Торт әкімді пышақтады ма?

1934
Adyrna.kz Telegram

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров таңғы бесте торт кесіп жатып, пышақ абайсызда кеудесіне кіріп кеткен деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей ескен болатын.  Алмас Айдаровтың жараланып қалғаны жөніндегі ақпарат Қарағанды қалалық полиция бөліміне 26 мамыр күні сағат 05.30-да түскен.
Шенеуніктің  берген түсініктемесі бойынша, ол торт кесіп жатқанда қолы тайып кетіп, кеудесінің сол жақ тұсын пышақпен жарақаттап алған екен. Тәртіп сақшыларының айтуынша, облыс әкімінің орынбасары ешкімге кінә артпаған, қандай да бір арыз-шағым жазудан бас тартқан.

Оқыс оқиға туралы А.Айдаровтың өзі фейсбук желісіндегі парақшасында мынадай жазба қалдырды:

«Достар, менің денсаулығым туралы ақпаратқа байланысты көптеген қоңыраулар түсіп жатыр. Уайымдағандарыңызға рахмет! Менде бәрі жақсы – кәдімгі үйдегі жарақат. Кешке қарай байқамай кесіп алдым, түнде қанай берген соң, таң атқанын күтпестен жедел жәрдем шақыруға тура келді».

Облыс әкімінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда  Айдаровтың жағдайына алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін. қазір облыс әкімінің орынбасары жұмыста екенін хабарлады.

35 жастағы Алмас Айдаров 2017 жылдың 28 маусымынан бастап Қарағанды облысы әкімінің өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, индустрияландыру және инвестиция жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер