Home » Айдарлар » Әдебиет » Ершат Қайболдин. МЕН ҚЫЗ ІЗДЕЙМІН…

Ершат Қайболдин. МЕН ҚЫЗ ІЗДЕЙМІН…

 

МЕН ҚЫЗ ІЗДЕЙМІН…

Үзіліп-ақ тұратын сызылып-ақ,
Иманды болу керек жүзі бірақ.
Бойынан ойы биік болса деймін,
Тілі қысқа, етегі ұзынырақ.

Мен қыз іздеймін…
Көп көзіне түсуге ұялатын,
Мені ғана жүрекпен сүйе алатын.
Әке-шешем мақтанып қонағына,
“Мынау менің келінім” дей алатын.

Мен қыз іздеймін…
Әңгіменің айтатын шын-айқынын,
Жындылау мінезіме шыдайтұғын.
Мені біреу жамандап отырғанын,
Естіп қалса еңкілдеп жылайтұғын.

Мен қыз іздеймін…
Біреудің байлығына қарамайтын,
Мендегі бар нәрсені бағалайтын.
“Ерім ғой” деп алдымда бас иетін,
Өзін менен ақылды санамайтын.

Мен қыз іздеймін…
Жүректе Алла, аузында тәубасы бар,
Араласа бермейтін дауға шұбар.
Жоқ нәрсені іздеу де қиын екен,
Бірақ, бар да шығар…

***

ӨМІР-АЙ

Арланып, намыстанып, айбарланғам,
Не таптым тоқал үйге байланғаннан?!
Өмір-ай, жоқшылықтан жалықтым мен,
Байлар да жалықса ғой бай болғаннан.

Жалғыз-ақ шапаным бар, жыртық ол да…
Жыртығымды жамасам құлпырам ба?
Тиын-тебендерімнен теңге құрап,
Қағаз ақша ұстайтын күн туар ма?!

Өмір-ай, сені бір сәт жақтырайын,
Бере салсаң қайтеді бақты дайын?!
Құрығанда басыма бөрік берші,
Қуанғанда аспанға лақтырайын.

Өмір, сипамасаң да кекілімнен,
Аулақпын күпір сөйлеп, лепіруден.
Байлардай алшаң басып жүре берем,
Қарызға сатып алған етігіммен.

Өмір-ай, менің сенде жұмысым не?
Керек емес алтын да, күмісің де.
Бай болмаған жақсы қой, ұйқым тыныш,
Ұрылар түспейді үйге түн ішінде…

***

ҚАЙРАН БАЛАЛЫҚ

Кез қайда асық атып, ләңгі ойнаған,
Доп теуіп, тезек теріп, арба айдаған.
Апырай, түсінбеймін… осы неге
Мәңгілік бала болып қалмайды адам?
Есейген қандай жаман?

Парталас құрбы қайда сыныптағы,
Дос қайда шұрық-тесік шұлықтары?
Солармен асыр салып ойнар едім,
Алдымнан бір шықса ғой күліп тағы.
Кетті ғой құрып бәрі.

Кеше мен ғашық болған сұлу қайда,
Оған енді басқалар қырындай ма?
Ол ару маған қайтып жолықпай ма,
Ол үшін бақшадан гүл жұлынбай ма?
Ол кездер бұрылмай ма?!

Көршім қайда бір нанды бөліп жеген?
Дастарханда шырқайтын көңілді өлең.
Есігін қақпай кіріп тар үйінің,
Отыратын едім ғой төрін де мен.
Өтті ғой өмір деген.

Ал қазір сол қызықтың қайда бәрі?
Ішімді өртеп барады қайғы алауы.
Сағынады адамдар өткен шағын,
Қазіргі түрін көрсе айнадағы.
Бәрі-бәрі келмеске айналады.

***

СӘБИ БОЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ

Жетім көрсем жылаймын кейде өкіріп,
Шындығымды біреулер дейді өтірік!
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
Жүкті болған сұлуға үйде отырып.

Жетім көрсем батамын құса-мұңға,
Құса-мұңды құрықтап, тұсадым ба?
Сәби болғым келмейді, саби болғым,
Күйеуі жоқ әйелдің құшағында.

Жетім көрсем шымырлар шекем-денем,
Неге одан да шекемнің еті өлмеген?!
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
Балалардың үйлерін мекендеген!

Жетім көрсем жабығып жеке қалам,
Болмаса деп тілеймін көкек анам.
Сәби болғым келмейді, сәби болғым,
Шетел асып кететін шекарадан.

Жетім көрсем қанжылап бірден ішім,
Алға баспай қояды мүлдем ісім.
Бірақ, кейде келеді сәби болғым,
Жетімдіктің не екенін білмеу үшін.

***

ЖАУЛАРЫМА НЕМЕСЕ ДОСТАРЫМА

Дүниеге келмей – қайда келесің?
Өмірдің ұқтым майдан-егесін!
Достың алдында ақ адал болсаң,
Дұшпаныңнан да пайда көресің.

Сорлы басыма бақ та қонады,
Тастай көңілім мақта болады.
Бір жауым мені даттаған кезде,
Көп досым мені ақтап алады.

Жеңсем деп дұшпан мұрат қылады,
Жүзеге аспас бірақ бұлары.
Бір жауым мені күлкі қылғанда,
Мен үшін көп дос жылап тұрады.

Дұшпанға деген кетер бұл өкпе,
Достардың сөзі жетер жүрекке.
Бір жауым мені жер қылған кезде,
Көп досым мені көтерді көкке.

Жауым мен досым – пілдей тірегім,
Екеуіне де бірдей тілегім…
Бір жауым менің болмаса егер,
Көп досым барын білмейтін едім.

***

БІР КЕЛІНШЕК…

Жанары жәудіреген, тым көңілшек,
Қойғандай тағдырына мұңлы өмір шек.
Кейде біздің көшеде серуендеп,
Жүреді бір балалы бір келіншек.

Анасы ойнатып жүр бар асылын,
Мұң басқан жанарының қарашығын.
Күйеуі қайда екен бұл әйелдің,
Әкесі қайда екен баласының?

Түсті ме әлдеқандай сәт есіне?
Келіншек налығандай қатесіне…
Баласы шешесіне ұқсамайды,
Шамасы, тартқан шығар әкесіне.

Қасқайып тұрған анау мұнара тік,
Әйелге әсер етпес бұл ара түк.
Қасына серігі еріп жүрмегесін,
Басына қонбаған ғой сірә, бақыт.

Жүйкесін жұқартқасын қайғы шала,
Арманы адамдардың айға ұша ма?
Аймалап айдарлы ұлын отырады,
Ай жарығы түскенше байғұс ана.

Туа ма әлгі әйелге көңілді күн,
Сыйлайды оған бақытты өмірді кім?!
Тағы жылжып барады жалғыз аққу,
Соңынан ертіп алып көгілдірін.

Сезімі гүлдей солып ерте өлмеске,
Сыңар болған жөн шығар тең-теңдеске.
Балапанын ерткен жалғыз аққу,
Жұбын тауып келсе екен ертең кешке…

***

АҚЫНДАР ӨЛУ КЕРЕКПЕ?

Дөкейлер – бәрін кеш ұғатындар,
Соларға жүрмiн күлiп өзiм де.
“Елім” деп өткен есiл ақындар,
Ескерiлмедi-ау тiрi кезiнде.

Бүлiк шығарып бұқара қилы,
Талай ақынның езiлген ары.
Мұзбалақ ақын Мұқағалиды,
Мұқатып едi кезiнде бәрi.

Арыстан болып жаным ақырды,
Көңiлiм құрығыр алаңдай бердi.
Таудай талант Табыл ақынды,
Іздеген адам таба алмайды ендi.

Тiрi кезiн де Оразалыны,
Қайсысың қашан тағылым қылдың?
Қара жамылып жаназа күнi,
Қабiрiн қазып, қадiрiн бiлдiң!

Сабырмен қарап – ашулы екпiнге,
Жайықта көндi сұмдыққа бүгiн.
Асығыс кеткен Асылбектiң де,
Асықпай жүрiп бiлдiк қадiрiн.

Фәниден кетсе шын дарын өтiп,
Өмiрге қайтып келтiрмейсiңдер.
Өлмейтiн өлең-жырларын оқып,
Өлермен болып еңкiлдейсiңдер.

Өмiрге келу – өлгеннен қиын!
Тiрi кезiмде көкидi көкем.
Мен өлсем көрге көмгеннен кейiн,
Жырымды бiреу оқиды ма екен?

Жақтырмас ақын жағыну iсiн,
Қарсы емес бiрақ сенуге көпке.
Тарихта ақын қалуы үшiн,
Мiндеттi түрде өлу керек пе?

***

ЖЫЛАМАЙ ЖҮРЕМ

Күтетін едік таңдардан арай,
Бірге болмадық жалғанда қалай?
Біздің махаббат аяқталды ғой,
Жарты сағаттық бағдарламадай!

Есім ауады елес күндерге,
Ерегеспеймін мен ешкіммен де.
Менсіз де жаным бақытты екенсің,
Сенсіз де сорлы емеспін менде.

Екеумізге бақ келмеді несін?
Өмірдің алдық берген үлесін!
Біздегі сезім алдамшы екенін,
Мен де білемін, сен де білесің.

Хәліңді сенің сұрамай білем,
Дертіме дауа сірә, қайбір ем?
Жас болсаң менің жанарымдағы,
Жоғалтпас үшін жыламай жүрем!

Мен кімге, неге жаһұт теремін?
Тежегіші жоқ уақыт – кеменің!
Өмір дегенің өткінші екен ғой,
Алдамшы екен ғой бақыт дегенің.

***

СЕН. МЕН. БІЗ.

Сен кеттің бе, мен кеттім бе, кеттік пе,
Жететұғын жерімізге жеттік пе?
Енді сені сағынышпен күтпеймін,
Сенде мені оралады деп күтпе.
Махаббатқа қояиықшы көп нүкте…

Сен кімгесің, мен кімгемін, кімгеміз?
Бұл дүние бірде – көктем, бірде – күз.
Сірә, жаным, сен – көктемсің, мен – күзбін,
Бірге бола алмаймыз-ау мүлде біз.

Сен күрсіндің, мен күрсіндім, күрсіндік,
Екі жүрек күрсінгені – бір сұмдық.
Бақыттан бас тартпаймыз деп құлшындық,
Біз бақытты бола алмадық бұл шындық.

Сен басқасың, мен басқамын, басқамыз,
Әуел баста жолықтық-ау босқа біз.
Сені ойлап жүрегіммен жыр жаздым,
Мені ойлап жанарыңнан жас тамыз!

Сен амансың, мен аманмын, аманбыз,
Аман болсақ бір кездесіп қалармыз.
Болар-болмас махаббатқа адалмыз,
Бақытымыз болса іздеп табармыз.
Хош бол, жақсы… Жаман қыз!

***

ӨМІР. ӨЛЕҢ. ӨЛІМ.

Мен неге “өлім” жайлы жаза берем?
“Өлім” маған сияқты ғажап өлең!
Ажал айтпай келетін болғасын ба?
Қабірімді қаламмен қаза берем!

Білмеймін, көп пе әлде аз ба шерім?
Шерімнің шертіп жүрмін назды әсерін.
Мәңгі өмір сүруге жаратылсам,
“Өлім” жайлы өлсем де жазбас едім!

Тірілер аспанға атсын бөркін мейлі,
Өлгенде – о дүниені төркіндейді.
Өмір мені бір күні өлтіреді,
Өлең мені ешқашан өлтірмейді!

Қалам неге жазады нала-мұңды ой?
Еее, мен бірақ, өзімше данамын ғой.
Тірі кезде жазбасам “өлім” жайлы,
Өлген кезде жаза алмай қаламын ғой!

Ей, бай-кедей, арықтар, мес қарындар,
Дайын болсын “бес парыз – бес қарулар”.
О, дүние де тағы бір өмір бар ғой,
Өлмей тұрып “өлімді” еске алыңдар!

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Джон Стейнбек Махаббат хақында

1958жылы Америка жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Джон Стейнбек үлкен ұлынан хат алады. Жасөспірім баласы хатында ...