Президенттердің кеңсесін көрген. Назарбаев үшін жанын шүберекке түйген Абай Бисембаев кім?

5586
Adyrna.kz Telegram

Билік транзиті басталғанда жаңа президент пен ескі президенттің кеңсесінде қатар қызмет атқарған Абай Бисембаев соңғы кезде бұрынғы басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың консильериі атанып жүр. Оның экс-президент қасынан табылуы бір бұл емес. Ол кім, бұл не?

Әлеужеліде кей оқырман экс-президентке қатысты кейбір мәліметтерді ерсі көретінін жазады. Алайда елді 30 жыл бойы үздіксіз билеп, мемлекетте бір әулеттің ғана қас-қабағына қарайтын жүйе қалыптастырған, халықтың қазіргі деңгейіне себепші болған басшының әрбір қадамы қоғам үшін маңызды.

Жуырда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ауылына барып, отбасы мүшелерімен суретке түскені әлеуметтік желіде жарияланған болатын. Іле шала белгілі журналист Әсет Матаев экс-президент өз дүние-мүлкін консильериі, яғни көмекшісі Абай Бисембаев арқылы дүние жүзі бойынша сатып жатқанын хабарлады.

Абай Бисембаев кім және ол Нұрсұлтан Назарбаев үшін қаншалықты сенімді азамат?

АҚОРДА МЕН КІТАПХАНАДА ҚАТАР ҚЫЗМЕТ АТҚАРҒАН

Қазір 56 жастағы Абай Бисембаев Ақмола облысында дүниеге келген. Яғни ол экс-президенттің ең жақын туысы болатындай Алматы облысынан шықпаған.

Ол еңбек жолын ол 1984 жылы Көкшетау облысының құрылыс-монтаж басқармасының жұмысшысы ретінде бастаған. 1992-1994 жылдары Мемлекеттік мүлік комитетінің жетекші маманы, бөлім басшысы, жаппай жекешелендіру басқармасының бастығы болса, 1994 жылы Министрлер Кабинетінің Әкімшілік аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы қызметін атқарған. Одан кейін Президент жанындағы Экономикалық кеңесшілер кеңесінің консультанты, бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі (1995-1996) және 1996-1997 жылдары  «Мемлекеттік азық-түлік келісім шарт корпорациясының» әуелі вице-президенті, кейін президенті болып шыға келеді.

Кейін Абай Бисембаевтың Президент әкімшілігінің орынбасары болып қызметі көтеріледі. 2012 жылы Президенттің іс басқарушысы болса, 2019 жылдан 2022 жылға дейін, яғни Қаңтар көтерілісіне дейін Президент іс басқарушысының бірінші орынбасары болып қызмет атқарады. Бұл Президент Тоқаевтың дәуіріне тиесілі қызметі. Бір қызығы ол (19.03.2019-04.2022) дәл осы кезеңде Тұңғыш президенті – Елбасының көмекшісі қызметін қатар атқарады.

АЙДОС САРЫМ БАСЫНАН ӨТКЕРГІСІ КЕЛМЕЙТІН ТРАГЕДИЯ

Әсет Матаевтың ақпаратына сенсек, Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға көшуді жоспарлап отыр және оның консильері Абай Бисембаев экс-президенттің көптеген жылжымайтын мүліктерін сатып жатқан көрінеді.

Абай Айдарханұлының есімі дүние мүлікті сатудан бұрын Қаңтар көтерілісі кезінде Нұрсұлтан Назарбаевты құтқаруымен көпшілікті есінде болуы керек. Нақтырақ айтсақ, Айдос Сарым Orda news YouTube-арнасына берген сұхбатында Қанды қаңтар кезінде Нұрсұлтан Назарбаевты Бисембаев құтқарды деп айтқан болатын.

– Экс-президент, Елбасының «Қаңтар оқиғасына» еш қатысы жоқ шығар. Ол үшін бұл нағыз шок болды. Барлық туысқандары Дубайға қашып кеткенде, ол Алматыдан ұшып келді. Ол тіпті өзінің қауіпсіздік қызметіне де сенбеді, оны көмекшісі Абай Бисембаев өз чартерімен, өз жеке көлігімен Алматыдан алып кетті. Сіз тіпті бұрынғы президенттің арнайы қызметтерге қатысты қандай дәрежеде сенімсіздік танытқанын елестете аласыз ба? Осы әуежайды экстремистер басып алмай тұрып, ол Астанаға ұшып үлгерді. Бір ғана факт, бірақ бұл – нақты факт, экс-президент өзінің күзетіне де, мемлекеттік күзет қызметіне де, комитетке де сенбеді. Оны ҚР Президенті ісін басқарушы бірінші орынбасары Бисембаев құтқарып қалды. Ол өз көлігімен президентті алып кетті. Бұл – үлкен трагедия. Мен мұндайды өз басымнан өткізгім келмейді, – деген еді Айдос Сарым.

Осындай қызметтік өсу баспалдақтары және Назарбаевтың сенім тестінен өткен Абай Бисембаев былайғы жұртқа экс-президенттің қазына қамбасы сияқты елестейді. Уақыт бір орнында тұрмайды. Қазір кемел шағына келіп толысқан Абай Бисембаев та күндердің бір күнінде мемуар жазар. Ол мемуары да бестселлер болар...

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер