Премьер қарсы алған Макронды Президент шығарып салды

1390
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапары аяқталған Франция Президенті Эмманюэль Макронды әуежайдан құрметтеп шығарып салды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әуежайға бармас бұрын екі ел президенттері «Этноауыл» көрмесін тамашалады. Франция Президентінің Қазақстанға ресми сапарына орай қазақ халқының бай мәдени мұрасымен таныстыратын «Этноауыл» арнайы көрмесі ұйымдастырылды.

Мемлекеттер басшылары бастаған делегацияны көрме алаңында Жас көрермендер театрының әртістері мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі ән шашумен қарсы алды.

Франциядан келген жоғары мәртебелі меймандар жеміс-жидекпен безендірілген «Көк базарды», қолөнер бұйымдарын және қазақ суретшілерінің картиналарын, сондай-ақ отандық дизайнерлер әзірлеген ұлттық сән үлгілерінің дефилесін тамашалады.

Сонымен қатар шетелдік қонақтарға Ұлттық музей қорындағы экспонаттардан («Алтын адам», «Берел жылқысы», «Сармат көсемі», «Қыпшақ жауынгері» т.б) жасақталған «Ұлы дала алтыны» экспозициясы, Ықылас Дүкенұлы атындағы мұражайдағы ұлттық музыкалық аспаптар таныстырылды.

Этноауыл аумағында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронға балуандарымыз қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін, жас жеткіншектер асық ойынын, ал саятшылар мен құсбегілер  тазы иттері мен қыран құстарын көрсетіп, халқымыздың аңшылық дәстүрі туралы әңгімелеп берді.

«Этноауылды» аралау барысында қонақтарға «Қазақ күресі» ұлттық күресінен және «асық ату» ойынынан көрсетілім қойылымдары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, тазы иттері мен жыртқыш құстардың мүмкіндіктері көрсетілді.

Көрмеден кейін Тоқаев Макронды әуежайдан шығарып салды.

Қазақстан сапарынан кейін Макрон Өзбекстанға барған. Ол Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевпен бірге Самарқанд түнімен серуендеп қайтқан.

Екі ел басшылары ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Регистан сәулет ансамблін аралады.

Естеріңізге сала кетейік,  Эмманюэль Макрон сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша келіссөздер жүргізіп, халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Оны елорда әуежайында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов қарсы алған еді.

Пікірлер