Париж-экспресс. Месье Макрон Сарыарқа мен Самарқанда не істеп жүр?

2116
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

1 қараша күні Франция президенті Эмманюэль Макрон Астанаға ресми сапармен келген болатын. Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Оның Орталық Азия сапары Астанадан кейін Самарқанда жалғасты.

Тәуелсіздік жылдарында Франция президенттері Қазақстанда үш рет төбе көрсеткен. Алғаш 1993 жылы Францияның 21-ші президенті Франсуа Миттеран, 2009 жылы 23-ші президенті Николя Саркози және 2014 жылы 24-ші президенті Франсуа Олланд Қазақстанда қонақ болды. Енді, міне араға он жыл салып француз елінің 25-ші басшысы Эмманюэль Макрон Астанаға келді.

Жалпы, Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы басты экономикалық әріптесі, ал Франция Қазақстан экономикасының жетекші инвесторларының бірі. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2023 жылғы қаңтар-тамыз айында екі ел арасындағы сауда айналымы 2,7 млрд долларды құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,1 пайызға көп. Қазақстан Еуропа еліне, негізінен, мұнай, уран, титан және сутек экспорттайды.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, Франция президенті сияқты жоғары лауазымды тұлғалар елімізге жайдан жай келмейді. Осы тұста «Адырна» тілшісі саясаттанушымен сұхбаттасып көрді.

- Саяси сарапшы ретінде Макронның Орталық Азия сапарынан не күттіңіз, қазір не көріп тұрсыз?

- Былайша айтқанда Макронға біз керек болып тұрмыз. Қазақстанның Макронға қарағанда мүддесі көп. Өйткені, Франция бұған дейін атом станцияларына қажетті уранды Африкадан, Нигер мемлекетінен сатып алып келді. Себебі атом энергетикасы саласында Франция да жетекші ел саналады. Қазір ол жақпен байланыс тоқтап, жаңа өндіруші іздеуге мәжбүр. Сондықтан Францияның бізге келудегі басты мақсаты бізден уранды көптеп сатып алу. Франция бізге қызығып жатыр, салыстырғанда олардың біздегі мүддесі көбірек.

- Қазір президент Макрон Орталық Азия сапарында жүр. Кеше Қазақстанда болды, бүгінгі сапары Өзбекстанда жалғасуда. Оның аймаққа сапарын Қазақстаннан бастау себебі неде?

– Жаңа айттым ғой, Франция үшін Қазақстан маңызды. Әрине, уранның арқасында. Негізгі себеп сол болып тұр. Экономика жағынан Қазақстанның Франциямен қарым-қатынасы жаман емес. Мысалы, бұған дейін Қазақстанның бұрыннан біріккен КАСКО деген өнеркәсіп бар. Түркістан облысында уран алатын біріккен кәсіпорын.

Францияның Өзбекстанмен де белгілі бір мүддесі бар. Жалпы Орталық Азия мемлекеттерінің әлемде жеке орны бар. Мысалы, биыл мамыр айынан бастап Мәскеуде кездесу болды, Қытайда да мемлекет басшылары бас қосты. Бір ай бұрын Америкада президент Байден Орталық Азия басшыларымен кездесті. Одан кейін Орталық Азия басшылары Германияға барып келді. Енді міне, Франция өз кезегімен Орталық Азияға келіп отыр.

- Еуродержавалар басшыларының Орталық Азияға сапарлауы – сирек оқиға. Осы сапардың нақты үш себебін атап өтсеңіз.

- Біріншісі – экономика. Франция бізден мұнайды да сатып алады. Екіншісі – Орталық Азия халықаралық қарым-қатынасқа тиімді. Үшіншісі – қазір Батыс пен Шығыстың арасында тартыс болып жатыр. Дәл айта алмаймын, бірақ мүмкін. Біз арқылы Ресей мен Қытайға өту жолын іздеп жатқан көрінеді.

-Ол осы сапарындағы келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланысты дамыту жолдарын да табуға тырысып - Қазақстан мен Өзбекстан Франциямен қатынаста қандай мәселеден ұтылмауы керек, неден есе жібермеуі керек деп ойлайсыз?

- Өзбекстан туралы айта алмаймын. Бірақ Қазақстан бұрыннан Франциямен қатынасты нығайту керек еді. Бірақ ол істелген жоқ. Мысалы, Астанада ЛРТ деген «пәле» бар ғой. Біз соны Франциядан бастадық қой. Бірақ онымен келісімді қоймай, басқаны таңдадық. Енді Франция бүкіл әлемде, әсіресе ЛРТ, теміржол жағынан дамыған мемлекет. Сонымен қарым-қатынасты нығайту үшін ауылшаруашылық болмаса теміржол жағынан жұмыс істеуге болар еді. Бірақ біздікілер оған мән берген жоқ...

- Әңгімеңізге рахмет!

Динара Боранбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер