тәрбиелеуге” үгіттеп отыр десе де болады.
Сонда қалай болғаны?!
Біздің елде отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңдарымыздың аясында қаншама жұмыстар жүргізіліп жатыр. Президенттің жанынан құрылған арнайы комиссия да жұмыс істеуде. Егерде оған мұқтаждық болмаса, онда ол комиссия мен оның өңірлердегі өкілдері тұрақты жұмыс істемес еді. Олардың қолындағы статистикалар балалардың құқығына байланысты ашық жарияланбайды. Бірақ, сол комиссияның өңірлердегі мүшелерімен ауызекі сөйлессеңіз сұмдық мәліметтерді ести аласыз. Ондай отбасылармен күресуге комиссияның тіпті ресуростары жетпей жатыр.
Енді қараңыз!
Үкіметтік мекемелер шамасы келгенше күресіп жатқанда, мынандай молдасмақтар отбасындағы зорлық-зомбылыққа рұхсат беріп, тіпті үгіттеп отыр.
Бір отбасындағы әйелі өз құқығымен өмір сүргісі келсе, мешіттен мынандай уағыздармен “арқаланып келген” еркегі отбасындағы қатынасын “шариғатымен реттегісі” келеді. Бір отбасындағы қатынастың екі түрлі заңмен реттелуі мүмкін бе? Әрине, жоқ!
Мемлекет те - Үлкен отбасы.
Мұндай қатынас бір отбасын екіге бөлуге алып келетіні заңдылық. Ал, оның зардабы мен жүгін көтеретін бала мен мемлекет!
Бұдан шығатын қортынды - Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы өзінің уағыздарын қайта қарайтын уақыт келді деген сөз. Абай атамыздың “Әннің де естісі бар, есері бар” дегеніндей, шариғат заңдарының да біздің зайырлы қоғамға қатысты “естісі бар, есері бар” болып тұр.
Мешіттердегі уағыз айтатын “ұстаздарын” қайта дайындықтан өткізіп, біздің құқықтық қоғамның ұстанымына қарсы келетін кез-келген шаризат заңдарын насихаттауға тиым салулары керек.
Тіпті, Парламенттегі Құқықтық комитеттің мүшелері мен білікті заңгерлерден жұмысшы тобын құрып, біздің қолданыстағы заңымызға қарсы келетін шариғат заңдарын қайта қарап, сүзгіден өткізіп алу керек деп ойлаймын. Осылай біздің Ата заңымызға қарсы келетін кез-келген шариғат заңдарын үгіттеуге тиым салынуы керек.
Сонда ғана діннің заңы мен еліміздің қолданыстағы заңдары арасындағы текетірестің жойылуын қамтамасыз етуге болады. Болмаса, жылдағы “орамал дауы”, “отбасы заңы” т.б текетірестердің жыл өткен сайын шиелене түсе берері анық.
Кешегі экс-министрдің мәселесі қоғамдағы айсбергтің тек төбесі ғана. Онда да ол адам танымал болған соң жарыққа шығып кетті. Ал, ондай отбасылардың шынайы мәліметтерін көрсеңіздер шаштарыңыз тұрады. Бұл жайында Президент жанындағы комиссия мүшесі Баян Айтбековна Жандосова апаймен бір жоба бойынша екі күн жүріп сұмдық мәліметтерге әбден қаныққанмын.
Ал, мынандай “ұстазсымақтарға” бәрі бір. Алдына келген жамағатының қошеметіне арқаланып, заңға қайшы болса да “шариғат осы” деп заңсыздыққа айтақтап отыра бермек. Жақсы бір заңгер арқылы мына молданың үгіт-насихатын сараптамаға жіберетін болсаң, зорлық-зомбылыққа үгіттегені бойынша оң қортынды алуға болады. Ары қарай заңмен жазалау түкте емес. Осы бойынша ҚР Бас прокуратурасының назарына / да ұсынамын. Қылмыстың құрамы бар-жоғын саралауға.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мырза!
Сіздің назарыңызға бүгін ресми хатпен ұсынысымды жолдаймын. Ары қарай сізден “Шариғат заңдарын Ата заңымызға сай қайта саралап, біздің қоғамда қолданысқа жарайтын-жарамайтындарын ҚМДБ-ға ажыратып беру мен молдаларды қайта дайындау курстарынан өткізіп, арнайы сертификат арқылы уағыз айтуларына рұхсат беретін заң қабылдау туралы” осы ұсынысымды комитеттің күн тәртібіне енгізуді сұраймын.
Ата заңның үстемдігі кез-келген шариғат заңынан жоғары болуы керек!
Ол қатаң бақылауда болуы керек.