Түркі саммитінен соң Қытай мен Ресейдің құлағы көрінді. Сарапшылар пікірі

2445
Adyrna.kz Telegram
Сурет: orda.kz
Сурет: orda.kz

Өткен аптаның айтулы оқиғасы – Астанада Түркі мемлекеттері Ұйымының мерейтойлық X саммиті өтті. Президент Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиынға қатысу үшін түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы Қазақстанға мемлекеттер басшылары арнайы келген. Қазақстандық сарапшылар ұйым жұмысын әрқилы бағалайтынын білдірді.

Қарашаның 3-індегі жиынға ұйымға мүше Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттерімен қоса ұйымға бақылаушы Венгрия басшысы мен Түркіменстан президентінің әкесі қатысты.

Мерейтойлық жиында ұйымның кезеңдік төрағалығы Өзбекстаннан Қазақстанға өтті.

ҚҰРЫЛТАЙ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ

Президент Тоқаев қонақтарға айрықша ілтипат білдіре отырып,  Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды, беделді халықаралық ұйымға айналғанына назар аударды.

- «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет, - деді Мемлекет басшысы.

Президент оныншы рет өткен саммитте Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтып, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді.

Мемлекет басшысының пікірінше, түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Себебі тарих, мәдениет, тіл мен діл – ортақ. Осыған байланысты Президенттің тарапынан Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн деген идея да айтылды.

- Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар. Сондай-ақ елдеріміздің телехикаяларын өзара насихаттау маңызды. Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек таратқан жөн. Бұған әлеуметтік желіні пайдалану, танымал медиа тұлғаларды жұмылдыру керек деп есептейміз. Сол арқылы жастарымызды рухани тұрғыдан жақындастыруға мүмкіндік туары сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ОРТАҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ОРТАҚ ӘЛІППЕ

Президент Тоқаев қауіпсіздікке тоқталып, қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз екенін айтты. Алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу саммитке мүше мемлекеттер үшін маңызды.

- Қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек. Осы орайда мен келесі жылы Астанада мемлекеттеріміздің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-ші отырысын өткізуді ұсынамын. Түркі мемлекеттерінің қаржылық тергеу органдары арасында қылмыспен бірге күресу және ақпарат алмасу туралы келісім жасау маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саммитте Түркия Республикасының басшысы Рәжаб Тайп Ердоған түркі мемлекеттерінің ортақ әліпбиін жасауды ұсынды.

- Біздің бірлігіміз үшін тіл мәселесі, ортақ әліпбидің болуы өте маңызды. Президенттердің қолдауы да аса үлкен мәнге ие. Бұл жерде Жоғары білім кеңесіміз хатшылыққа арнайы ұсыныстар айтты. Олар жоғары бағаланады деген үміттеміз, - деді Ердоған.

ДРОН ЖӘНЕ БАСҚА ТАУАРЛАР

Саясаттанушы Нұрат Ілияс бірқатар оң өзгерістер бар екенін айтты.

- Саммит оныншы рет ұйымдастырылып жатыр. Осы жиында оң өзгерістер де, кері жағы да бар. Бізде 2021 жылғы саммитте бірқатар ұсыныс болды. Соның арқасында әскер жағынан өзгерістер бар. Қазақстан Президенті Тоқаевтың 2022 жылы 10 мамырда Түркияға жасаған ресми сапарында дрон зауыты құрылысын талқылаумен болды. Бізде дрон өндірісі бойынша жақсы жаңалықтар болады,- деді саясаттанушы.

Соңғы жылдары дрондар болашақтың қаруы деп аталып келеді. Қазақстанда 2024 жылы Түркияның ANKA ұшқышсыз ұшатын аппараттарын шығару жоспарланып отырғанын еске саламыз.

- Саммиттегі талқылау аясында тауар өндірісі Түркі халықтарының ішінде  12 пайызға артты. Қазақ пен өзбектің, түрікменнің саудасы жүрді. Дегенмен экономикаға қатты әсер ететін – Ресей мен Қытай ,- дейді саясаттанушы Нұрат Ілияс.

РЕСЕЙ МЕН ҚЫТАЙ ФАКТОРЫ

Саясаттанушы Серік Белгібай да Түркі мемлекеттері ұйымында Түркияның аты ілтипатпен аталғанымен, Ресей мен Қытай факторын жоққа шығаруға болмайтынан айтады.

- Қарапайым тілмен айтқанда, аймақтағы елдер не шикізатпен, не қытайлық тауарлармен сауда жасайды. Негізгі кіріс шикізат пен жұмыс күшін экспорттаудан түседі. Олар жалпы алғанда тек шикізат бағасына және Ресейдің еңбек нарығына тәуелді. Экономикалардың мұндай құрылымымен интеграцияның мүмкіндіктері туралы сөз қозғау, әрине, мүмкін емес,- дейді ол.

Серік Белгібайдың айтуынша, түркі елдерінің төртеуі орналасқан Орталық Азия аймағындағы елдер бытыраңқы, сондықтан біртұтас күш бола алмай келеді.

- Біздің аймақ өз бетінше билік ете алмайтындықтан, біз үшін сыртқы күштер шешім қабылдайды. Бұл – Ресей мен Қытай. Ресей мен Қытай өткізген саммиттерде қабылданған шешімдер шынымен де аймақтың болашағына әсер етеді. Бірақ бұл шешімдер Мәскеу мен Пекинде қабылданады. Ал аймақтағы елдердің басшылары қысым мен көндіру нәтижесінде олармен келіседі. Бұған мысалдар жеткілікті. Мәселен, бізді Ресейдің экономикалық орбитасына тартып, аймақ елдерін мүлде қолайсыз жағдайға түсірген Еуразия экономикалық одағы оған мүше елдердегі бағаның өсуіне, Ресейге тәуелділіктің артуына әкеліп отыр. Ал қауіпсіздік жағынан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы тұр. Түркі мемлекттері ұйымындағы атом электр станциялары құрылысы, Ресей және Қытай компанияларының біздің саланың стратегиялық секторларына енуі, Ресеймен «Газдық одақ», «Белдеу мен жол» аясындағы қытайлық жобалар – мұның бәрі түркі елдерінің ішінде емес, сыртынан шешім қабылданатынын көрсететін мысалдар, - дейді саясаттанушы.

Серік Белгібайдың айтуынша, Түркі мемлекттері ұйымында өзара жақын, шынайы ортақ саясаты бар екі түркі елі бар. Бұл – Түркия мен Әзірбайжан.

- Орталық Азия елдері айтып-айтпай не керек, Ресей мен Қытайға тәуелді. Ал мұның объективті себептері көп, - дейді саясаттанушы Серік Белгібай.

Мұндайда Түркі саммиті өте салып, Қытайға жөнеп берген Қазақстан Премьер-министрінің сапары назарға ілінбей қалды деп айту қиын. Ал келесі аптада Ресей басшысы Қазақстанға сапарлап келуі мүмкін.

 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер