"Алашқа тағзым" "Ақ жолдан"

1415
Adyrna.kz Telegram

Жақында ғана 9 мамыр Жеңіс күні "Мәңгілік полк" шеруі  бүкіл Қазақстанды аяғынан тік тұрғызып еді. Біреулер қолдап, енді бірі қарсы болып, қазақ қоғамын екіге бөліп тастаған болатын. Осыған қарама-қарсы балама ретінде "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу  үшін «Алашқа тағзым» атты шеру өткізу жайлы ұсыныс тастаған болатын. Бұл ұсыныс қоғамнан қолдау тапқанмен биліктен қолдау таппады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Ақ жол» партиясының "Алашқа тағзым" шеруіне рұқсат бермеді. Бірақ, "ақжолдықтар" да берсе қолынан, бермесе жолынан деп, нар тәуекелге барып отыр. «Ақ жол» партиясы әкімдіктің тыйым салуына қарамастан «Алашқа тағзым» атты іс-шарасын өткізеді. Бұл туралы Азат Перуашев әлеуметтік желілерде тараған бейнеүндеуінде хабарлады.

"Құрметті қазақстандықтар!

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Ақ жол» партиясының саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу  үшін «Алашқа тағзым» атты шеру өткізу жайлы ұсынысына рұқсат бермеді.

Рұқсат бермеуге негіз болған себептері – қып-қызыл өтірік. Біздің өтінішімізде барлық қажетті ақпарат заңға сәйкес көрсетілген болатын.

Мемлекеттік органдарды да түсінуге де болады: олар сайлау кезінде түрлі арандатулар мен бассыздықтардан қауіптеніп отырған шығар.

Сондықтан мынаны айтқым келеді: ешкім отқа май құйып, көпшілікті ашындыруға мүдделі емес. Мемлекеттік институттарды әлсірету - азаматтардың өздері үшін де, мемлекет үшін де қауіпті нәрсе. Ал ұлттық тәуелсіздігіміз бен жеріміздің тұтастығын сақтау үшін күшті мемлекет керек.

Сонымен қатар, ол жай күшті ғана емес, әркім өзінің мүмкіндіктері мен құқықтарын жүзеге асыра алатын әділетті де, озық мемлекет болуы тиіс.  

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, «Алашқа тағзым» шеруіне рұқсат бермегенімен, «Ақ жол» партиясының жетекшілері мен депутаттары 31 мамыр күні «Алаш» қайраткерлері және қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларының портреттерімен ұлтының азаттығы үшін күрескен құрбандардың ескерткішіне барып, гүл қойып, құран бағыштайтынын хабарлайды.

Бұл митинг емес, сондықтан біз осы жолы ешкімнен рұқсат сұрамаймыз. Біздің Қазақ Республикасының болашағы үшін құрбан болғандарға тағзым етуге толық конституциялық хақымыз бар" деген Азат Перуашевтің бейне үндеуінде.

Расымен де қазақтың егемен ел болуын бір ғасыр бұрын армандап, сол арман жолында, ұлт мұраты үшін бастарын берген арыстарымызға жыл он екі ай құрмет қылсақ та, жарасады. Ал, бабаға деген құрмет пен тағзым, ол жас ұрпақтың санасына патриоттық рух болып құйылары сөзсіз.

 

 

Пікірлер