Миллиардтаған қаржы бөлінген “Түркістан-Шығыс айналма жолы” неге орындалмады?-Қазыбек Иса

2236
Adyrna.kz Telegram

Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасы қаралды.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевқа бюджеттен миллиардттар бөлінген «Түркістан қаласының Шығыс айналма жолының құрылысы» жобасы неге орындалмағаны туралы сұрады.

Қазыбек Иса Көлік министрі Марат Кәрімжанұлына сауалын қойды. 

“Бюджет - халық қазынасы, сондықтан оның әр теңгесі орынды жұмсалып, дұрыс игерілуі тиіс. “Ақ жол” фракциясы  бұған дейін бір ай бұрын «Жол саласындағы жолға қойылған жемқорлық»  атты депутаттық сауалымызда еліміз үшін аса маңызды жолдардың қаншама жылдардан бері бітпей жатқанын өткір сынаған едік. Ал жоғары аудиторлық палата да өз қорытындысында қаржыландыру бола тұра, жол салу жөніндегі жобалардың іске асырылу мерзімдері кешіктірілетіні және бірнеше рет ауыстырылатыны жөнінде атап өтті. Бұған айқын мысал ретінде «Түркістан қаласының Шығыс айналма жолының құрылысы» жобасын айтуға болады.

Жобаны іске асыру туралы шешім 2020 жылы қабылданды және оған 2022 жылы бюджеттен 4,4 млрд. теңге бөлініп, ол толық көлемде игерілмеді. 2023 жылы тағы да бюджетке 5 млрд. теңге көлемінде қаражат енгізілді, бірақ ол да пайдаланылмай қалды.

Яғни, 10 млрд-қа жуық теңге игерілмей қалған. Ал басқа қаншама маңызды жобаларға ақша жетпей жатыр. Сонда игере алмасаңыздар, істей алмасаңыздар жыл сайын ол миллиардтарды несіне бюджеттен бөлдіріп жатсыздар?!”, деді депутат. 

Сондай-ақ, Қазыбек Иса  қаржылар бөлінерде бұған қызметі өте қымбат сараптама және жобалау-сметалық құжаттамаға миллиондаған қаражат жұмсалатынын, алайда бұл құжаттардың бүгінгі күнге ескіргендіктен, оларға кезінде жұмсалған миллиондар далаға кеткені анық екенін айтып, бірнеше сауал жолдады:

1. Неліктен бұл жоба орындалмай қалды?

2. Сметалық құжаттаманы дайындауға қанша шығын кетті?

3. Сіздің министрліктегі лауазымды адамдардан жауапкершілікке тартылып,  жаза қолданылғандар бар ма? Жоқ, сіздерде миллиардтардың игерілмей қала беруі күнделікті әдеттегі жағдай ма?

Ал Көлік министрі Марат Қарабаев айналма жол жобалық-сметалық құжаттарына 2020 жылы Түркістан облысы бюджеті есебінен 67 млн. теңге және 29 млрд. теңге құрайтын 30 шақырымды, 4 жолақты жолды құру бойынша жоба әзірленгенін айтта кетті. 

“2022 жылдан бастап облыстың өз бюджеті жетпеген соң Министрлікке берілді. Осыған Республикалық бюджеттен ақша бөлінбеді, бірақ Дүниежүзілік Банкі қаржыландырып жатқан Алматы-Қорғас жобасынан үнемделген қаражат есібінен 2,9 млрд. теңге 2022 жылға, 5 млрд. теңге қосымша 2023 жылға бөлінді.

Дүниежүзілік Банкі өз есебінен конкурс жариялады және конкурсқа қатысқан әлеуетті мердігер компаниялар жобаны 29 млрд. теңге емес, одан көп, яғни 30 млрд. теңгеден көп қаржыға іске асыру туралы ұсыныс берді. Нәтижесінде жарияланған конкурс өтпеді деп табылды да, мердігер жеңізпаз компания айқындалмады.

Бөлінген, қаражатты тиімді игеру мақсатында ол қаржы қазір жүріп жатқан Балқаш-Бурылбайтал жобасына бөлінді және ол жоба биыл 120 шақырым толығымен іске қосылды”, деді министр.

Одан бөлек, ол Түркістан айналма жолына биыл жоба қайта қарастырылатынын және оның қаржыландыру көздері айқындалып, келесі жылға 14 млрд. теңге қаржы тартылатынын атап өтті.

Пікірлер