Жайлы мектеп. Министр жаңа мектептің ашылуына қатысты

1536
Adyrna.kz Telegram
Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

ҚР Білім министрі Павлодар облысында жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баянауыл ауданы, Қаражар ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Білім ордасының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Білім министрі Ғани Бейсембаев, Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов, ауыл тұрғындары мен оқушылар қатысты.

Білім министрі Ғани Бейсембаев мемлекет тарапынан мұғалімдердің мәртебесін көтеру, инфрақұрылымды дамыту, жайлы және қауіпсіз мектептер бойынша барлық міндеттемелер орындалып жатқанын атап өтті.

“Тек 1 қазанға дейін республика бойынша 78 мың 500 орындық 77 жаңа мектеп ашылды. Бұл көрсеткішті 132 мың жаңа оқу орынға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, бұл 12 апатты және 29 үш ауысымдық мектептің мәселелерін, сондай-ақ 113 елді мекендегі оқушылар орнының тапшылығын шешеді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 740 мың орындық 369 мектептің құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл мәселені шешуде бизнес өкілдері де қалыс қалмағаны қуантады», - деді еліміздің бас ұстазы Бейсембаев.

Ашылу салтанаты өткен бұл ғимарат 1958 жылы салынған тозығы жеткен тоғыз жылдық мектептің орнына салынған екен.

Ол 100 орынға есептелген мектептің құны 650 миллион теңге.

Екі қабатты ғимаратта асхана, конференц-зал, IT сыныбы сынды 11 оқу кабинеті бар.

Бүгінде Қаражар орта мектебінде қазір 72 бала білім алуда.

Пікірлер